©
Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде желтоқсанның 10-ы күні «Біз - Тәуелсіздіктің елшілеріміз» атты ашық есік күні өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ барлық филиалдарында ұйымдастырылған ашық есік күніне Маңғыстау облысындағы жалпы білім беру мектептерінде 4-11 сынып аралығында оқитын оқушылар бір күн білім алып, зияткерлік мектептің білім беру жүйесімен танысты.
Ашық есік күні таңғы сағат 09:00-де басталды. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған оқушыларды алдымен мектептегі өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері қарсы алды. Содан соң мектеп акт залында әлеуметтік жобаларға, үйірмелерге, шетелдердегі қосымша білім алу курастарына қатысқан оқушылар таныстырылым өткізді. «Туған елге тағзым», «Шаңырақ», «TEDx NIS», «100 күйдің тарихы», «100 кітап», «Қазақтың 100 әні» сынды жобалармен қатар, шет елде білім арттыру мүмкіндіктері, оқушылар атқаратын қайырымдылық жұмыстары тыңдалды. Содан соң жалпы орта мектеп оқушылары топтарға бөлініп, ағылшын тілі, өнер, робототехника, физика, биология, химия сабақтарына кірді. Бекітілген сабақ кестесі бойынша физика, математика, химия, биология сабақтарында STEM білім беру бағыттары бойынша зертханалық жұмыстар көрсетілсе, робототехника, авиамодельдеу сабақтарында робот құрастыру және бағдарламалау, ұшақты модельдеу жұмыстары түсіндірілді. Сонымен қатар, дене шынықтыру пәнінде спорттық ойындар ойналып, бой сергітілді. Ал өнер сабағында эбру техникасы (су бетіне сурет салу), кивлинг, витраж, қыш құмыра жасау өнері көрсетіліп, балалар өз қолдарымен бұйымдар жасады.. Сондай-ақ, оқушылар ағылшын тілін оқып, хореография сабақтарына да қатысты.
Зияткерлік мектептерінде білім алу мүмкіндіктері, 7-сыныпқа іріктеу, каникулярлық және виртуалдық мектептеріне тіркелу бойынша оқушыларға және ата-аналарға арналған консультациялық бекеті жұмыс істеді.
Таңғы және түскі аспен қамтамасыз еткен оқушыларға түстен кейін мектепте өткізілетін үйірмелердің қатысушылары концерт қойды. Олар ән айтып, би билеп, көріністерді сахналады. Концерт барысында республиканың түкпір-түкпіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектептерімен онлайн байланыс орнатылып, бір уақытта республика бойынша 100 балаға EXPO-2017 (Маңғыстаудан 5 оқушыға) көрмесіне жолдама ретінде және Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері жанындағы 5-күндік жазғы лагерьге қатысуға мүмкіндік беретін сертификат табыс етілді. Маңғыстау облысынан алдағы уақытта Сарттар Баян, Нұрсұлтан Нұрланұлы, Мейрамгүл Аралбай, Диана Варибрус, Роман Пугачев есімді оқушылары EXPO көрмесіне аттанатын болады.
- Маған бүгінгі ашық есік күні қатты ұнады. Біздер бүгін бір күн зияткерлік мектепте білім алдық. Бірінші сабақта біз өнер сабағында батпырауық жасауды үйрендік. Балгүл (Жамағамбетова) апай бізге алдымен батпырауық жасау туралы видео көрсетті. Содан кейін өзіміз қолда бар заттардан жасадық. Ал сабақ соңында оны аспанға ұшырдық. Ал бүгін мен EXPO-2017 көрмесіне сертивикатқа ие боламын деп мүлде ойлмаған едім. Қуана, қуана көрмеге барамын,- дейді сертификатқа ие болған Диана Варибрус.
Айта кетейік, бұл жолдамаларға қаражатты зияткерлік мектеп оқушылары мен ұстаздары қайырымдылық жәрмеңкесін өткізу арқылы жинаған еді.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі