Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Маңғыстау облыстық сотының ұйымдастыруымен «Досан батыр» спорт кешенінде спорттық ойындардан жарыс өтті. Басты мақсат-салауатты өмір салтын сақтау, судьялар мен сот қызметкерлері арасында спорттық ойындарды кеңінен насихаттау, мықты спортшылар мен өнерлі қызметкерлерді анықтап, оларға қолдау көрсету.
Шараға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына сәйкес 25 ойыншыдан тұратын, Маңғыстау облыстық сотының «Әділет» командасы, Жаңаөзен қалалық соты мен Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының «Бейбітшілік» командасы, Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу, Мұнайлы аудандық соттарынан жасақталған «Ынтымақ» командасы, Ақтау қалалық соты, экономикалық сот, Ақтау қалалық әкімшілік сотының «Азаттық» командасы, Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты, кәмелетке толмағандар соты, Ақтау қаласының №2 соты, Қарақия аудандық сотының «Бірлік» командасы қатысып, бақтарын сынады.
— Шараға қатысушы командалар бір-бірінен бірыңғай киім үлгісімен ерекшеленді. Жарысты арнайы қадағалап, төрелік айтып отыру үшін кәсіби төрешілер мен қазылар алқасы бекітілген. Әр команда 5 адамнан құралып, алты кезең бойынша сынға түседі, — дейді Маңғыстау облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гаухар Нұрханова.
Алғашқы кезеңде командалар өзара сәлемдесіп, топтың атымен және ұрандарымен таныстырды. Екінші кезең «Көңілді эстафета» деп аталып, команда мүшелері қаппен жүгіру, допты секіртіп жүгіру, допты жеткізу, сегіргішпен жүгіру және жүк көтеріп жүгіру бойынша бақ сынасты. Үшінші кезең «Асық-party» деп аталып, қатысушылар ұлттық ойындардан жарысты. Бір сәтке алаңсыз асық ойнаған балалық шақтарын есіне түсіріп, қорғасын құйылған сақаларын ортаға лақтырды. Бұл кезеңде облыстық сот төрағасы Ж.Аланов өзі асық атудан өзгелерге үлгі көрсетті. Төртінші кезеңде әр топ мүшелері тепе-теңдікті сақтап, ептілікке баулитын «ләңгі» тепсе, бесінші кезеңде 16 келілік кір тасын көтеруден топ мүшелері сынға түсті. Соңғы кезеңде командалар бір-бірімен арқан тартысып, қара күш иелерін анықтады.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысында бірінші орынды жеңіске деген зор құлшынысымен ойын көрсеткен «Әділет» командасы жеңіп алып, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды «Азаттық» командасы қанжығалады. Ойыншыларының бірлігімен, шапшаңдығымен көзге түскен «Бірлік» командасы үшінші орынға тұрақтады. Ойыншылар ішінде әрі желаяқ, әрі мерген, әрі шапшаң қимылымен көпшілік назарын өзіне қаратқан облыстық соттың жетекші маманы Гүлбаршын Берішбаева «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Венера МИРЛАН