©
Бүгін өлкеміздің мақтанышы, Қазақстанның Еңбек ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың құрметіне өзінің туған жері Онды ауылының күншығыс беткейіне орнатылған «Абыз жолы» мемориалдық тақтасының ашылу салтанаты болып өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров бастаған ел ағаларымен қатар, кемеңгерге бас иген оқырман жұртшылық пен абыздың ауылдастары куә болды.
Ол өміріндегі үздік тәжірибесі мен құдай берген талантының арқасында шығармаларын күнделікті тірлікке үйлестіре білген жан. Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Мен Әбішті әлі танып болған жоқпын. Өйткені, ол жұмбақ адам. Әбіштің туған жерінің шөбі де, түйесі де, суы да бөлек. Әбішті тану үшін Маңғыстаудың тарихын білу керек. Кейде жан-жағыма қарап, оны іздеймін, сағынамын. Әбіштің шамы сөнген жоқ, ол бізбен бірге дүние тұрғанша тұрады. Қазақ бар кезде, Әбіш те бар» деген еді. Мінеки, «Өлді деуге болама айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған», — деп дана Абай атамыз айтпақшы, ол халықтық қызметтерде, әдебиетте де оқырмандарына өшпестей із қалдырған бірегей жан болатын.
Жиын барысында аудан басшысы Ж. Айтуаров пен Әбіштің балалық шағының куәсі болған құрдасы Іңірбай Көшербаев ескерткіш тақтаның лентасын салтанатты түрде қиып, осы ізгілікті іске мұрындық болған сол ауылдың тумасы Ғалымжан Ниязовқа ерекше алғыстарын жеткізді. Ауылдастары қазіргі Онды орта мектебінің атын Әбіш Кекілбаевтың атына ауыстыруды қолға алу керектігін жеткізді.
Алты қанат ақ боз үйдің ішіне жайылған дастархан басында сөз алған өңіріміздің құрметті азаматы Бектұр Төлеуғалиев кемел жазушының азаматтық қыры мен жазушылық қасиеттері жайында кеңірек сөз қозғап, жұртшылыққа Аңыз адам туралы естеліктер айтты.
М. КӘДІРБАЕВ