Маңғыстау облыс орталығы Ақтауда Президент шыршасы өтті. Жаңа жылдық шыршаға аймақ мектептерінің үздік оқушылары, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан барлығы 200 бала қатысты.
— Бүгін Маңғыстау облысында жылдағы дәстүр бойынша балаларға арналған жаңа жыл шыршасы өтіп жатыр. Шыршаның атауы «ЭКСПО-2017-жаңа жылдың алауы» деген тақырыпта ұйымдастырылды. Биыл облысымызда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген «25 жұлдызды» түрлі танымдық шараларға белсене қатысып, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жүлделі орындарды иеленген дарынды балалар да бүгінгі шараға қатысып отыр. Жалпы өңірде тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан 10 мыңға жуық бала бар. Бүгінгі мерекеде 200 баланың әрқайсысына 85 мың теңгеге лайықталған сыйлықтар табысталады. Түсті астан кейін балаларды облыстық тарихи-өлкетану мұражайына апарамыз, Тәуелсіздік мерекесіне орай ашылған бөлімдерді тамашалайды, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова.
Кеште қонақтардың көңілін Аяз ата, Ақшақар, маймыл, жыл иесі тауық кейпіндегі ертегі кейіпкерлері көтерді. Алдымен оқушылар қазақ және орыс тілдерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы жазылған бейнероликті тамашалады. Мұнан кейін жиналғандарды жаңа жылмен аймақ басшысы Алик Айдарбаев та арнайы құттықтады.
— Биылғы жыл еліміз үшін ерекше жыл болғанын білесіздер. Егемен еліміз биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтті. 25 жыл ішінде еліміз ең үздік 50 елдің қатарына қосылды. Сондықтан да Сіздер бақытты ұрпақсыздар. Бүгінгі таңда Сіздердің ең бірінші міндеттеріңіз-сабақты жақсы оқып, білімді, сауатты болып ержету, елдің дамуына үлес қосу. Әрдайым алға қойған арман-мақсаттарың орындалсын дегім келеді. Жаңа жылдарыңмен, қымбатты балалар! - деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Жаңа жылдық кеште ойындар ойнатылып, әндер шырқалды. Әрбір балаға Елбасының атынан сыйлықтар жиынтығы яғни, спорттық киімдер, қысқы тон, аяқ киім, планшет, тәтті сыйлықтар және үш тілде жазылған кітап табысталды.
— Мен бүгінгі шараға Қызылөзен ауылынан келдім. Президент шыршасына алғаш рет қатысып отырмын. Шараның ұйымдастырылуы маған қатты ұнады. Жалпы биылғы жыл мен үшін табысты болды. «Қызылөзен аулының өсімдіктері» тақырыбында ғылыми жобамды қорғап, аудандық, облыстық ғылыми жобадан жүлделі орынды иелендім. Болашақта биолог болуды армандаймын. Ол үшін сабақты жақсы оқитын боламын, - дейді 8-сынып оқушысы Фарида Тұрғанбаева.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ