©
Ақтауда Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Маңғыстау облысындағы дзюдо күресінің 35 жылдығына орай дзюдодан облыстық чемпионат өтті. Спорт бәсекесіне 1997-1998 жылы туған 110 ұл мен қыз қатысып, боз кілемде белдесті.
— Басты мақсат-дзюдошылардың шеберлігін шыңдау, жастарды ҚР чемпионаттарына іріктеу. Және 2017 жылы аймақ намысын Әлем, Азия чемпионаттарында қорғайтын балуандарды анықтау, облыстың құрама командасын жасақтау. Жалпы биылғы жыл Маңғыстау дзюдо күресінің тарихында жетістіктерге, толағай табыстарға толы болды. Облыс орталығында дзюдодан өткен халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирдің бетпе-бет кездесуінде облыстық «Жастар» спорт мектебінен жасақталған құрама команда бірінші орынды иеленді, жеке салмақта да облыс балуандары жоғары көрсеткіш көрсетті. Одан бөлек, республикалық, халықаралық жарыстарда да балуандарымыз топ жарып, өңір намысын абыроймен қорғады. Маңғыстау спорт тарихында алғаш рет дзюдодан 23 жасқа дейінгі ерлер арасында балуанымыз Әмірбек Жеңісов Ел чемпионы атанды. Словенияның Градек қаласында дзюдодан өткен халықаралық турнирде шәкірттеріміз Нұрсұлтан Манарбекұлы мен Нұрбек Қуанышұлы алтыннан алқа тақты. Жақында ғана облыс орталығында өткен республикалық жарыстың қорытындысында аймақ балуандары 13 алтын медальдің иесі атанды. Мұның барлығы әрине, облыстағы күні-түні еңбектеніп жүрген бапкерлер еңбегі,-дейді облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Тартысты өткен жарыста Бауыржан Нарбаев («Жастар» спорт мектебі), Рамазан Мамаев («Жастар» спорт мектебі), Сұңғат Жұбатқан («Жастар» спорт мектебі), Бағдат Ерғазы («Жастар» спорт мектебі), Руслан Мусаев («Жастар» спорт мектебі), Көшкінбай Қобылан («Жастар» спорт мектебі), Нұрбол Елубаев (Жаңаөзен қаласы), Ақылбек Айжарықов («Жастар» спорт мектебі), Жанбота Мұқанова («Жастар» спорт мектебі), Айкүн Рахметова («Жастар» спорт мектебі), Зина Хасан («Жастар» спорт мектебі), Анель Қадыр (Түпқараған ауданы), Әлия Тлепова («Жастар» спорт мектебі), Ақниет Тұрдан («Жастар» спорт мектебі), Гүлнұр Мақсетова («Жастар» спорт мектебі) алтыннан алқа тағып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.
— Жарыстан жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Биылғы жылы Грузияда жастар арасында дзюдодан өткен турнирде алтынды, Польшада дзюдодан өткен халықаралық турнирде қола медальді иелендім. Орал қаласында жастар арасында самбодан өткен Ел біріншілігінде жүлдегер атандым. Алдағы жылы облыс намысын республикалық, халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап, елімнің әнұранын асқақтатып, көкбайрағын желбіретемін,-дейді жарыта 55 келі салмақта белдескен балуан Бауыржан Нарбаев.
Жалпы командалық есепте Ақтау қаласы бірінші орынды иеленсе, екінші орыннан Маңғыстау ауданы көрінді. Үшінші орынға Түпқараған ауданы тұрақтады.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="15880,15882,15883,15884"]