Өркені өсіп, ырыс-ырзығы тасыған егемен ел төсінде балауса бүлдіршін, балаң бойжеткендер бүгінде жас болса да, бас бола білер тұлғаларға айналды. Олар баянды болашаққа бет бұрып, келешекке кең құлаш сермеген кемел елін шексіз сүйеді. Тәуелсіздік қадір-қасиетін жете ұғынып, өз елінің өрге басуына өлшеусіз үлес қосып, өрлеу жолында жемісті еңбек етеді.
Әдемі де, әсерлі әңгіме арқауы, оқырманның ой толғанысына түрткі болар бүгінгі кейіпкерлер көркіне көңілі сай, өн бойында өр рух, жалынды жастық жігер мен өмірге деген зор сүйіспеншілік, ақыл-парасат пен биік сана-сезім жарасым тапқан бойжеткендер. Тәуелсіз елде дүние жарығын көріп, еркін өскен, зор білімді көңілге түйіп, көкірекке ұялатқан азат ойлайтын азаматшалар бүгінде мерзімді басылымның маңдайалды журналистері. Қатар жүріп, жоғары оқу ордасына қатар түсіп, студенттік өмір қызығын қатар кешкен замандас әрі қаламдас қос құрбы сыйлас әрі сырлас.
Ханым Қуат әу бастан ақ әдебиет әлеміне әсіре сүйіспеншілікпен елітіп, зор зейінмен зер салған. Екінің бірінің тісі бата бермейтін күрмеуі қиын саланы таңдауы Ханымның табиғи дарыны мен зор таланты, шынайы ынта-ықыласы мен сенімі, сүйікті ісіне деген адалдығына айғақ болары хақ. Қаламгерлік қасиет балауса кез, білім ордасынан бастау алып, жас ғұмыр өзегіне айналған тағдыр тартуы сынды еді. Қиялына қанат жалғап, қаламына қуат дарытқан шалқар шабыт, саф сезім мен пәк көңіл тың, татымды әрі тартымды туындылардың тууына негіз болды. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне түсіп, журналистика негіздері жөнінде мол білімге қаныққан Ханым жоғары оқу орнын тәмамдап, туған өлкеге оралады. Журналистік жолын өрісті өлкенің бас басылымы «Маңғыстау» газетінен бастайды. Өз ісінің үздіктері, қуаты мен қарымы зор қаламгерлер ұжымында үйрене, ұғына, түсіне, түйсіне жүріп, қыр-сыры мол, қисыны қиын салаға біртіндеп бой үйретіп, төселе бастайды. Өзіне тән жазу өрнегі, баяндау мен бейнелеу дағдысы, шебер қиюластыру, қиыннан қиыстыру қасиеті қалыптасады. Жасампаз, жаңашыл жастар, қоғам келбеті, өңір тынысы, әлеумет әлеуеті – Ханым Қуат мақалаларына арқау болар татымды тақырыптар. Өмір өрнектері, сан қилы тағдыр иелері мен сан тарау өмір соқпақтары оның мақалаларында келісті тіркес, көркем сөзбен кестеленіп, оқырманға тұщымды ой тастайды. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, егемен ел перзенті, білімді бойжеткен, жас маман болашақта зор үміт күттіреді.
«Қазақ елі Тәуелсіздік тұғырына бекем орныққалы 25 жылдың жүзі өтті. Осы уақыт аралығында өрлеу мен өркендеу, өсу мен даму даңғылына түсіп, баянды болашаққа нық қадам басқан толайым табыстар мен зор жетістіктерге кенелді. Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Ол жеке басыңның қуанышының туған еліңнің тарихи өміріндегі айрықша сәтпен тұспа – тұс келуіне деген ризашылықтың әсері дер едім. Тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін үлкен мақтаныш. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған болар.Тағдырдың сыйын бақыт құсындай мәпелеймін. Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгеніме сырттай масаттанып жүрем», — дейді Ханым Қуат.
Кәсіби білімі зор, тәжірибе-тәлімі үлгі тұтарлық Фарида Мұңалқызы журналистика саласында салиқалы ой, салмақты пікір білдірер мәнді де мағыналы мақалалар авторы. Тәуелсіздік таңымен бірге түлеген балауса бүлдіршін орта оқу ордасында үздік үлгеріммен тәмамдап, ес білгеннен өз қатарының алды болуға талпыныпты. Ел үшін ең қастерлі оқиға тұсында, арайлы азаттық таңымен таласа туған Фариданың өмірге келуін ата-анасы мен барша ағайын-туысы ерекше қуанышпен қарсы алған екен. Кітапқұмар, ойға бейім, елгезек әрі алғыр балдырған бала кезден жазуға жақын болып өседі. Шым-шытырық оқиғалы әдеби-көркем кітаптардан бас алмай, жата-жастана оқитын қасиеті кең көзқарас көкжиегі мен ұшқыр қиялының қалыптасуына негіз болады. Терең пайымды, зерек ойлы тырнақалды журналистік туындылары жаңашыл жастың сараптау, ой таразысына тартып, байыппен бағамдау дарынының ерекше екендігіне дәлел бола алады. Өмірлік жолын журналистикамен байланыстырған бойжеткен «Жаңа өмір» газетінің ең жас маманы ретінде қызметке орналасады. Жаңа ортаға бірте-бірте бой үйретіп, көріп-білгенін көңілге түйіп, қызығы мен қиыны қатар қызметтің қыр-сырына қаныға бастайды. Уақыт өте Фариданың жас болса да жаңашыл, мән-мазмұны бай, астарлы әрі оқырман назарын лезде аударар мақалалары жарық көріп, оң пікір, ерекше көзқарас қалыптасады. Екі жылға жуық «Жаңа өмір» газетінде жүріп майталман мамандар ақыл-кеңесіне құлақ түріп, зор тәжірибе жинақтаған Фарида «Маңғыстау» газетіне ауысады. Талабы жоғары, жауапкершілігі зор қызметте абырой-беделге ие болып, өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Өңір тынысы, әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен еңбек адамдары, ерекше оқиғалар мен мерейлі даталар, индустриалды-инновациялық даму белестері мен қаржы саласындағы іргелі істер Фарида қалам тербеген сан қилы тақырыптардың бір бөлігі ғана. Тәуелсіздіктің төл перзенті бүгінде 26 жасқа толып отыр. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді де білікті бойжеткен ел болашағын үшін еселі еңбек етіп, зор жетістіктерге жету жолында аянбай қызмет қылады.
«Мамыражай тірлігіміз бен бақуатты тұрмысымызға сырт көздің өзі қызыққандай. Мұның өзі болашағымыздың бұдан да жарқын болатынына сендіре түседі. Балаңдау кезімізде тәуелсіздіктің мәнін жете ұғына алмаған болармыз бәлкім. Қазір есейе келе барлық игіліктердің тәуелсіздіктен басталатынына көзіміз жетіп келеді. Мен өз қатарластарымды, тәуелсіздік құрдастарын ылғи да мақтан тұтамын. Олардың бәрі де алдарына үлкен мақсат қойып, жан-жақты ізденістерге бой ұрып жүр. Отанымыздың абырой-беделі арта беруіне біз де лайықты үлесімізді қосуға дайынбыз. Өз замандастырымның ықылас-ниеті мен болашаққа үміті зор», — дейді Фарида Мұңалқызы.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ