Ұстаз - ұлағатты есім!
Жақында Бейнеу ауданы Сарға ауылындағы Әліби Жанкелдин атындағы орта мектепте ардақты да сүйікті ұстаз Есбосынова Нұрболған Қонақбайқызының туған күні мен зейнеткерлікке шығарып салу кеші өтті. Осы білім ордасында ардагер ұстаз қырық жылғы жуық математика пәнінен жас ұрпаққа сапалы білім беруде аянбай еңбек етті. Салтанатты жиынға мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Есбосынова Нұрболған Қонақбайқызы 1958 жылдың 12 қазанында Маңғыстау ойындағы Қарақұмда дүниеге келген. Әкесі - Қонақбай құдықшы болған. Ал, анасы Әпуаш үй шаруасында болып, он баланы дүниеге әкелген. Көп балалы отбасынан шыққан Нұрболған жастайынан ата-анасына көмекші, кішіге қамқоршы бола біледі. 1961 жылдың күзінде Қонақбай жанұясымен Қарақұмнан Тұрышқа қоныс аударады. Әкесі осы ауылдағы совхозда қызметке орналасты. Нұрболғанның балалық шағы осы бір қасиетті құмда өтті. 1965 жылы ол Тұрыштағы Сам орта мектебінің табалдырығынан аттап, бірінші сыныпқа барады. Өзінің зейінімен, алғырлығының арқасында оқуда озат болады. Жастайынан есепке жүйрік болған оқушы Нұрболған математика пәнінің мұғалімі болуды армандайды.
1975 жылы білім ордасын үздік бағамен бітіріп, Алматы қаласындағы "Қыздар педагогикалық" институтының математика факультетіне оқуға түсті. Құмда туып, құмда өскен ауыл қызына үлкен қаланың қайнаған өміріне үйрену әсте оңай болған жоқ. Алайда, сол бір кіршіксіз арманға қол жеткізу мен ауылдағы әке-шешенің үмітін ақтау деген сенім студент Нұрболғанды жігерлендіре түседі. Бұл - 1979 жылдың жазы болатын. Бейнеу ауданындағылар жас маманды Сарға ауылындағы төрт жыл бұрын ашылған Әліби Жанкелдин атындағы орта мектепке жолдамамен жібереді. Сол жылдан бастап осы уақытқа дейін, қырық жылға жуық аталған білім ордасында абыройлы қызмет атқарды. Жақында әріптестері мен шәкірттері ұстазды құрметті еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салды.
Нұрболған Қонақбайқызы: Өзінің сүйікті қызметіне көп жылдарын арнаған әрбір адам үшін зейнеткерлікке шығу - маңызды әрі көңіл толқытарлық сәт. Ұстаз өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәнінде мұғалім бола алады. Мен 37 жыл бойы тапжылмастан осы саланың ыстық-суығына шыдадым. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары, мемлекетіміздің жыл санап дамуының куәгері болдым. Сан мыңдаған шәкірттеріме сапалы білім беріп, елдің дамуына аз да болса өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Менің құрметті демалысқа шығуым, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келді. Ел Тәуелсіздігі мәңгі, мемлекетіміз жыл санап қарыштап дами бергей!
Математика пәнінің мұғалімі болған Нұрболған апай оқушыларға сабақты ұдайы түсінікті жолмен жеткізуге тырысқанын айтады. Әрбір ашық сабақтары, тәрбие сағаттары, ата-аналармен өткізген түрлі шаралар өз әріптестері мен көпшіліктің көңілінен шығатын. Еңбексүйгіш те белсенді ұстаз, білім ордасындағы болған түрлі мерекелік шараларға, әділқазы ретінде талай қатысқан. Жас мамандарға өзінің тұшымды пікірі, өмірлік тәжірибесімен бөлісе білді. Нұрболған Қонақбайқызы құдай берген қабілетінің арқасында «білікті ұстаз» биігіне көтерілді. Ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан мұғалімдердің ата-анадан кейінгі атқарар рөлі қашанда ерекше. Себебі тәуелсіз елдің басты құндылығы - білімді ұрпақ.
Отбасы шағын мемлекет. Жолдасы Ізбасаров Айберген Шомақұлы да білім саласында тәжірибесі мол жан. Ол тарих пәнінің ұстазы. Осы білім ордасының дамуына "Халық ағарту ісінің озық қызметкері" Айберген Шомақұлының еңбегі зор. "Халық ағарту ісінің озық қызметкері". Бақытты отбасы үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Әулет осы ұрпақтан үш немере, он жиен сүйіп отыр.
Салтанатты шараны мектеп директоры Жомарт Ізбасаров ашып, ұлағатты ұстаздың осы білім ордасында тапжылмай қырық жыл қызмет етіп, білім саласының дамуына орасан зор үлес қосқанын атап өтті. Мұнан кейін сөз кезегі үзеңгілес әріптестері Талиға Шакуәлиева, Күнсәуле Сағындықова, Сәуірғали Тақабаевқа берілді. Олар да жылы лебіздерін білдірді.
Ұстаз - бала жанының бағбаны. Оқушылары ардагер ұстаздың өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы біледі. Білім ордасында қызмет еткен 37 жылда ардагер ұстаз мыңдаған шәкіртті сапалы біліммен сусындатып, тәлім-тәрбие және дұрыс бағыт-бағдар берді. Қазіргі таңда алтын ұядан ұшқан түлектер бір-бір мамандықтың иелері.
Ел игілігі жолында атқарған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше аудандық алғыс хаттар мен дипломның иегері.
"Осы мектепке сегізінші сыныпта келдім. Математика пәнінен 11- сыныпқа дейін Нұрболған апай сабақ берді. Мұғалімнің бойындағы бір ерекшелігі – талап ете білуі. Ұстазым - өте талапшыл болды. Менің есепке жүйріктігімді байқаған ол, мені олимпиадаға дайындап жіберді. Қазір мен экология саласында қызмет етемін. Ойлап қарасақ, қырық жыл деген бір адамның ғұмыры ғой. Осынша жыл бір жерде қызмет ету кез-келгеннің қолынан келмейтін іс. Тек өз мамандығын шын сүйген адам ғана осындай тәуекелге барары сөзсіз. Ұстазымның қызмет еткен ғұмыры әріптестеріне, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі анық. Нұрболған апай қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалысқа абыроймен жеттіңіз!", - деп тілек білдірді оқушысы Жанболат Ділманов.
Кәмшат Ізбасарова ҚР Журналистер Одағының мүшесі