Еліміздегі даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәжірибесі ретінде 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданған болатын. Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу ережелерін мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
«Медиация туралы» заң күшіне енгелі осы заң туралы сот саласы қызметкерлері мен қарапайым халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, сондай-ақ, онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстарға қатысты істерге медиация тәртібін қолдануға болады. Алайда, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын болса, оған бұл заң қолданылмайды. Сол секілді сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен мемлекеттік басқару мүделлеріне қарсы қылмыстарға да қолдануға болмайды.
Медиатордың негізгі міндеті–екі тарапты татуластырып, бітімгершілікке келтіру болып саналады. Бітімгершілік–дауды шешудің озық әдісі болып табылады. Ұсақ-түйек келіспеушіліктердің бітімгершілікпен шешілуі қиын істердің сапалы қаралуына ықпал етіп, азаматтардың уақытын үнемдеп, сот барысында орын алатын моральдық, материалдық қиындықтардан құтқарады. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етеді. Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тәсілді тиімді қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен шешіп келгендіктен, бұл заң қазаққа жат емес. Қазақта бітімсіз дау бітпеген. Қазақ халқы үшін бітімгершілік–билік айтудың ең озық өнегесі. Медиация институты–баяғы қазақ билер сотының бүгінгі көрінісі
Нарық дамып, адамдардың іскерлік деңгейі күн санап өсіп келе жатқан заманда қандай мәселе болмасын, екі жақты тараптардың келіссөзі нәтижесінде шешіліп, реттеліп жатуы өте тиімді. Осы ретте, халықтың уақыт өте келе, құқықтық сауаттылығының артуы, заңның кең өрістенуіне, яғни халық арасында кең қолданылуы анық. Өйткені, медиация келісімі бойынша тараптар уақыт үнемдейді, яғни әуре-сарсандыққа салынбайды, мемлекеттік баж салығын төлемейді (төленген баж салығы кері қайтарылады) және ең негізгісі тараптар сол даулы мәселені өздеріне ұтымды етіп шешеді.
Егер тараптар араларындағы даулы мәселені медиация келісіммен реттеп жатса, мұндай жолмен қабылданған шешімді екі тарап та ықыласпен орындайды және даулы мәселе шешілген соң тараптардың арасындағы әріптестік, серіктестік, туыстық секілді қарым-қатынастары сақталып қала береді Өйткені, екі жақ та бір-бірінің шарттарын қабылдап, ешбір мәжбүрлеусіз ортақ шешімге келеді.
А.АХМЕТОВА,
Ақтау қаласының №2 сотының судьясы