Маңғыстау аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында орай «Менің елім мәңгілік ел» деген атпен жастар форумы өтті.
Маңғыстау ауданы Жастар саясаты бөлімі ұйымдастыруымен өткен форумға мектеп оқушылары мен кәсіптік колледж студенттері, тәлімгерлер мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері, мекеме қызметкерлері қатысты.
Ауданның әр аймағынан келген белсенді жастардың басын қосқан шараның шымылдығын аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров құттықтау сөзбен ашты.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» деп ерекше атап көрсетті. Бұл – сіздердің бағыттарыңыз. Сіздердің жалындаған күш-қуаттарыңыз бен алғыр ойларыңыз тың жаңалықты енгізуге мүмкіндік береді. Ұлт Көшбасшысы айтқандай, «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны». Білімдеріңіз сапалы, қабілеттеріңіз қарымды, пайым парасаттарыңыз терең болсын! Мәңгілік Елдің көшін бастайтын да, түзейтін де, сондай дамыған елдердің деңгейіне жеткізетін де – Сіздерсіздер!», деп атап өтті аудан әкімі.
Форумда 2014 жылдан бастап аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған «Жас қанат 2016» жастар премиясы салтанатты түрде 10 үздік жасқа табысталды. Түйебаев Бердіғали «Жас теміржолшы», Әбдиева Құндыз «Жас мұғалім», Еңсегенова Мөлдір «Жас медицина қызметкері», Сағынғалиұлы Бауыржан «Жас спортшы», Спанғалиев Амандық, Дарын Қосай «Жас мәдениет және өнер қызметкері», Мұқырбаев Бектас «Жас фермер», Қойшыбек Бекболат «Жас мұнайшы», Түметов Азамат «Жас коммуналдық қызметкер», Шохиев Мейрам «Жас кәсіпкер» атанып, көпшіліктің көшеметіне бөленді.
Форумда жастар атынан жас мұнайшы Ерболат Есжанов пен спортшы Бауыржан Сағынғалиұлы сөз алып, «елдің болашағы жастарға тікелей қатысты. Бұл тарапта жастар ұйымдарының алатын орны да ерекше. Елбасы жастарға барлық жағдайды жасап отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз өз кезегімізде басымызды біріктіріп, мәңгілік елді бірге жасауда жұмыла еңбек етуіміз керек»,-деп барша жалынды да белсенді жастарды елдің дамуы мен гүлденуіне атсалысуға шақырды.
Форум соңында аудан жастары атынан Үндеуді Маңғыстау ауданының бір топ жастары мен Тәуелсіздік құрдастары нақышына келтіре оқып, Елбасының жастарға артқан аманатын орындауға және Мәңгілік Елдің нұрлы ертеңін бірге жасауға үндеді.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА