Өмірдің көп белестері артта қалып, жас ұлғайған сайын өткен күндерді ой елегінен өткізіп, жеткен жетістіктеріңді, әттеген-ай дейтін сәтсіздіктеріңді көбірек ойлайсың екенсің. Сондайда алдымен балалық шақпен қатар, алғашқы еңбек жолың, бірге қызмет еткен әріптестерің есіңе түсіп, сағыныш сезімі жүрегіңді сыздатады...
Қай адам үшін де өмірлік серік болатын мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы зор десек мен өзімнің басқаларға қарағанда ерекшелеу - журналист мамандығын таңдағаныма ешқашан да өкінген емеспін. Алайда, басқалар сияқты бала кезден осы мамандықты армандадым десем ағаттық болар еді. Осы бір қиыны мен қызығы көп саланы таңдауым ойламаған жерден болды. 1974 жылы орта мектепті бітіруге таяп қалған шақта тарих пәнінен оқытатын марқұм Ізберген Қонақбаев деген мұғаліміміз сабаққа келген сайын:
- Мына қасымыздағы Жанға поселкесінен шығатын аудандық «Жұмысшы» газеті 1 шілдеден бастап, толық қазақ тілінде төрт бет болып шығады екен (соған дейін екі беті қазақша, екі беті түрікменше шығып келіпті). Газеттің редакторы Әбдіхалық Жүсіпбеков маған мектебіңізде жазуға бейімі бар оқушылар болса редакцияға ертіп кел, сынап қарайық, жараса жұмысқа аламын деп отыр. Қане, барғысы келетіндер бар ма? – деп сұрайды. Сөйтеді де не айтар екен дегендей менің бетіме қарайды. Өйтетін себебі, анда-санда газетке мектебіміздегі жаңалықтар жөнінде шағын мақалалар жазып тұратынмын. Оның үстіне басқа пәндерге қарағанда әдебиетті жанымдай жақсы көретінім, әсіресе, шығарма жазғанда алдыма жан салмайтыным бар.
Сонымен, ұстазымның айтуымен, ата-анамның ақылымен редакцияға баруды ұйғардым. Мұныма қуанып кеткен Ізекең ертесіне мені және екі құрбымды «Жұмысшы» газетіне ертіп келді. Бізді қуана қарсы алған газет редакторы бірден жазуға деген қабілетімізді байқауға кірісті. Алдымен өмірбаянымызды жаздырды. Сонан кейін бір-екі мәлімет берді де шағын мақала жазуды тапсырды.Жазбастан бұрын біздерге мақала дегеннің не екенін, оны қысқа да нұсқа жазудың жолдарын түсіндірді. Сөйтті де өзі шығып кетті. Бұрыннан мақала жазып жүрген, оның үстіне үйге сонау Алматыдан үздіксіз келетін газет-журналдарды құныға оқитын мен тапсырманы тез орындадым да құрбыларыма көмектесуге кірістім. Олар оқуды жақсы оқығанымен тіл-әдебиетке мен сияқты құмар емес. Мұғаліміміз айтқан соң әрі мен баратын болған соң қызығып еріп келгендер еді. Кейін екеуі де білікті бухгалтер болып, абыройлы қызмет етті...
Сонымен үшеуміз де тапсырманы тап-тұйнақтай орындап болғанымызда редактор ағайымыз келіп, келесі келгенде еңбек адамдары жөнінде суреттеме жазып келуді тапсырды. Тағы да оның қалай жазылатындығы жөнінде тәптіштеп түсіндірді. Біздерге бұлай тапсырма беруінің сыры Ақтас деген аулымызда республикаға әйгілі тас шығаратын комбинат бар еді. Онда кілең қазақтар жұмыс жасайтын. Жалпы Түрікменстанда деген аты болмаса Ақтаста да, аудан орталығы Жанғада да, тіпті бүкіл Красноводск ауданында басқа ұлттарға қарағанда қазақтар көп тұратын. Соның ішінде біздің аулымызда басқа ұлт өкілдері жоқтың қасы еді. Бір түрікменнің , бір татардың, екі-үш лезгиннің үйі бар еді. Олардың барлығының баласы бізбен бірге қазақша оқитын.
...Ауылға келе сала мемлекеттік емтихандардың арасында комбинатқа барып, басшыларымен жолықтым. Олар ұсынған жаңашыл әрі үздік жұмысшы Мықтыбай Сапаров жөнінде суреттеме жаздым. Оным редакторға және орынбасары Төлеген Тәжібаевқа, сол кездегі жас журналистер Есберген Іңірбаевқа, Темір Мыңжасовқа ұнап, үшеудің ішінен мені жұмысқа алуды ұйғарыпты. Менімен бірге сол күні жұмысқа Айтбай Аймағанбетов, марқұм Жарылғасын Нұрмағанбетов және Рахмет Айтжанов та қабылданды.
Сөйтіп, қолыма аттестат алған 1 шілдеде яғни мектеп бітірген күні Красноводск аудандық «Жұмысшы» газетіне корректордың көмекшісі болып жұмысқа кірістім. Ол күн әлі күнге дейін көз алдымда. Редакцияға хабар алайын деп таңертең келген біздерді Әбекең қабылдап, мені жұмысқа алатынын, қазір Красноводск қаласындағы облыстық баспаханаға ертіп апарып, жұмыспен таныстыратынын айтты. Себебі, газет аудан орталығынан он бір шақырым қашықтықтағы қаладағы баспаханада басылатын. Сонымен редактор екеуміз баспаханаға келдік. Кіргеннен мені баспаханамен, ондағы техникалармен, баспа машиналарымен таныстырған Әбекең жауапты хатшы мен корректор отырған бөлмеге алып келді. Мені оларға, оларды маған таныстырды. Жауапты хатшы Есберген де, ал корректор мектепті менен бір жыл бұрын бітірген Ағипа деген қыз екен. Газет оқығанымыз болмаса, қалай шығатынын білмейтін мен сол күні оның оңайлықпен оқырманның қолына тимейтінін білдім. Оның үстіне линотип машинасындағы теруші де, бет құрастырушы да, басушы да, қысқасы жұмысшылардың барлығы басқа ұлт өкілдері. Әсіресе, линотип қиын екен. Теруші Аня деген әйеле әкелген мақалаларды тек суретіне қарап теретін болғандықтан қателер өріп жүр. Есберген мен Ағипаның және кезекші редактордың күні бойы соларды жөндеумен діңкесі құриды.
Газет шықпайтын сейсенбі және бейсенбі күндері редактор мені жақын маңдағы кенттердегі кәсіпорындарға, колхоз-совхоздарға командировкаға жібереді. Жібермес бұрын ерінбей-жалықпай очерктің, репортаждың және тағы басқа газет жанрларының қалай жазылатынын түсіндіреді. Оқырманды жалықтырмай қызғушылығын арттыру үшін көргеніңді тек баяндап қоймай, көркем тілмен жеткізудің жолдарын үйретеді. Орыстың әйгілі жазушысы А. Чеховтың «Қысқа жазу, таланттың апасы» деген сөзін үнемі алға тартып, қысқа да нұсқа жазуға баулиды.
-Қысқа хабар жазсаң да тартымды жаз. Журналистің шеберлігі шұбалтып көп жазғанынан емес, көргенін оқырманға ұтымды сөзбен қысқа жазып жеткізуінен танылады,- деп орыс жазушысы А. Бектің панфиловшы 28 батырдың Мәскеу түбіндегі ерлігін газеттегі қысқа хабардан оқып, кейін соның ізімен «Волокаламск тас жолы» атты атақты роман жазғанын, Борис Полевой деген орыс журналисінің қысқа хабарлар жазудағы шеберлігін үнемі үлгі қылып айтып отырады. Жазған мақаламызда бір сөздің екі рет қайталанбауын қатты қадағалайды. «Қазақтың тілі өте бай, кез келген сөздің синонимі бар, тек соны іздей білу керек» дейтін. Сонымен қатар, ол тыныс белгілерінің де орнымен қолданылуын талап ететін. Біздерге сол кезде Мәскеуден шығатын «Журналист» және «Рабочий-крестьянский корреспондент» атты журналдарды жаздыртатын. Олардың әр саны келген сайын жарияланған мақала, очерктерді талқылап, жақсысын үлгі етіп, сәтсіз шыққанын сабақ ретінде алға тартатын. Осылайша, мамандығы филолог болса да журналистиканы бір кісідей меңгерген марқұм Әбдіхалық Жүсіпбеков ағамыз біздерді жазу шеберлігіне бірте-бірте баули берді.
Ол тек маған ғана емес кейін бірі майталман журналист, бірі ақын, жазушы болған Есберген Іңірбаевтың, Темір Мыңжастың, Айтбай Аймағанбетовтың, Рахмет Айтжановтың, Валентина Қозыбақованың, Базар Ботабаевтың, Болат және Мұрат Жетекбаевтардың ұстазы болды. Барлығымыз да Әбекең алдында мәңгі қарыздармыз деп ойлаймын...
Командировка немесе қазіргі тілмен айтсақ іссапарға сол кездегі журналистер жиі шығатын. Халықпен, еңбек адамымен бетпе-бет кездесіп, олардың жеткен жетістігін, ой-пікірін біліп, кедергі болып жүрген кемшіліктерді түзетуге тырысатын. Өкінішке орай, кейінгі кезде бұл жақсы үрдіс үзіліп қалды. Қазір журналистер біздер сияқты ел араламайды. Ауылдардың, кенттердің тыныс-тіршілігімен таныспайды. Әлдебір шара болса ғана арнайы көлікпен, топтасып барады да қайтады. Қазіргі заман талабы осылай десек те журналистердің ауылдарға барып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен жете танысып, жақсы жаңалықтарын жариялап, олқылықтарын ортаға салса халық пен биліктің арасы қазіргіден де жақындаса түсер еді деп ойлаймын. Әрі жұрттың газетке деген ықыласы артып, сенімі нығаяр еді.
Сонымен алғашқы еңбек жылдарыма қайта оралайын. Газетке жаңа келген маған Әбекеңнен басқа марқұм Төлеген Тәжібаев, Есберген, Темір ағаларым ақыл-кеңесін аяған жоқ. Сол кезде өздері жас болса да маған жасы үлкен ағалардай қамқор бола білді. Әсіресе, Есберген үйретуден жалықпайтын. Білмгеніңді қайта-қайта сұрасаң да ерінбей түсіндіретін оның сол кездегі шыдамдылығына әлі күнге қайран қаламын. Менің ауданда қазақ қыздарынан шықан тұңғыш журналист екенімді айтып, көтермелеп, демеп отыратын.
Журналист мамандығы қашан да құрметке ие. Әсіресе, сонау жетпісінші жылдары халықтың оларға деген сый-құрметі ерекше еді. Әсіресе, ауыл адамдарының ықыласы ерекше болды. Аудандағы бес-алты журналисті ауыздарынан тастамай, солардың жазғандарын қалт жібермей оқып, әрқайсысын бір төбе көретін. Біздер де хал-қадірімізше олардың осы құрметіне лайық болуға тырысатынбыз.
Аға ұрпақтың журналистерге деген ықыласы әлі де сол қалпы екен. Бұған мен жақында бір топ ардагерлермен теңіз жағасындағы «Сая» шипажайында демалғанымда көзім жетті. Әрқайсысы бір-бір тұлға, облысымыздың іргетасын қолымен қалаған ағалардың бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде «Маңғыстау» газетіне деген құрметі ерекшелігін байқадым. Журналист екенімді білгеннен-ақ олар маған құрметпен қарап, барынша сыйлады.Газеттің бұрынғы және қазіргі журналистері жөнінде жақсы пікірлерін айтып, сүйсінді. Әсіресе, өмірін өлкеміздің мал шаруашылығын өркендетуге арнаған Төлесін Көшеков қария бала кезден журналист болуды армандағанын, бірақ оған қолы жетпегенін айтқанда көкірегімді мамандығыма деген мақтаныш сезімі кернеді.
Ауылдан басталған журналистік жолым 1982 жылдан биылға дейін Атамекенім – Маңғыстауда жалғасты.Ералиев аудандық «Коммунизм таңы», «Жаңаөзен», «Маңғыстау» газеттерінде, арасында бес-алты жыл облыстық телерадио комитетінде істедім. Қырық екі жылға созылған осы журналистік еңбек жолымда мен талай жайсаң жандармен жұмыстас болдым. Олардың әрқайсының менің өмірімнен алар орны ерекше. Көптеген адамдармен кездесіп, оларды мақалаларыма кейіпкер қылдым. Өзім өмір сүрген жердің жақсысын асырып, жаманын хал-қадірімше түзетуге тырыстым...
Қай жұмысты да сүйіп, ықыласпен істесең рухани күш-жігер береді, өмірге деген құштарлығыңды арттырады, беделіңді көтеріп, мерейіңді тасытады. Журналист мамандығы да маған осындай қасиетті сезімдерді сыйлады, сый-құрметке бөледі. Сондықтан да ол маған осынысымен қымбат, осынысымен қастерлі.
Еркеш НӘРЕМБАЕВА