Облыста «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында білім алып, жұмысқа орналасқан жастардың жұмыс орнымен танысу мақсатында пресс-тур ұйымдастырылды. Алдымен біз «Sky Silk» мекемесіне барып, мемлекеттік бағдарлама арқылы еңбекке араласқан мамандармен тілдестік.
Бүгінгі таңда аталмыш мекемеде 138 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарын «Жаңа серпін» бағдарламасы арқылы 5 жас маман толықтырған.
— Мекемеге 25 адамды мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа қабылдадық. Оның ішінде «Жаңа серпін» бағдарламасы арқылы бес адам жұмысқа орналасты. Олар инженер, кадр бөлімінің қызметкері, сату менеджері. Барлығы да Алматы қаласына барып, білімдерін толықтырып келді. Олардың жол шығынын, жату орнын «Жаңа серпін» бағдарламасының өкілдері көтерді. Жұмыссыз жүрген жастар үшін бұл бағдарлама өте қажет деп есептеймін. Әлі де бізге программист мамандар қажет, — дейді «Sky Silk» АҚ басқарма төрағасы Нұралы Әбдіхалықов.
Тұрақты жұмысы, жөнді табысы болмағандықтан Бейбіт Адылбекова жұмыс іздеп біраз сабылғанын айтады. Әлеуметтік желіден «Жаңа серпін» бағдарламасы жайында естіп, мамандардан кеңес алған. Кейін Алматы қаласына барып, екі апталық оқыту курсында білімін жетілдірген.
— Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Табысым да жақсы. Қараша айынан бастап «Sky Silk» мекемесінде жұмыс істеймін. Сондықтан да жұмыссыз жүрген жастарды бағдарламаға қатысып, тұрақты жұмыс табуға шақырамын. Көп жерлерде еңбек өтілімім болмағандықтан жұмысқа қабылдамады, - дейді 22 жастағы бойжеткен Бейбіт Адылбекова.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы «Айналайын» балаларды дамыту орталығы да 10 маманды жұмысқа қабылдады. Олар Мәскеу қаласында жоғары оқу орындарында монтессори, ментальды арифметика бойынша білім алып, біліктіліктерін арттырғандар.
— «Жаңа серпін» бағдарламасы жайында достарымнан естідім. Негізгі мамандығым мұғалім болғандықтан монтессори әдісі, ментальды арифметика бойынша Мәскеуде 1,5 ай білімімді жетілдіріп, осы орталыққа жұмысқа орналастым. Қосымша сенбі, жексенбі күндері Жетібай ауылында ментальды арифметикадан дәріс беремін. Ол жерде 25 баланы оқытамын. Ментальды арифметика дегеніміз-арнайы жүйе. Жүйені қолдану арқылы балалар кез-келген арифметикалық есептерді калькулятордан да бұрын өте тез ойша санай алады. Егер де бала өте тез есептерді ойша шығара алса, ол баланың бойында өз-өзіне деген сенімділік сияқты жақсы қасиеттер дарыған деген сөз. Жалпы бұған дейін Жетібайдағы мәдениет үйінде әдіскер болып, әр түрлі компанияларда жұмыс істедім. Тұрақты жұмысым болған жоқ. Сондықтан да Мәскеу қаласында оқып, білімімді жетілдіруге мүмкіндік сыйлаған бағдарламаны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, —дейді Рухия Қалдыбай.
"Айналайын" балаларды дамыту орталығының басшысы Гүлжанат Мұратбай келер жылы аймақта алғаш рет әлеуметтік қызметкерлерге методикалық, әдістемелік, психологиялық көмек көрсететін орталық ашып, кәсібін кеңейтпекші. Ол үшін орталық мамандарын Мәскеуде оқытқан.
— БҰҰ-ның өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және әлеуметтік қызметкерлерге методикалық, әдістемелік, психологиялық көмек көрсету үшін орталық ашу жайында жоба жасақталған болатын. Осы бағытта біз 1 млн.500 мың теңгеге орталықты жасақтадық. Ол жерде жұмыс жасайтын 4 маманды Мәскеудегі маңдайалды жоғары оқу орнында қашықтықтан оқыттық. Олар әлеуметтік қызметкер, сурдопедагог, дефектолог, балалар орталығының әдіскері секілді мамандар. Одан бөлек, «Жаңа серпін» бағдарламасы арқылы массажист және шипалы гимнастика тренері мамандықтары бойынша да Мәскеуде екі маманымыз оқып жатыр. Бұйыртса, алдағы жылы облыста да осындай мамандарды дайындайтын орталық ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Мұндай мамандар біздің өңірге ауадай қажет. Орталықта теориялық бағытта сабақ жүргізіледі, практика жүзінде де мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын боламыз. Яғни, балалардың да оңалуына орталық өз септігін тигізетін болады, - дейді «Айналайын» балаларды дамыту орталығының басшысы Гүлжанат Мұратбай.
«Жаңа серпін» бағдарламасы мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта осы уақытқа дейін 197 адам жұмысқа орналасқан болатын. Оның 135-і қайта даярлау курстарынан өткендер.
— Соңғы үш жылда облыста тұрақты түрде сақталып отырған мемлекеттік органдардағы кадр тапшылығы. Қазіргі таңда 500-ден аса бос мемлекеттік лауазымдар тіркелген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бағдарлама аясында биыл 60 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланған болатын. Қазан айында 15, қараша айында 16 маманды екі апталық оқумен қамтамасыз етіп, сертификаттарды табыстадық. Барлығы мемлекеттік қызметке дайын үміткерлер. Көбінесе әділет, статистика, кірістер департаменттеріне, қаржы басқармасында мамандарға сұраныс көп. Бүгінде үшінші тобымыз оқып жатыр, жыл аяғына дейін тағы 30 адам екі апталық курстан өтеді. Мамандарды Алматы қаласындағы құқықтық сауат ашу орталығының қызметкерлері оқытып, дайындауда. Әр маманды оқыту үшін 80 мың теңге қарастырылған. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Жалпы бағдарлама аясында кеңес алғандар саны-633 адам, — дейді «Жаңа серпін» КММ директорының орынбасары Нұрбек Сұлтан.
Бағдарламаны жүзеге асыру бағытында жергілікті қазынадан 75 млн. теңге қаржы бөлінген. Мемлекеттік қызметке маман дайындаудан бөлек жыл басынан бері 85 адам, оның ішінде 7 мүгедек те оқытылған.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН