©
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел мешіттерінің ішкі тәртіп ережесін бекітті. Жыл аяғында өткен ғұламалар кеңесінің ХІV мәжілісінде бекітілген ережемен облыс орталығы тұрғындарын Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсенқажы Хаснияз таныстырды.
Жаңа ереже - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттердің ішкі тәртіп ережелерін анықтайтын негізгі нормативті акт болып табыла ма?
Ереже Қазақстан Республикасының «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңына, ҚР қолданыстағы басқа заңнамаларының нормаларына, еңбекті ұйымдастыру саласындағы нормативтік актілерге және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысына сәйкес жасақталған. Жалпы ережелер мешітке келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттерін анықтауды, діни сенім бостандығы құқығын қорғауды, діни мәселелерге қатысты мәселелерді реттеуді, халықтың мәдениеті мен рухани өмірін дамытуда ханафи мазхабының рөлін көтеріп, конфессияаралық келісім, діни төзімділік пен азаматтардың діни нанымдарын құрметтеуді негізге алады. Жаңа ереже бойынша мешіт қызметкерлерінің міндеттерін адал орындауға, ал, мешіт жамағаты ішкі тәртіпте қарастырылған барлық міндеттемелерге мойынсұнуға міндетті. Ереже - қажетті құжат. Бұрын мұндай құжат болған жоқ. Таяуда ғана жұма намазына жиналған ақтаулық жамағатқа жалпылама таныстырдық.
Мешітке келушінің негізгі құқықтары туралы айтып өтсеңіз?
Мешітке келуші жамағат құлшылық жасауға, Құран кәрім сүрелерін оқып діни сауатын ашуға, ғибадат, кітапхана бөлмелерін пайдалануға, мешітте өтетін діни және мәдени іс-шаралар дәрістер мен үйірмелерге қатысуға міндетті.
Ал, жамағаттың міндетіне не жатады?
Мешітке келушілер ҚР заңдары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жарғысы мен мешіт ережесін орындауға, ханафи мазхабына сай құлшылық жасауға, өзін әдепті ұстауға, уағыз барысында имамдардың айтқанын тыңдауға міндетті. Жаңа ережеде сондай-ақ, мешітте жасауға тиым салынатын әрекеттер көрсетілген. Жамағат өкілдеріне қоғам мүддесіне керағар пікірлер, ұлттық және діни алауыздық тудыратын әңгімелер айтып, дөрекі болуға, мешіт маңында заңсыз сауда-саттық жасауға тиым салынады.
Бүгінгі діни ахуал туралы не айтасыз?
Бұрынғыдай емес, қазір билік өкілдері мен дін саласының қызметкерлері көкейтесті мәселелерге барынша көңіл бөліп, бірқатар жұмыстар жасалуда дер едім. Көпшіліктің діни сауаттылықтықты арттыру, жастарға дін мен дәстүрдің ажырамас үйлесімділігі мен құстың қос қанатындай қағидатын түсіндіру қолға алынуда. Өткен жылы имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында ел орталықтарынан теологтар арнайы шақырылып, семинарлар өткізілді. Дін мәселесі өте күрделі болғандықтан, әпербақан емес, жастардың сауатын ашып, оларға исламның ақ жолын диструктивтік ағымдардың күшіне төтеп бере алатындай етіп түсіндіру оңай шаруа емес. Дегенмен, 2016 жылы бұл салада біршама игі жұмыстар жасалды деп есептеймін. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде масхабқа қатысты мәселе жоқ. Жамағаттың ішіндегі абзал ақсақалдар, ұстаздар мен қасиетті Құранды жатқа оқитын қарилар жұмыс істеуде. Түйгеніміз- жаппай молда болу шарт емес, бірақ, барша жұрт өз діні мен дәстүрін білуі тиіс. Асыл дініміз туралы анық мағлұматы бар адам басқа ағымның жетегінде жаман жолға түспейді.
Имамдар жеткілікті ме?
Шынын айту керек, мамандар жеткілікті емес. Бірақ, қазір 30-40 маңғыстаулық жастың арнайы медреселер мен жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын ескерсек, алдағы 5-6 жылда бұл мәселе шешіледі деп сенемін. Бір айта кетерлігі, 13 шағынаудан орналасқан Ақтау қалалық Бекет ата мешітіне жамағат сыймай жатыр. Бұрындары мешітке адамды қалай толтырамыз дейтінбіз, қазір жамағатты қайда сыйдырамыз дейміз. Қазіргі мешіт ғимаратына 1 мыңдай адам сияды. Бірақ, жұма намазы кезінде халық саны артып, сыймай кетеді. Осыған орай, мешіт үйі жанынан 2 мың орындық жаңа ғимарат салу қажеттілігі туындап отыр.
Жастардың дінге деген бетбұрысы қандай?
Бүгінгі өскелең ұрпақтың исламға деген ниеті түзу. Ал, дәстүрлі дінін түсінетін және оны құрметтейтін ұрпақты өзіміз тәрбиелеуіміз керек. Бұл қиын да маңызды шаруа – тек дін қызметкерлерінің ғана емес, жалпы қоғамның міндеті деп білемін. Соңғы кездері орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар мен лаңкестік оқиғалардың барлығы түсінбеушіліктен болып жатыр. Жастарға басқа жақтан дін іздеудің қажеті жоқ екендігін айтқым келеді. Өз жеріміздегі мешіттерде барлық ілім-білім бар. Мешіттердің есіктері тәулігіне 24 сағат ашық.
Сұхбатыңызға рахмет! Еліміз аман, жастарымыз иманды болғай!
Анар ШАМШАДИНОВА