Алғашқы әсер, алғашқы түйін өте жақсы қалыптасты. Жүзі жайдарлы, нұрлы да жылы жан өзіне сенімді. Аласа бойлы, қара торы келген, іс-қимылы, жүріс-тұрысы ұстазға тән байыптылықпен ерекшеленеді. Алдын-ала: «Сөзге көп жоқпын, тілшісің ғой, өзің әдемілеп жазарсың»,- деп ұсынысын айтқаннан кейін барып әңгімемізді бастаған едік.
Қамаш Раева Нұрболғанқызы Форт-Шевченко қаласының тумасы. 1968 жылы 19 қарашада дүние есігін ашқан. Қазір 3 баланың анасы Қамаш апайдың өмірі түлеген түбек Түпқарағандағы тұңғыш білім ордасы бұрынғы С.М.Киров атындағы (қазіргі Есбол Өмірбаев орта мектебімен) тығыз байланысты. Сол мектепте білім алып, сол мектептен түлеген түлек өзі оқыған білім ордасына ұстаз болып оралады. Бүгінде Тәуелсіздік жылдарындағы 25 жыл Қамаш Раеваның ұстаздық өмірімен сабақтас еңбек өтілі.
Мектеп партасына отырған әрбір бала секілді ұстаз болуды армандау бәріңіздің де басыңыздан өткен болар?! Сол бала арманын ұштаған Қамаш Раева мектеп кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Сағида деген ұстазына еліктеп өседі. Ұстаздан алған тәлімінің әсерімен сабақ беру методикасын, өзін-өзі ұстауын, ұстаз бойындағы ұқыпытылқтан бастап ұғынықтылыққа дейінгі қасиеттерді өз бойына сіңіре берді. Себебі, оның арманын да дәл Сағида ұстазындай абыройлы да ардақты ұстаз болу идеалы тұрған еді.
Мектептен кейін, Гурьев Педогогикалық Институтына ( қазіргі Атырау Мемлекеттік Университетті) оқуға түсіп, оны 1991 жылы тәмамдайды. Елге қайтып оралғаннан кейін, Есбол Өмірбаев мектебінде өмірлік жолын бастап, алғаш келген жылдарында бастауышқа мұғалімнің жетіспеушілігіне байланысты 2002 жылға дейін бастауышта сабақ береді. Тек 2002 жылдан бастап толыққанды тарих пәнінің мұғалімі болып, өз қызметін жалғастырады.
Тәуелсіздікпен қызметтік жолды қатар бастаған Қамаш апай қазіргі кезде тарих пәнінің тәжірибелі маманы. Түрлі семинар сабақтарға, ғаламтор аламандарына, олимпиадаларға қатысып көптеген жүлделер мен алғыс хаттардың иегері. Өзінің айтуынша, жарыстарға қатысып бағын сынағанды ұнатады. «Адамның өзін-өзі бағалауына, деңгейінің қалыптасуына көп септігін тигізеді» деп есептейді. Қамаш апайды Тәуелсіздікпен тете еңбек өтілі үшін марапттамасы анық. 2013 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Сындырлы оқыту «Қазақстан тарихы» пәнінде: қағидаттары, әдістемесі, тәжірибесі» республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары журналында «Қазақстан тарихы» курсын оқытуда ақпараттық-коммунакациялық технологияларды қолдану» атты мақаласы жарық көрген екен. Сонымен қоса, «Тарих және құқық пәндерінің мұғалімдерінің олимпиадасының» 2-орын иегері. 3 жыл қатарынан оқушылары Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден 100% сапа көрсетіп Түпқараған аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен, 2015 жылы облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталған. Оның ұстаздық жолдағы марапаттары тек өзінің маңдай терінің төгілуі мен оқушыларының жетістіктерінің арқасында жиылғандығы қуантады. Таза еңбек деп осыны айт!
Қазіргі кезде көптеген адамдардың білім беру жүйесіне жағымсыз пікір айтатынын сіздер де байқаған шығарсыздар? Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз керісінше осы жүйені қолдайды екен.
— Оқимын деген балаға барлық жағдай жасалған. Қазіргі басты мәселе не? Ол - балалардың сөйлемеуі, сабаққа қатыспауы. Бұл бұрыннан да бар мәселе еді. Бұрын бала тек қана сабағын айтады да, сөмкесін арқалап кететін. Ал қазір балалардың ашылуы үшін, сабаққа атсалуысы үшін жаңа жүйе көп септігін тигізеді. Жаңа технологиямен жұмыс, слайдпен тақырыптарды түсіндіру баланың пәнге деген қызығушылығын оятып, оның қосымша ақпараттар іздеуіне түрткі болмақ, - дейді ол.
«Ұстаздан шәкірт озар» - демекші, Қамаш Раевадан тәлім - тәрбие алып, оған еліктеп оның жолын қуып, ұстаз атанған шәкірттері де, көз қуанышы болып, оның үмітін ақтап, түрлі сайыс жеңімпаздары болған оқушылары да жетерлік. Олар: Эльмира Қалымбаева, Ләззат Ебелекова, Перизат Оралханова, Сымбат Төленова, Динара Қорғанбаева, Айгүл Жүсіп, Орынтай Күмісбай және т.б. Соның ішінде Перизат пен Эльмира - тарихшылар. Перизат Оралханова осы оқу жылында Есбол Өмірбаев мектебіне жас маман ретінде келсе, Эльмира бірнеше жылдық тәжірибесі бар білікті ұстаздың бірі. Бүгінде өзімен әріптес екен.
Осындай ардақты да ұлағатты ұстаздарымыздың арқасында біз бала біліміне сеніммен қарай аламыз. «Өмірдің өзі ұлы ұстаз» - демекші, көргені мен түйгені бар Қамаш апай жастарға тек: «Оқыңдар!», — дейді. Айтуынша, болашақ жастардың қолында. Адамның білетінінен білмейтіні көп болады. Ол өмір заңдылығы. - Біздің өзіміз де әлі сан түрлі сабақтар алып, білмегенімізді сұрап, кітап ақтарып кететін кездеріміз де болады, – дейді ол үйренуге ештен кеш жақсы екенді меңзеп.
— Еліміз аман болсын, өркендей берсін, дами берсін. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз мол болғай. Болашақ жастардың қолында. Сондықтан да, білім алуға тырысайық. Бейбітшілік жаулаған Қазақстанымның бақыты ұзағынан болғай, - деген тілекте әңгімеміз де өз мәресіне жетті.
Меруерт СОВЕТОВА "Ақ қаурсын" жас тілшілер клубының мүшесі