Өндірісті өлкемізге өң берген «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жыл басында бастау алған «Брейн-ринг» зияткерлік ойыны мәресіне жетті. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының орталық аппараты, «Жетібаймұнайгаз», «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармаларының қызметкерлерінен құралған командалар сайысты қорытындылады.
Жыл басынан бері 3-мәрте ұйымдастырылған сайыс 3 кезеңнен құралып, әрқайсысы 15 сұрақты қамтыды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығы мерейлі мерекесіне орайластырылған сайыста мұнайшылар Қазақ хандығының құрылуынан бастап, ел билеген хандар, халқымыздың басынан өткен қиын-қыстау күндер, салт-дәстүр,тарихи кезеңдер және егемендік жылдарындағы жетістіктерге қатысты сауалдарға мүдірмей жауап берді.
Қатысушылардың ойлау, сөйлеу дағдысын дамыту және өз ойын жеткізе білуге бағытталған танымды ойын нәтижесінде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы 18 ұпай, Жетібай кен орны 16 ұпай, орталық аппарат қызметкерлері 10 ұпайды еншіледі. Сайыскерлердің зейіні мен зердесін ашып, жыл бойына жалғасқан жарыстың қорытындысында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы 1-орынды жеңіп алса, орталық аппарат қызметкерлері 2-орынды, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасынан қатысқан топ 3- орынды иеленді. Салтанатты марапаттау рәсімінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әкімшілік мәселелер жөніндегі департамент директоры Нұрлан Илмұханбетов жеңімпаздарға диплом, арнайы кубок, кітап және қаржылай сыйлық табыстады. «Үздік ойыншы» аталымы бойынша «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы өндірістік- технологиялық бөлімнің жетекші инженері Шыңғыс Бөрібек марапатталды. Барлық жеңімпаздар бірауыздан қаржылай сыйлықты екі науқас баланың еміне жұмсауды ұйғарды.
–Бірнеше маусымға созылған сайыс тартысты да қызықты өтті. Сонау Қазақ хандығы құрылған жылдан бастап, бүгінгі күнге дейінгі халқымыздың жүріп өткен жолын, тарихын, әдет- ғұрпын, мәдениетін еске түсірдік. Бұл сайысқа 2 аптадай уақыт дайындалдық. Жастар мен орта буыннан құралған командалар білімі мен білігін сарапқа салып, бүгінгідей ойын өрнегін көрсетті. 180 мың теңге жиналған жүлде қорын қайырымдылыққа жұмсауды қажет деп таптық. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!,– деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы қабат қысымдарын ұстау цехының машинисті Талғат Темірәлі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Ербол АЙТБАЕВ