©
Еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында 32 «А» шағынауданында бой көтерген 240 пәтерлі екі тұрғын үй халық игілігіне тапсырылды.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Алик Айдарбаев пен ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев халықтың қуанышына ортақтасып, ақтаулықтарды егемендігіміздің 25 жылдығымен құттықтап, пәтер кілтін табыстады. — Еліміздің ең қастерлі мейрамы — Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында сіздер қоныс тойын тойлап, үлкен қуанышқа кенеліп жатырсыздар. Маңғыстау облысы тұрғын үй салу бойынша биылғы жоспарын артығымен орындады. Соңғы жылдары тұрғын үй салу қарқынды жүргізілуде. Осы қарқыннан таймауды көздеп отырмыз. Тәуелсіздік пен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында халықтың жағдайы жақсарып, шағынаудандар салынып, үйлер бой түзеуде. Бұның бәрі - елдің дамып жатқанының көрінісі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын. Үйлеріңізде тек қуаныш, шаттық болсын! — деді аймақ басшысы. Ақтау қаласы әкімдігінің үй кезегінде тұрған тұрғындар, Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары, жетім балалар, әлеуметтік жағдайы мүшкіл отбасылар, бюджет саласының мамандары және мемлекеттік қызметкерлер – жаңа пәтерлердің иелері атанды. Бұл күні пәтер кілтін алып, баспаналы болғандардың бірі – Родион Лагутин. — Балалар үйінің түлегімін. Қасиетті мереке қарсаңында баспаналы болдым, қуанышымда шек жоқ. Бұл арманыма жету үшін 8 жыл күттім. Бүгін облыс басшысының қолынан пәтер кілтін алған барлық тұрғындарды қуанышымен құттықтаймын, — деді ол. Бүгінде қала әкімшілігінің тұрғын үйге кезегінде 10 мыңға жуық адам тұр. Оның 550-ден астамы жетім не ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 1400-ден астам тұрғын баспанамен қамтылды.
Ханым ҚУАТ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ