Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі-мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады.
Көптілді білім-көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толлеранттілігін және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Елбасы Н. Назарбаев дәстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету тиістігіне ерекше мән береді. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту- Қазақстан дамуының басты бағыты» жолдауында «Көп ұлттылық пен көптілділік құндылықтардың бірі және біздің еліміздің басты артықшылығы болып табылады» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады.
Сондықтан қазақ тілін тереңдетіп оқыту, көптілділікті меңгеруді жолға қою-бүгінгі таңдағы орта білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі.
Үштілді білім беруде оқу- тәрбие үрдісінен күтілетін нәтижелер:
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде қалыптасқан білімдерін ана тілі, мемлекеттік тіл, орыс тілінде еркін білдіретін мектеп бітірушісі;
- бітірушінің көптілді коммуникативтік және ақпараттық құзыреттілігі; - көп мәдениетті, рухани-адамгершілік, ұлтаралық қатынастар мәдениетінің жоғары деңгейі;
- ұлттық және жалпықазақстандық, құндылықтарды қастерлейтін, тілдерді меңгеруге тұрақты қызығу танытатын, отансүйгіштік және азаматтық сана-сезімдері дамыған тұлға;
- бітірушілер еңбек нарығында, өмірлік қызметте тілдік кедергілерге ұшырамайды.
«Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі- тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парыз. Қазіргі жаңа үлгідегі мектептердің мақсаты екі және одан да көп тілде білім беру. Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту-қазіргі заман қажеттілігі. Осы мақсатта қазақ,орыс, ағылшын тілдері ұлтына қарамастан тең дәрежеде жүзеге асырылады. Тіл дамуының негізгі факторы ретінде адам қарастырылады, өйткені тіл - адамның жасаған өнімі мен туындысы. Қазіргі кезде тіл тек қана қатынас және таным құралы ретінде емес, сол сияқты ұлттың рухани мәдениеті ретінде де бірнеше бағыттарда қарқынды түрде зерттелуде. Кез келген тілдің қызметін зерттеу қазіргі тіл білімінде жаңа бағыттармен пайда болған соңғы әдіс-тәсілдерді қолдануға мүмкіндік туғызады. Н.Ә. Назарбаев: «Теңдестірілген тіл саясаты, Қазақстан халқының лингвистикалық байлығын молайту біздің бірлігіміз бен прогрестің негізі болып табылады» деп атап көрсеткен.
Жиенбек Сүгіров Техника ғылымдарының докторы