Осы тақырыппен қаламыздан жуық арада ашылған «Үміт үйінде» «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығы облыстық білім басқармасының «Балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» әлеуметтік мемлекеттік тапсырмасы аясында 8-10 сынып оқушыларының арасында әлеуметтік плакат байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған игі шаралардың бірі Маңғыстау облысында 25 қараша-10 желтоқсан аралығында өтіп жатқан «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» шарасы аясында БҰҰ Бас хатшысы белгілеген халықаралық «Ашық есік күні» аталған акцияның бірін орталық басшылары балалар өнеріне арнапты.
Балалар мен жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы әке мен баланың қарым-қатынасын жақсарту мақсатында ұйымдастырылып отырған шараға байқауға қатысқан оқушылар мен олардың ұстаздары жиналды. Осы байқауға баға беріп, жүлделі орындарды белгілеуге басшылық жасаған әуесқой суретші, «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығының заңгер маманы Александр Фокин көрмеге қойылған жүлделі 20 суретке сараптама жасап, кейбір ерекше жұмыстарға тоқталып, талдау жүргізді.
— «Әке, саған ұқсаймын» суретінде жасөспірім қыз бала ата-анасының арасында тұрған өз бейнесін салған және әкесіне ұқсастығын 90%, ал анасына ұқсастығын 10% деп белгілеген. Көрермендердің ерекше назарын аударған осы суреттен баланың әкеге деген махаббаты анық танылып тұр.
Біз ұлдардың әкеге еліктейтінін, өмірде үлгі қылатынын білеміз. Бұл қуанышты жағдай, бірақ, қыз балалардың да өз әкесн осынша жақсы көретінін, мына сурет танытты,-деді А.Фокин.
— Бұл шараны балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында біз сүйікті әкенің қандай болатынын олардың өздері салған жұмыстарынан байқадық. Әке қамқорлығын насихаттау, мейірімді әке бейнесін дәріптеу арқылы біздің орталық өнер мен тәрбиені ұштастыра отырып, қоғам өмірін, отбасы қарым-қатынасын әдеттегіден мейірімдірек көрсетуге талпыныс жасайды,-деді «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Райхан Абдуллақызы.
Бұл шараның, оны ұйымдастырып отырған «Рай» орталығының маңыздылығын үстіміздегі жылдың өткен жарты жылында аталмыш орталыққа 47 адамның хабарласып, сенім телефоны арқылы – 10, кеңес алуға – 37 адамның көмекке жүгінгенін ескерсек, қоғамдағы, оның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың деңгейі қандай екенін шамалауға болады.
— Байқауға 33 жұмыс келіп түсті. Сараптамадан өткен 20 сурет арасынан жүлдегерлер іріктелді. Біз жұмыстарды сараптау барысында 4 бағытты нысанаға алдық. Көркемдігіне, жаңашылдығына, өзектілігене, тақырыптың жан-жақты ашылуына баса мән бердік,-деді орталықтың жобалаушысы Мұқаш Оралбаев.
Қазылар алқасының шешімімен: І орынға – Аида Тасқынова, ІІ орынға – Әсел Рахмет, ІІІ орынға – Индира Қабенова мен Карина Жанахметова лайық деп танылды. Сонымен бірге, Ләззат Нұрмағамбетова – «Ең үздік әсерлі плакат», Жалғас Селбаев - «Ең үздік креативті плакат», Жәнібек Тұрманов – «Ең үздік суреткер» аталымы бойынша марапатталып, бағалы сый-сияпатқа ие болды. Байқау жүлдегерлерінің жұмысына қатысушылар да оң бағасын беріп, шай дастарханында кеңесе отырып, дәм ауыз тиді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ