©
Маңғыстау облыстық ауруханада қатерлі дерттің алдын алу және нақты диагноз қою мақсатында озық техникалармен жабдықталған онкологиялық зертхана салтанатты түрде есігін ашты. Оған облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева және республиканың түкпір-түкпірінен жиналған білікті дәрігерлер қатысты.
Ақ желеңділердің қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің орынбасары Бану Ғаниқызы жиналғандарды аймақ медицинасындағы жағымды жаңалықпен құттықтады:
— Бұл зертхана Қазақстандағы ең үздігі десем артық айтпағаным. Соңғы үлгідегі жаңа жабдықтармен жасақталған зертхананың арқасында қатерлі дертке шалдыққан науқастар не денсаулығын тексеруге келген жандар сапалы медициналық жәрдем алатын болады. Қатерлі ісік жасаруда. Сондықтан біз оған төтеп беріп, адам денсаулығын түзетуге бар күшімізді салуымыз қажет, — деді ол.
Сонау Алматыдан келген Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Хайдарова да зертхананың әлімдік стандартқа сай озық технологиялармен қаруланғанын және елде ондай медициналық жабдықтары бар үш зертхана ғана бар екенін тілге тиек етті.
— Қазақстанда онкологиялық дертке ұшыраған адамдардың саны өсті. Өкінішке орай, соңғы жылдары Маңғыстауда қатерлі ауруға шалдыққандардың саны 20 пайызға көбейген. Бір қуантарлығы, өлім көрсеткіші азайған. Және өлкеде науқастардың қатерлі дертті бірінші кезеңінде анықтап, емделуге асығатыны көңіл көншітеді. Біздің онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бес ай ішінде ілкімді істер атқарды. Оның ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша 299 маңғыстаулық дәрігерді оқытты. Облыстық онкологиялық диспансерінде институт директорының ғылым бойынша орынбасары Дәурен Ғалымұлы ота жасап, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ біздің мамандар тәжірибе мен теория ұштастыра отырып, дәрістер оқиды. Дәрістердің тақырыбы бас пен мойындағы ісікті емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған. Бүгінде бұл тақырып елімізде өте өзекті, - деді Қазақстанның бас онкологы Д.Хайдарова.
Оның сөзінше, республикада ағымдағы жылдың 10 айында қатерлі ісікпен ауыратын 36 мыңдай адам тіркеліп, 16 мыңдай адам көз жұмған. Маңғыстау облысы бойынша онкологиялық дертке шалдыққан үш мыңдай адам бар.
Жаңа зертхана бірқатар бөлімшеден құралған: эндоскопиялық кабинет, гистологиялық зертхана, иммуногистохимиялық және экспресс зертхана, клиника бар. Онда Ақтөбе қаласынан арнайы шақыртылған, онкологиялық аурудың белгілерін анықтайтын технологиялардың тілін жетік меңгерген білімді де тәжірибелі екі дәрігер, екі зертханашы мен бір санитар жұмыс істейді.
«Біздер 1 қарашадан бастап қызметке кірістік. Бәріміз де жаңа технологиямен жұмыс істеуді меңгеріп, кәнігі мамандар қатарынан көріндік. Алматы қаласында заман талабына сай жабдықталған медициналық аппаратар арқылы диагноз қойып, нәтиже шығаруды арнайы оқып, үйрендік», — дейді патоморфолог дәрігер Жәмиля Нұрмұханбетова.
Зертхананың ашылу салтанатынан соң «Holiday Inn» қонақ үйінде «Бас пен мойындағы ісікті емдеудің қазіргі заманғы тәсілдері» атты республикалық конференция өтті. Оған республиканың білікті мамандары, онкологтары және аймақтың денсаулық сақтау саласының майталман дәрігерлері қатысты. Онкология тақырыбындағы түйткілді мәселелер көтеріліп, сауалдар қойылып, жан-жақты талқылау жүргізілді.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="16140,16142,16139,16144"]