©
Соңғы он жылдай уақыттан бері түрлі діни ағымдар және олармен байланысы бар экстремистік құбылыстар туралы еститін болдық. Және күн өткен сайын имандылық, бейбітшілік сияқты ең жағымды ұғымдарды ғана насихаттайтын ата дініміздің атын жамылған террористік ұйымдар жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіруде. Экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттердің өздері лаңкестіктің алдында дәрменсіз екендігіне әлемде болып жатқан оқиғалар дәлел бола алады. Бүкіл әлемге ортақ індет болғандықтан және еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен ішкі саяси тұрақтылығы үшін мұның күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналуы заңды да. Түпқараған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында Ақтау қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі Ақшұқыр ауылында өткізген «Жастарды жат ағымнан арашалау–басты міндет» тақырыбындағы конференция — осы орайда жүзеге асырылған шаралардың бірі.
Конференцияны кіріспе сөзбен ашқан «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шәулиев ұйымның өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ашылғанын және сол бағытта жанды жұмыс жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін тарта отырып, Түпқараған ауданы тұрғындарымен ашық сұхбат алаңы арқылы Маңғыстау облысындағы дін істері басқармасында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, дәстүрлі емес діни ағымдар идеологияларының жіктелуі, дәстүрлі дінімізді ұстануға ниетті жастарға бағыт-бағдар беріп, ұсыныстар және жастарды жат ағымнан қорғау үшін атқарылуы тиіс жұмыстарды анықтау екендігін айтты.
Облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Есенәлі Иса өңір тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жүріп жатқан жұмыстарға тоқталды. Есенәлі Жарылғасынұлының айтуынша, облыстағы 8 ақпараттық-түсіндіру тобы (АТТ) биылғы қараша айына дейін 5419 іс-шара өткізіп, 155958 адам қамтылған. Ал республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мүшелері—исламтанушылар, теологтар облысымызға 7 рет келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— Қазіргі таңда жастар арасында дәстүрлі емес діни ағым өкілдері байқалуда,-деді ол. - Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар діни экстермизмге қарсы күрес жұмыстарын жүргізуде. Жастардың радикалды діни ағымға кету себептерін дінтанушы, исламтанушы, психолог мамандар, сарапшылар анықтауда. Дегенмен, түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында жастардың радикалдануында негізінен діни білімсіздік, ата-ананың және қарым-қатынас ортасының ықпалы, әлеуметтік желілердегі уағыз-насихат арқылы кірген факторлар басымырақ екендігі белгілі болып отыр. Жастар арасында теріс пиғылды діни ағымға еріп кетудің алдын-алу бағытында орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында, жұмыссыз жастар жәрмеңкелерінде, халық көп жиналатын орындарда, спорт секцияларында, әскери бөлімдерде барлығы 428 шара өткізілді. Сонымен қатар діни сауаттылықты арттыруға негізделген Дін істері комитетінің сараптауынан өткен кітаптарға тапсырыс беріліп, 23 түрлі 7000 дана кітап сатып алынып, облыс кітапханаларына, мешіттерге, мектеп кітапханаларына, жеке адамдарға таратылды. Дәстүрлі дінді дәріптейтін, радикалды ағымға түспеу жайын баяндайтын 9 билбордтық өнім дайындалып, қалалар мен аудандардағы адам көп шоғырланатын орындарға ілінді.
Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2016-2017 жылдарға арналған білім басқармасы мен дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру топтарының радикалды діни идеологияның және басқа теріс пиғылды көзқарастардың ықпалына ұшырамаған жастар арасында тағатты сана мен патриоттық сезімдерін нығайту, сондай-ақ бұрмаланған діни көзқарастардың қалыптасуының алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді басты назарға қою мақсатында бірлескен жоспар бойынша шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізуде. Биылға дейін оқушылар арасында жалпы, арнаулы аудиторияларда түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, осы жылы ислам, христиан дініне қызығушылығы бар оқушылар және олардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылып, оқушы мен оның ата-анасының ұстанған діни бағыты анықталды. Дінге қызығушылығы бар оқушылармен теолог-мамандардың қатысуымен жеке кездесулер жүргізіліп, сабақта болмауы, ата-анасының жеке кездесуге рұқсат бермеуі салдарынан 13 оқушымен кездесу кейінге қалдырылды. 239 оқушы дәстүрлі бағытты, 53 оқушы дәстүрлі емес бағытты ұстанатындығы анықталды. Білім басқармасымен бірлескен жұмыс ұйымдастырылып, осы дәстүрлі емес бағыттағы оқушыларға оңалту жұмыстары жүргізілуде.
9-16 жастағы жастар рухани қажеттілікке душар болады. Осы уақыттарда ата-ананың баласы алдындағы басты міндеті—рухани қажеттілікті қанағаттандыру. Алайда, көпшілік ата-ана балаға рухани тәрбиеден гөрі материалдық қажеттілікті өтеумен шектелуде. Бүгінде әлеуметтік желілерден радикалды ағымдарға түспеу туралы бейнероликтер көптеп таратылғанымен, бұл жастарға еш әсер етер емес. Алдын алу шараларын бағдарламаға сәйкес дін істері басқармасымен қатар барлық мемлекеттік мекемелер жүргізуге міндетті.
Оқушылардың жазғы демалыс уақытын дұрыс пайдалану мақсатында облыстық мешіт жанынан балалар лагерлері ашылып, діни сауат ашу курстары ұйымдастырылды. Діни сауат ашу курсында түске дейін араб тілін оқыту, түстен кейін демалыс уақыты, одан соң спорттық шаралар, қалаға, кинотеатрларға экскурсиялар ұйымдастырылды. Лагерде 16 күннен 140 ер бала, 58 қыз бала діни сауттарын ашты.
«Қауырт желі-114» сенім телефонына 80 адам хабарласты, оларға діни, құқықтық-психологиялық кеңестер берілді. «ВКонтакте», «Facebook», «Twitter», «Youtube», «Kaztube» әлеуметтік желілерінде «Стоп секта» парақшалары ашылып, жұмыстар жалғасын табуда.
Облыстық орталық мешітінің найб имамы Құрманбек Адбалиев сәләфизм идеологиясын жіктеудің қажеті жоқтығын айтты.
— Бұл тек қана біздің басымыдағы проблема емес. Сәләфизм жаһандық мәселе болып отыр. Алысқа бармай-ақ, елімізде болған уақиғаларға ой салып қарағанның өзінен-ақ оның дін атын жамылған ағым екенін, яғни, қой терісін жамылған қасқыр екенін білу қиын емес. Сол оқиғалар арқылы сәләфизм ағымының толық бетпердесі ашылды. Бұл—әкімшілік немесе құқық қорғау орындары, имамдар немесе мұғалімдер ғана емес, бүкіл ел болып күресетін жау. Ел болып күреспесек, оның зардабын түсінбесек, онда біздің жасап жатқан жиналыстарымыздан түк пайда жоқ. Оның зиянын алдымен халық түсініп, білуі керек. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болып, алдын алуға болар еді. Қарапайым тілмен айтар болсам, теріс ағымға кіріп кетудің ең басты себебі—сауатсыздық. Мұсылман деп кімдерді айтамыз? Әрине, «Әшшаду анна ля иллаһу иллялаһу. Уа әшшаду анна Мұхаммадан ғабдуһу уә расуллаһу», яғни, «Алладан басқа тәңір жоқтығына куәлік беремін, Мұхаммед оның елшісі екендігіне куәлік беремін» деп, мағынасын түсініп, жүрегімен қабылдап, тілімен айтқан және Алла тағаланың жіберген Құраны мен Пайғамбарының (с.ғ.с.) сүннетіне сүйенген адамның мұсыман екендігін білеміз. Ал сәләфизм осы калима шаһадатқа үшінші нәрсені қосады. Шаһада айтқанымен, оның бойында амалы болмаса, ол мұсылман емес дейді. Амал дегеніміз намаз, ораза, яғни Алла тағала бұйырған құлшылықтар,-деді най имам.-Үйдегі бала ата-анасы діни сауаты болмағандықтан, үйінде діни ақпарат алмағандықтан ол ақпаратты сырттан алады да, соны таза ақпарат сияқты көреді. Әрине, теріс ағымдағылар балаға ешқашан бөтен, жаман нәрсе айтпайды. Намаз, ораза сияқты құлшылықтарды айтады. Жақсы нәрселедрді айтып, өзіне әбден баурап сендіргеннен кейін ата-анасын сұрайды «мұсылман ба?» деп. Баласы «иә, мұсылман» десе, амалын сұрайды. Егер намазы, оразасы жоқ, анасы орамалсыз, ата-анасы арақ ішетінін айтса, онда ата-анасының кәпір екенін айтады олар. Сондықтан ата-анасы балаға үйретіп өсіруі керек калима айтқанның мұсылман екенін. Оған мына оқиға дәлел. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) уақытында кәпірлермен соғыс болды. Сонда Уссама ибн Зайд деген сахаба бір кәпірмен қылыштасып жатқанында жеңіліп бара жатқан кәпір калима шаһадат айтты. Сонда да Уссама ибн Зайд оның басын шауып тастайды. Соғыс бітіп, соғыстың қалай болғанын баяндап отырғанында барлығы жиналып, осы жағдайды айтып, Мұхаммедтен (с.ғ.с.) мұның дұрыс-бұрыстығын сұрайды. Ал Пайғамбар (с.ғ.с.) әлгі сахабаны шақырып, болған жайттың мәнісін сұрап-біледі. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) оны неге өлтіргенін сұрайды. Уссама: «Ол калиманы өлетін болған соң қорықаннан айтты ғой», дейді. Сонда Мұхаммед (с.ғ.с.): «сен оның жүрегін жарып көрдің бе? Ертең Алла тағаланың алдына барғаныңда бұған қалайша жауап бересің?» деп, ашуланған соң әлгі сахаба қатты қателескенін мойындап: «Алладан кешірім сұрап дұға тілеңізші мен үшін», дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған кешірім дұға тілемей, ренжіген күйі шығып кетіпті. Осындай дәлелдерді балаға үйрету керек. Екінші мәселе «Құранмен, сүннетпен жүресің бе, әлде мазхабпен жүресің бе?» деген сұрақтың қойылуында. Құран—Алла тағаланың сөзі, сүннет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) іс-әрекеті, ал мазхаб дегеніміз бір ғалымдардың шығарған нәрсесі», деп түсіндіреді олар. Жастарды осылай деп те адастырып жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтып кеткен «менен кейін үш алтын ғасыр болады. Сол үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандар бақытты. Олар—менің көзімді көрген сахабалар, олардың көзін көрген табиғиндер, табиғиндердің көзін көрген табаға табиғиндер», деп. Құран мен сүннет бойынша төрт мектепті салғандар—Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының көзін көрген табиғиндер еді. Атасын келер ұрпағынан гөрі немерелері жақсырақ білетіні сияқты, сахабалардан табиғин ғалымдар сұрап білген боатын. Ал «мазхаб жоқ, мазхабты салғандар тек ғалымдар» деп жүргендер—олардан соң он ғасырдан кейін, 18-ғасырда келген Мұхаммед ибн Абдул Уахаб деген адамның жолын ұстанушылар. Жастарды адастыратын үшінші жол—жаңа намаз оқи бастағандарға: «сен пайғамбарлар өмірге келген, қаншама мыңдаған сахабалар өмір сүрген, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) келген және жерленген, Құран түскен, бес парыздың бірі міндет болған Мекке мен Мәдинадағы мұсылмандарды адасты деп ойлайсың ба?» деген сұрақтың қойылуы. Ал шындығында, Сауд корльдігі 1927 жылы ғана құрылды. Оған дейін бұл жерді Мазхаб иелері басқарған. 18-ғасырда қазіргі Сауд арабиясындағы Нәжд деген жерде дүниеге келген Мұхаммед ибн Абдул Уахабтың әкесі ғұлама ғалым болып, баласын басып тастап отырған. 1740 жылдан батап, әкесі өлгеннен кейін ол өзінің уахабизм жолын еркін жая бастады. Билікті қолдарына алғанша оның жақтастары ешқашан отанын қорғау үшін немесе Ислам үшін кәпірлермен, басқа мемлекеттермен соғысқан жоқ, «мынау ширк, мынау бидғат» деп, тек қана мұсылмандарды өлтірумен айналысып жүр. Әлі де солай. Оладың ережесі бойынша өздеріне қосылмағанның барлығы, мұсылмандық парыздарын орындап жүргеніне қарамастан, оларды өлтіруге рұхса берілген. Бүкіл мұсылмандардың қанын төккен оларды біз мойындамаймыз, әлемнің мұсылман мемлекеттерінің 99 пайызы оларды мойындамайды. Міне, жастарымыз осы үш мәселеде адасуда.
Осылай деген Қ.Адбалиев теріс ағымға еріп жүргендердің барлығы өз балаларымыз екендігін, олардың әрқйсысымен жеке жұмыс жасалып жатқанын айтты. Дін өкілдері былтыр 261 адаммен сөйлесіп, олардан 20 адамның қателігін түсінуіне себеп болған. Сондай-ақ ол Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып, ата-ана мен ағайын-туыс қарым-қатынасының дініміздегі маңыздылығы, қазақтың көптеген салт-дәстүрінің Исламмен астасып жатқаны жайында мол мағлұмат берді, ата-аналардың намаз оқығысы келген балаларға қарсылық крсетпей, мешітке апаруы керектігін, өздері де мештіке келіп, білмегенін имамнан сұрауы қажет екенін ескертті.
— Аллаға шүкір, қазір мешіттер де көбейіп келе жатыр өңірімізде. Сол мешттерді толтыру керек. Біз толтырмасақ, өзгелер толтырады. Үлкен кісілер, ақсақалдар мешіттерге барып, 5 уақыт намазын сонда оқып, теріс бағытқа бұрылып бара жатқандарды тиып отыруы керек. Көп қорқытады, терең батырады дейді қазақ. Біз көп болуымыз керек. Қазір «Нұр-Мүбарак университетінде өңірімізден 44 бала оқып жатыр. Биылдың өзінде 19 бала осы оқу орнына түсті, 11-і грантқа, сегізі ақылы. Елімізде 9 медресе бар, оларда 51 бала оқып жатыр. Олар оқу бітіріп келсе, үлкен күш болады, ел мүддесі үшін қызмет етеді деп үміттенеміз.-деді найб имам.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің терроризмге қарсы орталығы бөлімінің аға жедел өкілі Ахмет Сержанов Қазақстан Республикасының «Терроримзге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына түсініктеме берді. «1999 жылы қабылданған ҚР «Терроримзге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен ҚР Үкіметінің 2010 жылғы №404 Қаулысымен бектіліген «Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидаларын» еліміздің жаңа тарихында терроризмге қарсы тұру бағытындағы алғашқы заңнамалары деп есептеуге болады. Одан кейін қабылданған нормативтік құқықтық актілердің барлығы 2010 жылдан бастап бері қарай жарық көрген», деген ол Заңдылықты талдап көрсеті.
Ішкі істер департаменті діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бөлімінің бастығы міндетін атқарушы полиция подполковнигі Дәулет Қартжанов «Діни экстремизм мен терроризмге байланысты қылмыстық іс-әрекеттің жауапкершілігі туралы» әңгімеледі.
Конференцияға қатысушылар көтерілген мәселеге орай сауалдарына тұшымды жауаптар алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА