©
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов, Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Меңді Епенова облыстық сот ұжымы атынан Ұлы Отан соғысының ардагері Қамқа Үмбетәліқызын құттықтап, арнайы сыйлықтар мен гүл шоғын табыстады.
Қамқа Үмбетәліқызы 1923 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келіп, 1942 жылы әскерге шақырылған. Соғыс біткенше 1-Қиыр Шығыс майданының 9 — Әуе Армиясында әскери қызметте болған. Үздік әскери іс-қимылдары үшін Қамқа апа қызмет еткен авиаполктің барлық құрамына Жоғарғы Бас Қолбасшы И.С.Сталиннің бұйрығымен алғыс жарияланған. Қайсар қазақтың қызы 1945 жылы Жапониямен болған соғыста әскери ұшуларға қатысып, ерліктері үшін Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» және мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Қамқа апа бейбіт өмірде де Қазақ елі үшін қызмет еткен жан. Әскери қызметтен босағаннан кейін мұнай өнеркәсібінде еңбек етіп, 1965 жылдан бастап «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресі жүйесінде жұмыс жасаған. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, жер қойнауын барлау үздігі, Қазақстан Республикасының дербес зейнеткері атанған.
— Қамқа апаның өмірі, елі үшін жасаған еңбегі - жастар үшін өшпес өнеге. Ардагерлеріміздің Отан үшін от кешкені әрбір жастың санасында сақталуы тиіс. Қамқа апамызды және барша ардақты ардагерлерімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз. Көгімізде көк туымыз мәңгілік желбірей берсін, — деді сот төрағасы Жақсылық Аланов.
Қамқа Үмбетәліқызы үйіне келген қонақтарға өзінің марапаттары мен суреттерін көрсетіп, өмірбаяны туралы әңгімеледі. Ардагер Маңғыстау облыстық сотының ұжымына құрметі үшін шексіз алғысын білдірді.
Нұршат Өтеулиева