Тәуелсіздік мерекесі аясында «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» тақырыбында 25 жұлдызды күннің бір күні білім саласына арналып, «Хан Шахар» салтанат сарайында облыстың білім беру қызметкерлерінің «Білімді Қазақстан» интеллектуалдық конференциясы өтті. Онда облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мұғалімдерді құттықтап, лебізін білдірді.
Конференцияда сөз сөйлеген білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова қомақты әлеуметтік, әсіресе білім беру жүйесіндегі реформаларды жүргізу Егемен Қазақстанның алғашқы құқықтық құжаттарының бірі – Тәуелсіздік Декларациясында бекітілгенін атап айтты.
— Облыс бойынша 23 мектеп пилоттық режимде жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға бейімделуде, - деді ол. - Білім саласын қаржыландыру мөлшері 1991 жылы – 1,4 миллиард болса, 2016 жылы – 47,7 миллиардқа жетті. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2006 жылдан бастап жаппай компьютерлендіру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдары компьютерлік сыныптармен, заманауи интерактивті тақталармен жабдықталған және 100% кең жолақты интернетке қосылған. Биылғы оқу жылында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен мектептер бірегей сандық білім беру ресурстарына қосылып отыр. Облыс бойынша мектептер 87 химия, 95 биология, 58 физика кабинеттерімен жабдықталған. 2017 жылы облыс бойынша 7 биология кабинетіне - 35,0 миллион, 6 химия - 30,0 миллион, 7 физика кабинетіне – 35,0 миллион теңге бөлу жоспарлануда. Шағын жинақты мектептерге кең жолақты интернетке қосылу үшін 2016 жылы 5 952000 теңге бөлінді.
Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – облысымызда 692 бірінші сынып ашылып, 15565 бүлдіршін жаңа стандарт бойынша оқытылып отыр. Ал бітіруші сыныптар жаңа форматта ҰБТ тапсырады. Нақтылап айтатын болсақ, орта білім туралы аттестат алу үшін мектепте бітіру емтихандарын, жоғары оқу орындарына түсу және мемлекеттік грант алу үшін ҰБТ тапсырады.
Облыс бойынша 23 мектеп пилоттық режимде жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға бейімделуде. Облыстағы «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Қазақ-түрік лицейі», дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернаты, тәжірибесі білім беру жүйесінің барлығына таралатын инновациялық мектептердің дербес желісі тәуелсіздік жылдарының еншісінде. Жыл сайын халықаралық, республикалық ғылыми жобаларға қатысып, оның 38,6% жүлделі орын алған дарынды жастарымыз көбеюде. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруде соңғы 2 жылда «World Skills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің өңірлік және ұлттық чемпионаты ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылы республикалық чемпионатта біздің облыс 3 құзыреттілік бойынша жүлделі 1,2,3-орындарды иеленді. Өңірімізге керекті, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын ашу және колледждерде «кәсіпкерлік негізі» пәндерін дамыту, дуалды оқыту желісін кеңейту қолға алынуда.
Сондай-ақ Тәуелсіздік арқасында 12 жылдық білім беру, 5 күндік оқу аптасы, үш тілде білім беру, ШЖМ желісін дамыту, бірыңғай мектеп формасын таңдау, жоғары сыныптарда физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту сияқты маңызды мәселелер қолға алынды.
Өңіріміздің бас мұғалімі жаңа жобаларға қысқаша тоқталды. Алға қойылған міндеттердің бірі — орта мектептерде сапа менеджментін енгізу. Ол үшін, біріншіден, мектеп басшыларын оқыту жүзеге асырылуда. Осы мақсатта облыс әкімдігінің қолдауымен басшы кадрлар білім берудегі менеджмент бойынша магистратурада білім алуда. Екіншіден, білім беру ұйымдарының қызметін бағалаудың рейтингілік жүйесі енгізілді. Бұл–әрбір мектептің білім сапасын жетілдіруге мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Ағымдағы жылдан бастап әрбір білім беру ұйымына әдістемелік ұсыным мен бағалаудың өлшем шарттарына сәйкес өзіндік бағалау жүргізу ұсынылды.
Конференцияда білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздар Лариса Казакова, Шамшагүл Раисова, Исенбай Қалдаманов, Жиде Жеткізген саланың даму жолдары, өздерінің жетістіктері туралы баяндады.
Ұстаздар жиналысында облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мен басқарма басшысы Зейнеп Тастемирова бір топ мұғалімдерді облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының алғыс хаттарымен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА