©
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтау қаласындағы 12-шағынауданнан жедел жәрдемнің жаңа бөлімшесі ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр және емдеу-сауықтыру мекемелерінің басшылары қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
- Облысымызда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Осыдан 25 жыл бұрын облыстағы денсаулық сақтау саласында 59 медициналық мекеме болса, бүгінгі таңда олардың қатары 145-ке жетті. Жыл санап денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Міне, бүгін біз 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 игі іс» атты іс шаралар жоспары аясында жедел жәрдем бөлімшесінің ашылуына куә болып отырмыз. Қуаныш құтты болсын, - деген облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева жаңа ұжымға жедел жәрдем көлігінің кілтін (реанимобиль) табыстады.
Жалпы биыл жергілікті қазынадан 25 млн. теңге бөлініп, оған 2 реанимобиль, 50 млн. теңгеге аудандарға арналған 14 санитарлық автокөліктер сатып алынған. Алдағы жылы олардың қатары 28 көлікпен толықпақ.
- Ақтау қаласынан тағы бір жедел жәрдем бөлімшесінің ашылуы тұрғындарына уақытылы және қолжетімді жедел жәрдем қызметін жақсартуға септігін тигізеді. Әсіресе 12, 13, 14, 15, 16, 17, 19 шағын аудандарының тұрғындарына жедел жәрдемнің науқасқа 15 минутта жетіп, дер кезінде медициналық көмекті көрсетуге мүмкіндік болады. Алдағы уақытта жаңа шағынаудандардан түсетін шақырылымдарға көмек көрсету үшін облыстық қан орталығынан тағы бір жедел жәрдемнің бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы күніне Ақтау қаласы бойынша 250-300-ге жақын жедел жәрдемге шақырылым болады. Оның ішінде бізге қатты көңіл аудартатыны аяғы ауыр әйелдерден, 1 жасқа дейінгі балалар, қан қысымының жоғары болатын аурулар, жүрек ауруларынан түсетін шақырылымдар. Әрине, оларға жедел көмек көрсетуіміз керек. Сондытан да Күніне Ақтау қаласында 17 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасайды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген автор