Егемендік жылдарында еліміздің еңсе тіктеуіне, әлеуметтік- экономикалық өсіміне дем берген Қазақстанның басты қазынасы «қара алтын» өндірісі Тәуелсіздікпен бірге дамып, құлашы кеңейді. Тәуелсіздікпен қатар түлеген, өркен жайған өндіріс ордасы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында Тәуелсіздік тойына арнаған шаралар мерекеден бірнеше күн бұрын бастау алған-ды. Мәртебесі биік мерекедегі мазмұнды шаралар легін аталмыш акционерлік қоғамның бас кеңсесінде өткен салтанатты жиын жалғастырды.
Бостандық пен еркіндіктің бастауына баланатын салтанатты күнде мерекелік жиынға жиналғандардың жүздерінен қуаныш пен шаттықтың лебі есіп тұрды. Салтанатты жиынға қатысқан мұнай- газ кешенінің басшылары, осы салаға еңбегі сіңген ардагерлер мен мұнайшылар бір-бірін ұлық мерекемен құттықтап, арқа-жарқа болды. Жиын басталар сәтте кең залға жиналған халайық еліміздің Әнұранын шырқады. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев көпшілікті ел тарихындағы мерейлі мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Құрметті мұнайшылар, қадірлі әріптестер! Сіздерді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының еліміздің егемендігін нығайтуға қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық ауыр жағдайларды еңсере білдік. Кен орындарында мұнай өндіру көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен,компаниямыз 2009 жылы 5 млн.711 мың 827 тонна мұнай өндірген болса, үстіміздегі жылы «қара алтын» өндіру жоспары 6 млн. 285 мың тоннаны құрап отыр. Бұл жоспарды да артығымен орындайтынымызға сенімдіміз. Қадірлі мұнайшылар! Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына осындай еңбек тартуымен жеттік. Компания әлеуметтік саясаты аясында облыс тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға көп көңіл бөлді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын дамытуда да біраз ауқымды шаралар атқарылды. Жалпы айтқанда, соңғы жылдары құны 7 млрд.теңгеден астам қаржы болатын әлеуметтік жоба жүзеге асты. Құрметті әріптестер! Сіздердің қажырлы еңбектеріңізге алғысымды айта отырып, жанұяларыңызға бақ- береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді аталмыш акционерлік қоғамның бас директоры Бақыт Алтайұлы.
Құттықтау тілекті жалғаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн жиылған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Салтанатты сәтте «Қаламқасмұнайгаз», «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында және серіктес компанияларда ел ырыздығын еселеуде жемісті еңбек еткен бірқатар еңбек адамдарына Маңғыстау облысы әкімінің, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ компания қабырғасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен «Ұлттық киім- ұлт ажары» байқауында ұлттық нақышта киініп, жұмыс бөлмелерін безендірген департаменттер марапатталды. Аталмыш сайыста 1-орынды қаржы департаменті жеңіп алса, бизнесті жоспарлау және экономикалық талдау департаменті 2- орынды, ақапараттық технологиялар департаменті 3-орынды иеленді. Ынталандыру сыйлықтары әкімшілік мәселелер, адам ресурстарын басқару және әлеуметтік мәселелер, қауіпсіздік техникасы, еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаменттеріне және медициналық-санитарлық бөлім қызметкерлеріне берілді.
– Еліміздегі ең ұлық мереке Тәуелсіздік мерекесінде құшағым марапат пен гүлге толып, қуаныш үстінде тұрмын. 20 жылға жуық уақыт жасаған еңбегім еленіп, Құрмет грамотасын алдым. Бүгін марапатқа ие болып, құрмет пен қошеметке бөленген барлық әріптестерімді құттықтаймын. Алдағы уақытта да осы бағытымыздан танбай, ел дамуына үлес қосуға тырысамыз, – деді компанияның әкімшілік мәселелер департаменті медициналық санитарлық-залалсыздандыру бөлімінің меңгерушісі Жанат Құдайбергенова.
«Тәуелсіздік – қазақтың маңдайына біткен бақ. Ата-балаларымыздың басынан өткен қиын-қыстау күндердегі найзаның ұшымен, білектің күшімен осындай бейбіт те мамыражай күнге жеттік. Бағымызға қарай егемендікті көрген бақытты ұрпақпыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясатының арқасында экономикалық жағдайымыз жақсарып, әлеуметтің әлеуеті әлденді. Тәуелсіздік жылдарында әлемдік аренада өз орны бар, өзіндік даму жолы бар мемлекет ретінде танылдық. Осындай дәрежеге жетуімізге жылдың төрт мезгілінде күні- түні тынбай жұмыс жасаған мұнайшылар зор еңбек сіңірді. Баршаңызды Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесімен құттықтап,еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Елімізде әрқашан да бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрсын!» деген «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице- президенті Серік Әбденов екпінді еңбек тынысын толастатпай, өндірістің қазанын бұрқ-сарқ қайнатып жүрген мұнайшыларға «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Құрмет грамотасын, естелік белгісін табыстады.
Жиында құттықтау лебізін білдірген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков және өзге де қызмет көрсететін серіктестіктердің басшылары құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің қол жеткізген жетістіктерін Тәуелсіздікпен байланыстырды. Салтанатты шарада зейнеткер мұнайшылар ҚР Энергетика министрлігінің және Кәсіподақ федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар белсенді әрі жемісті еңбектің үлгісін көрсеткен бірқатар мұнайшыға Кәсіподақ атынан Алғыс хат табысталды.
— Мереке қарсаңында «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ атынан Құрмет грамотасын иелендім. Өндірістік өрлеуді бетке алған компанияда 6 жылдан бері жұмыс жасаймын. Еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын мұнай-газ саласында еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Елдігіміз еңселі болып, туымыз көкте желбірей берсін!, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ корпоративтік хатшылық қызметінің корпоративтік хатшылығының орынбасары Жалғас Шегембаев.
Салтанатты шара соңында жан- жақты талқылаудан өтіп, алынып тасталған тамақтар қайтадан енгізіліп, кейбір тармақтар бойынша төлемдердің көлемі екі есеге дейін ұлғайтылған 2016-2019 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды. Бұл шарт бойынша мұнайшылардың әр түрлі әл- ауқаттық мәселелерін шешуге кәсіпорын шығындарды жылдан жылға өсіруді көздеп отыр. Осы бағытта үстіміздегі жылы компания 600 264 мың теңге қаржы бөлген болса, енді жаңа ұжымдық шартқа сәйкес жыл сайын 383,8 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы жұмсалатын болады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Ербол АЙТБАЕВ