©
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі тойымен тұс келген тағы бір тарихи шара өз мәресіне жетті. Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының үлкен залында 4 күн бойы 7 танымал ұжым, 190 актер қатысқан «Әбіш әлемі» І театр фестивалінің жабылуы өтіп, жеңімпаздар марапатталды.
Төрт күн бойы киелі сахнадан өз шеберліктерін өнерсүйер қауымға паш етіп, қошеметке бөленген өнерпаздар көрермендермен бір залда отырып, мерекенің жабылу салтанатына куә болды. Олардың алдына қазақтың ұлы актері Асанәлі Әшімов шығып:
— Ассалаумағалайкүм, құрметті көрермендер! Кеш жарық, қымбатты ақтаулықтар! Бауырлар, қандастар! Той тойға ұлассын! Халық алдына шығу жоғары жауапкершілікті талап етеді. Бүгін соңғы күн! Қоштасуға келгенде қимай тараймыз. Әр театрдың өз беті бар. Өз жолы бар. Бір жері жақсы, бір жері осал. Соның бәрі қорытылады. Шешім шығаруда арамыздағы театр техникасын жетік білетін докторымызбен санасып отырдық. Бәрі де әділ болды. Мереке жоғары дәрежеде өтті. Ұйымдастырушыларға алғыс айтам, — деді.
Ресейдің Дағыстан республикасынан Ноғай мемлекеттік драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры - қатысушы атағына ие болып, Петропавл қаласынан келген С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры – «Әбіш Кекілбаев шығармаларын сахналаудағы актерлік ізденістері үшін» марапатталып, 250 мың теңгеден, Ақтөбе қаласынан келген Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры – «Тарихи тақырыпты сахналау» аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталып, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры – «Заманмен үндес спектакль», Алматы қаласынан М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры – «Үздік Ә.Кекілбаев аудармасы» аталымына ие болып, 500 мың теңгеден байрақ алды.
Еңсеп ролін шебер сомдағаны үшін Еңсеп ұрпағы Есенғали Раушанов актер Айбек Иманқұловқа өз атынан арнайы сыйлық ұсынды.
Бас жүлде – «Ең үздік қойылым» аталымымен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрына бұйырды. Жүлдені Н.Мұқанов пен Г. Мерғалиеваға А.Әшімов тапсырды.
Қоштасу рәсіміне жиылған халыққа Латиф Хамидидің «Қазақ вальсін» Халима Наушабаева, «Ұйғыр биі» Жорға би ансамблі, Абылай хан монологын Қуандық Қыстықбаев, Абай монологын Дулыға Ақмолда тарту етті.
— Құрметті, фестивальға қатысушылар! 4 күн бойы осы сахнада көрерменмен қауышқан сәттер аяқталып келеді. Осы күндерде көрермендер Абылайхан, Еңсеп, Лир, әмірші т.б. кейіпкерлермен сырласып, дидарласты. Әбіш Кекілбаев рухына тағы бір тағзым етіп, А.Әшімов бастаған қазылар алқасына рахмет айтқым келеді. Бұл «Әбіш әлемінің» мәңгілікке ұласқанының белгісі, — деді салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="15982,16012,16009,16007,16006,16005,16003,16002,16000,15995,15992,15991,15989,15986,15983"]