©
«112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің нөмірі Маңғыстау облысында 2009 жылдан бастап қызмет жасауда. Жыл сайын қоңырау шалушылардың саны артып келеді. Бір жыл ішінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне 100 мыңнан астам қоңырау келіп түседі, алайда оның 90%-ы - «112» қызметіне қатысы жоқ қоңыраулар, ішінде жалған шақырулар да болады. 2016 жылы да 100 мыңнан астам төтенше жағдайға қатысы жоқ қоңырау келіп түсті: ұялы телефондарды тексеру, балалардың ойнауы, анықтамалық ақпаратты сұрау және жалған хабарламалар.
Осыған байланысты Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды «112» біріңғай кезекшілік қызметінің жұмысына түсінушілікпен қарауын сұрайды. Өйткені, аталған қызметтің жұмысы - адам өмірін сақтау мен денсаулығына қауіп-қатер төнген адамдарға жәрдем көрсету.
Есіңізде болсын, жалған шақырулар заңмен жазаланады!
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 438- бабына сәйкес, арнайы қызметтерді жалған шақырғаны үшін әкімшілік айыппұл көзделгенін атап кету қажет:
-мемлекеттік өртке қарсы қызметін, полиция органдарын, жедел жәрдем, авариялық қызметтерін жалған шақырғаны үшін жеке тұлғаларға отыз айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
-осы баптың бірінші бөлімінде қарастырылған іс-әрекеттер, бір жылдың ішінде әкімшілік жаза салынғаннан кейін қайталанса немесе өрт, зілзала, апатты жою кезінде болса – жеке тұлғаларға алпыс айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
-осы баптың бірінші және екінші бөлімінде қарастырылған, он төрт пен он алты жас аралығында кәмелетке толмаған тұлғалар жасаған іс-әрекеттерге ескерту немесе ата-ана немесе оларды алмастыратын тұлғаларға он бес айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Ал терроризм акті дайындалып жатқандығы туралы жалған ақпарат үшін 2014 жылдың 3 шілдесіндегі №226-V «Терроризм акті бойынша жалған ақпарат» Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес алты жылға дейін бас бостандығынан айырылумен жазаланады.
Естеріңізде сақтаңыздар, «112» қызметіне ойнап шалынған қоңырау біреуге материалдық мүлікті, денсаулықты және ең басты құндылық - адам өмірін жоғалтуға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ