Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде мұсылман баласы үшін шаттық пен қуаныш күні Мәуліт мерекесі аталып өтті. Исламдағы пайғамбарлардың ең соңғысы әрі ең үстемі Мұхаммед ғалейкумассаламның туған күні рабиғәл-әууәл айының 12-інші жұлдызында тойланады. Ақтаулық жамағат жиналған мешіт үйінде расулуллаһ еске алынып, мәуліт оқылып, сансыз салауаттар айтылды.
571 жылы сәуірдің 20-сында рабиғәл-әууәл айының 12-інші жұлдызында Меккеде дүниеге келген Мұхаммед пайғамбардың туған күнін тойлап, Алланың разылығы үшін мәуліт қасидасын айту барша мұсылман үшін жыл сайынғы ізгі дәстүр деуге болады. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде биыл да жаны жақсылыққа құштар жамағат жиналып, ақ дастархан басында мәуліт оқып, ақсақалдар ақ тілектерін айтты.
Адам адал жолдан адаспау үшін иманды болу керек. Ал, имандылық үшін исламның хақ жолын түсініп, жас ұрпақ санасына оның құндылықтарын сіңдіре білу керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тегіміз-түркі, дініміз – ислам екенін ешқашан ұмытпау керек» деп, соңғы да бірегей дініміздің асылдығын айтып келеді. Болашаққа берік бағытымыз, нық қадамымыз имандылық арқылы жасалса, онда Тәуелсіздігіміздің баянды да мәңгі болары сөзсіз. Екі дүниенің сардары, адамзаттың тәжі Мұхамбет пайғамбарымыздың туған күні - мәуліт мерекесі мүбарак болғай!-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсенқажы Хаснияз. Жыл сайын аталып өтілетін әзиз пайғамбарымыздың туған күн мерекесіне жиналған жамағаттың қатары биыл да аз болмады. Жұртшылық аса мерейлі мәнермен оқылған мәртебелі мәулітке ұйып, Алланың атынан сансыз шүкірлік айтып, Мұхаммед пайғамбарымыз туралы қызықты мәліметтерге қанық болды. Имамдар мәуліт айында пайғамбарды танып-білуге ұмтылып, оған деген сағыныш пен махаббатты сәлем мен салауат етіп айту керек дейді.
Пайғамбар жасында қиылған қысқа ғұмырында бүкіл адамзатқа үлгі боларлық өмір тарихын қалдырған Мұхамбет пайғамбар өте кішіпейіл, ең мейірімді де сабырлы болатын. Жетім-жесірлерді жебеп, әлсізді демеуден шаршамаған ол көбіне аш жүріп, аз күліп, құлшылықты көп жасайтын. 40 жасында пайғамбар атанған ол ата-анасынан ерте айырылады. Өзінің 7 перзентінің алтауы көз алдында өмірден ерте кетеді. Бірақ, өмірдің осындай қиындықтары мен қатыгездіктеріне мойымаған пайғамбар ғұмырын адамдарға жақсылық жасау мен исламның игі жолына арнады, — дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкіл имамы Смайыл Сейтбеков, Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тәтті тағам ұсынып, өткен кездердегі қызықты да мағыналы сәттерді әңгімелегенді ұнатқан екен. Сондықтан мереке күндері мұғжизалар айту және тыңдау сауапты болмақ. Қадір түнінен кейінгі қадірлі түнде пайғамбарымыздың туғанына шын қуанып, адамдарға жақсылық жасап, расулуллаһты ыстық сағынышпен еске алғандардың күнәлары кешіреледі екен.
Мәуліт айын мерекелеп, мешіт үйлерінде асыл дініміз туралы жиындар мен кештердің өткізуге қол жеткізу бізге Тәуелсіздіктің нәтижесінде мүмкін болды деп ойлаймын. Аллаға шүкір, пайғамбарымызға мадақтау айтып, оның игі істерін еске алып ғибадат етіп отырмыз. Осындай бақытты сыйлаған Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, баянды болғай! — дейді мешіт жамағаты атынан сөз алған Лепес қажы Исаев.
Ислам тарихында ең алғаш рет мәуліт мерекесін тойлау Алла елшісінің дәуірінде көрініс тапқан. Ол кезде арнайы мерекелік шаралар ұйымдастырылмаса да, жұрт пайғамбарды ұдайы ұлықтап, ерекше қасиеттерін айтудан жалықпайтын. Мұхамбет пайғамбар дүниеге келгенде жер бетіндегі жаратылыстың бәрі өзінше шаттанып, алтын нұрға шомылып тұрды. Өмірінің ақырына дейін пенделерге дұрыс жүріп, көркем мінезді болуды үйретуден жалықпаған пайғамбарымыз туралы ақпаратқа қанып болып, Алланың атына салауат айтылған мереке барысында ақсақалдарға шапан жабылып, жастарға бата берілді.
Ақтаулық жамағат пайғамбарымыздың туған күнін ерекше шаттықпен атап өтті.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="16062,16058,16046,16045"]