Биылғы қараша айының 10-нан желтоқсанның 10-на дейін Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы ЖИТС-ке қарсы күрес науқанына арналған «Мен қолдаймын! #АИТВ-ның алдын-алу» деген ұранмен айлық жариялады.
Науқанның мақсаты–АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша алдын алу жұмысын жүргізу, халықтың білім деңгейін арттыру жолымен, Маңғыстау облысында жалпы халық арасында, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер және осал топтар арасында АИТВ инфекциясының таралу қарқынын азайту проблемасына қалың жұртшылықтың мүдделілігін арттыру, халыққа АИТВ/ЖИТС ауруының алдын алу үшін эмоциялық мәдениетін, әлеуметтік-құқықтық білімінің деңгейін арттыруды насихаттау, алдын алу шараларын барынша жандандыру.
1998 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1-желтоқсан Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес күні болып жарияланды. Бұл–жұртшылықты тарту арқылы осынау ауруға қарсы күреске назар аударту және жалпыға бірдей бірлесу күні. Қазақстан қалыптасып отырған жағдайға алаңдаушылық білдіреді және осынау халықаралық, ауқымды акцияны өткізуді қолдайды. Біз АИТВ/ЖИТС індеті таралуының жоғары деңгейі бар елдер қатарына жатамыз және ТМД елдері арасында бесінші орында тұрмыз. Қазақстанда АИТВ жұқпасының алғашқы жағдайы 1987 жылы анықталған. Маңғыстау облысында алғашқы жағдай 1994 жылы анықталып, өсіммен 2016 жылдың 1-желтоқсанына дейін 221 жағдай тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар—3. Олардың ішінде жыныстық жолмен жұқтырғаны—135 (61,1%), инемен есірткіні ішке енгізумен –80 (36,2%), анадан балаға–2 (0,9%) анықталмаған жолы—4 (1,8).
АИТВ жұқпасы жағдайының көпшілігі 20-39 жастағы жастардың үлесіне тиеді. Вирусқа қарсы бірден-бір қолданатын қару—алдын алу шаралары туралы білімі, сондай-ақ балалардың бойына балғын шағынан бастап қалыптастыру болып табылады.
Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы қызметкерлері бұл аурудың алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар жасауда. Айлық аясында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерінде, ішкі істер органдары саласында және әскери бөлімдерінде, Ішкі істер министрлігі оқу орындарында, пенитенциарлық мекемелерде, адамдардың көп шоғырланған жерлері—орталық базарларда, ірі сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталығы мен вокзалдарда, медициналық мекемелерде Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес науқанына АИТВ/ЖИТС проблемалары және алдын алу шаралары туралы дәрістер оқылып, ақпараттық білім материалдары (АБМ) таратылды, сауалнама жүргізу арқылы АИТВ жұқпасы жөнінде хабардарлығы, білім деңгейлері бағаланды. Сондай-ақ қаладағы жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөнінде, жыныстық тәрбие, нашақорлықты болдырмау тақырыбында дәрістер, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізілді. АБМ таратылып, сауалнама жүргізіліп, әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді. Аталған нысандардың барлығында АИТВ инфекциясына жедел тест ұйымдастырылып, «Тестілеуден өтіңіз» науқаны жарияланып, қолжетімді етілді.
Ақтау қалалық білім бөлімі мен білімді үйлестіру орталығының мамандарымен бірлесе отырып, мектеп оқушылары арасында диктант, мазмұндама және басқа әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес науқанына арналып, «Мен қолдаймын! #АИТВ-ның алдын-алу» деген ұранмен ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының сенім және пациенттерді қолдау қызметінің телефон номері көрсетілген қабырға және қалта күнтізбелері мен билборд әзірленіп, шығарылды. Жастардың көп шоғырланған жеріне 3-шағын аудандағы «Энергетикалық колледж» алдына, Ақтау қалалық әкімшілігімен ішкі саясат бөлімінің қолдауымен ЖИТС орталығы мамандары дайындаған билбордтың орнатылуы да алдын алу шараларының бір түрі. Осылайша акция аясында АИТВ жұқпасынан сақтану мен қорғану шараларын, салауатты өмір сүру салтын насихаттағымыз келеді. Өскелең ұрпаққа АИТВ жұқпасын жұқтыру жолын шектеп, АИТВ/ЖИТС таралуының ғаламдық проблемасын шешу үшін жастардың АИТВ/ЖИТС берілу жолдары мен оның алдын алу туралы білім деңгейін көтеруіміз керек.
Данагүл ШАДАНОВА,
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі
облыстық орталықтың бөлім меңгерушісі