Қаламыздың Жаңа Кетік деп аталатын жаңа құрылыстар ауданында өңірімізге белгілі дәрігер Қосай Қаниев атындағы көше пайда болды. Бұл оқиға дүйсенбі күні салтанаттты түрде өтті.
Қосай Қаниев – бүкіл өмірін дәрігерлікке арнаған кісі. Астраханьдағы медицина институтын бітірген Қосекең өз қаласына келіп, дәрігер атанғаннан өмірінің соңына дейін өз мамандығының білгірі, мықты медик ретінде танымал болды. Аурухана, емхана, жедел жәрдем бөлімін басқарады. Қашан да абыройлы атанып, білгірлігімен, қолының жеңілдігімен елге атағы шығады. ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, толып жатқан Құрмет және мақтау грамоталарымен марапатталады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де дәрігерлікті тастамай, өзінің ізбасарларын дайындаумен болды. Қосай Қаниев 2011-жылы 69 жасқа қараған шағында бақилық болды.
Атақты дәрігер, абзал азамат Қосай Қаниев атын жаңа көшеге беру рәсіміне марқұмның зайыбы Мақпал апай, дәрігерлер қауымы, ел ағалары, аудан мен қала басшылары, жастар мен оқушылар, Жаңа Кетік тұрғындары қатысты. Аудандық мәслихат хатшысы А.Досанова, ауданның бас дәрігері Гүлшат Шалабаева, дәрігер Бағила Қалиева, Қосекеңнің інісі, белгілі дәрігер Кенжеғели Қаниев сөз сөйлеп, ағаның азаматтық бейнесін танытардай естеліктер айтты.
Көшеге аты берілгенін айғақтайтын ескерткіш белгіні аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аман Күзембаев, дәрігер Гүлшат Шалабаева және Кенжеғали Қаниев ашты. -Біздің қаламыздың бас жоспары 30 мың адамға шақталып жасалған ғой. «10 мыңға жете алмай жүрміз, 30 мың адамды қайдан аламыз?» деушілер де болған. Бұдан 25 жыл бұрынғыға қарағанда қазіргі халқымыз 2 есе көбейді, ал, қаланың аумағы 4 есеге ұлғайды. Жаңа көшелер пайда болып жатыр. Сол көшелерге халқымыздың қадірлі ұл-қыздарының есімін беру дәстүрімізге айналып келе жатыр. Мына көшеге аты берілген Қосай ағамыз – бүкіл түпқарағандықтарға шапағаты мен шарапаты тиген, біртуар азамат еді. Ендігі жерде Қосай аға көшесінен сол ағамыздай азаматтар, мықты дәрігерлер шығады деп үміттенейік, — дейді Айкүміс Досанова.
Осы күні Қосай Қаниев ағаны еске алып, дастархан жайылып, садақа берілді.
Анар РАХИМБЕКОВА