©
Қайырымдылық істерге ұйытқы болып жүрген жігіттер жөнінде жыл ортасында қуана да жазғанбыз. «Түпқараған жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерінен құралған ауданымыздың азамат жігіттері аудан тұрғындарына көмек көрсетуді жақсы әдетке айналдырыпты. Бастамашыл жігіттер бұл жолы да Мәуліт мерекесінде екі қой алып, бірін азық-түлігімен жағдайсыз отбасындағы қаза қазанын көтеруге көмектессе, бірін жіліктеп 8 отбасыға таратып берді.
Қала басындағы Аташ,Баутин ауылдарынан барлығы 8 баланы қыстық киімдермен қамтып, жып-жылы етіп киіндірді. "Жасасаң жасқылықты балаға жаса! " деп бекер айтылмаған, жаңа киім кигендегі бала қуанышын көрсеңіз. Біз әдейіге олардың атын атап, сөзге тартпадық. Этика деген ұғымның аясынан алыстамай, балақайларға "үстіңде тозсын!" деумен шектелдік. Бала қуанышы көздерінде ойнап, жаңа киімге қуанғандарын жасырар емес. Ағаларына да алғысын жаудырды. Өзімізде ата-анамыз бір баланың бір күртесі он мың теңгеңді ойып кетсе, етік, шалбар, телпек тағы керегің келесі айлықтан кезек күтеді. Көп балалы әрі аз қамтылған отбасылардың балаларын жаңа жыл алдында қуанышқа бөлеген белсенділер айлық табыстарынан көмек беруді осымен бірнеше рет ұйымдастырып жүр екен.
Сонымен қатар, «Түпқараған жергілікті кәсіподағы» жігіттері ақшаны қажет еетіп отырған 4 отбасыға 30 мың теңгеден, 1 отбасыға 35 мың теңгеден, 2 отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Ұсақ-түйек, азғана мөлшерде де кейбір отбасыларға бөлініс жасаған екен. Оның бәрін тізбелеп жатуды жөн санамады.
Жақсылық пен жылылыққа, қайырым мен рақымға толы жүректі жігіттердің сауапты іске ұйытқы болып отырғаны өзге де ұжымдарға үлгі болса дейміз...
Азаматтық істі әдетке айналдырып, тұрақты қайырымдылық жасауды ұйымдастырып отырған жұмысшылардан құралған кәсіподақ мүшелері бұл істерін мақтаныш үшін емес міндетіміз деп есептейді. «Елім» деген ері бар елдің елінде жоқшылық ұзақ қонақтай алмасы анық.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="16874,16875"]