©
Егеменді ел атануымыздың 25 жылдығын тойлар күн жақындап келе жатыр. Бұл күндері барлық қазақстандықтар бейбітшілік пен даму жолына қадам басқан еліміздің Тәуелсіздік күнін атап өтуге барынша күш салуда. Мұндай игі шараларды өткізуде Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі де белсенділік танытуда.
Зияткерлік мектеп оқушылары 12 желтоқсан күні «Ақтау» сауда-ойын сауық орталығында «Ұлы дала перзенттері» атты домбырашылар флешмобын өткізді. Аталған шараға зияткерлік мектептегі домбыра, вокал, би үйірмесінің 30-ға жуық оқушылары белсенді қатысты.
Түс ауа сауда орталығына жиналған облыс тұрғындарына «Керемет» би ансамблі және Салтанат Қабылбаева, «Қорқыт Қобыз» әнін орындады. Ал кейін жас домбырашылар Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» және «Балбырауын» күйлерін күмбірлете орындады. Кейін Қайсар Бигелдиев, Мади Карлов, Бекзат Мұстафа, Бексиық Қожаназардан құралған квартет «Туған ел» әнін орындаса 9-сынып оқушылары Есенғали Ғабит, Жарлығапов Асланбек, Сейілхан Бағдат «Туған жер» әнін орындады.
- Бүгінгі "Ұлы дала перзенттері" флешмобына жүргізуші ретінде қатыстым. "Сарыарқа" мен "Балбырауын" күйін орындаған сыныптастарымның өнеріне тәнті болып, бір жағынан егемен елдің еркін ұрпақтары екенімізді сезіндім. Біз өткізген шара сауда орталығының келушілерінің титтей де болса көңілін көтерсе мен қуаныштымын. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығымен барша қазақстандықтарды құттықтаймыз, - дейді флешмобқа қатысушы Құндыз Ералы.
Айта кетейік, шара екінші рет республикадағы барлық зияткерлік мектепте бір күнде өткізілді. Былтыр флешмоб дәл осындай атаумен ҚР Тұңғыш Президенті күніне өткізілген болатын.
Рысгүл РАМАЗАНОВА Суретті түсірген автор