Маңғыстау облысы әкімдігі, Қазақстанның Халықаралық Адам құқықтары жөніндегі бюросы және БҰҰ –ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы бірлесіп өткізген дөңгелек үстел басындағы әңгімеде Қазақстан Республикасындағы азаматтық мәселесі және азаматтығы жоқ азаматтарға қатысты заңдылықтың оңды тұстары және оны одан әрі жетілдіру қажеттілігі сөз болды.
Ұйымдастырылып отырған іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары М.Бортник, Б.Шелпеков, үкіметтік деңгейдегі лауазымды қызметкерлер мен сарапшылар, азаматтығы жоқ тұлғалармен жұмыста тәжірибесі бар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Т.Әбішев басқосудың мақсат-маңызына тоқталып, еліміздің азаматтығы жоқ тұлғаларының құқықтарының сақталуына қатысты ұстанып отырған саясаты, өркениет үрдісіне сай атқарылып жатқан жұмыстар, түйінді тұстар, туындап отырған проблемаларды шешуге бағытталған оң қадамдар төңірегінде ой бөлісті.
Жиынға қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева талқыланып отырған мәселенің өзектілігін атап өтіп, бұл проблеманың туындау себептері, оны шешу мүмкіндіктері, ұстанар заңдық негіздер, аймақ көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарында елімізде азаматтығы жоқ 6876 тұлға тіркелген. Талдап, тарқатып көрсетсек, азаматтығы жоқтық проблемасының себептері әрқалай. Кеңестер одағы тарап, оның құрамындағы елдер тәуелсіздігін жариялағанда Азаматтық институттары жұмыстары ақсап қалды. Қазақстан мен көршілес елдер арасында азаматтығы жоқтардың мәселесін шешуге байланысты халықаралық келісімдер болмады. Адами факторлар ( құжат алуға қатысты мемлекеттік органдарға уақытында хабарласпау, т.б.) да бар. Сонымен бірге бұған куәліксіз жүргендер, азаматтық алуда ортақ шешімге келе алмай уақыт өткізгендерді де қосуға болады. Өкініштісі, олар тиісті игіліктен қағылып, мемлекеттік қолдауға ие бола алмай қиындық көріп келді.
-Міне, осы бірнеше жылға созылған проблемалар шешілуге тиіс. БҰҰ агенттігі Қазақстан Үкіметінің бірлескен бағдарламасы шеңберінде «Маңғыстау облысында пәрменді дамуды және әлеуметтік-экономикалық модернизацияны қамтамасыз ету мүмкіндіктерін артыру» бағытында жұмыс жүруде. Соның бір мысалы, еліміз тұрғындары арасында азаматтығы жоқтардың санын азайтуды көздеген жоба десек, онда қамтылған шараның бірі- Қазақстандағы азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңдылықты таныстырып, меңгерту. Осы мақсатта 2015 жылдың аяғында құрамына облыс әкімдігі, Әділет департаменті, Көші-қон департаменті, Қазақстанның халықаралық Адам құқықтары жөніндегі бюросының Маңғыстау бөлімшесі мамандары енген Жұмыс тобы құрылды. Бүгін өткізілмек тұсаукесерде заңдылықты жетілдіру,толықтырулар мен өзгерістер енгізу, азаматтығы жоқ тұлғалардың санын азайту және алдын алуға қатысты мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерді елеп-екшеп, пікір алмасып, алда атқарылмақ жұмыстарды нақтылаймыз,- деді Бану Ғаниқызы.
Дөңгелек үстелде БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы өкілі М.Волошкевич, Қазақстанның халықаралық Адам құқықтары жөніндегі бюросы өкілі Д.Дживага, осы бюроның Маңғыстау филиалы директоры А.Муха, Маңғыстау облысы бойынша азаматтығы жоқтар бойынша жобаның қызметкері А.Савченко сөйледі.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында азаматтығы жоқ 240 адам белгілі болып отыр. Былтыр 10, биыл 3 адам құжат алу жайында өтініш білдіріп, мәселесі шешілген. Дегенмен, бұл ретте қиындықтар да жеткілікті. Азаматтығы жоқ тұлғаның балалары да, тіпті ол біздің елде өмірге келсе де Қазақстан азаматтығын ала алмайды. Сондықтан бұл мәселеде күрмеулі тұстар баршылық. Батыс Еуропа, Латын Америкасы елдерінде азаматтығы жоқтардың мәселесі белсенді шешілуде. Өркениеттік үрдісті , халықаралық құндылықтарды ұстанған біздің елімізде де азаматтығы жоқ тұлғалардың құқының шектелмеуі, білім алуы, денсаулығы, әлеуметтік мәселеден, басқа да игіліктерден қағыс қалмауы ескерілген.
Азаматтық алу, алмау – азаматтың өз еркінде. Осыған сүйеніп, елімізде тұрып жатқан азаматтығы жоқ тұлғалардың әскер қатарына бармауды көздеп, әдейі азаматтық алмауы фактілері де кездесіп қалатыны шындық.
Басқосуда осындай келеңсіздіктер жайында да айтылды. Осындай кемшін тұстарға тосқауыл қою, бұл бағытта әлемдік озық тәжірибені зерттеп, зерделеп, іске асыру, еліміздегі заңдылықты жетілдіру жайы сөз болды.
Болат ҮМБЕТОВ