Экология мәселесі бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды проблемаларының бірі болып табылатындығы белгілі. Адамзат қоғамы мен табиғаттың өмір сүруі бір-біріне тығыз байланысты, біте қайнасқан заңдылық. Қоршаған табиғи орта адам тіршілігіне, шаруашылығына қатысты әлеуметтік және экономикалық қажеттіліктерді өтейді. Ал адамзат оның байлығын дұрыс пайдалана білсек, ол сарқылмайтын игілік көзі болар еді. Осынау өзекті мәселемен айналысып жүрген қоғамдық қорлар қазір аз емес.
Таяуда облыс орталығындағы «Достық үйінің» мәжіліс залында қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамды араластыру механизмдері жөнінде тиісті білім беру мақсатында «Қоғамдық кеңес қызметіндегі қоршаған ортаны қорғау және экология мәселесінің орны» деген тақырыпта семинар-тренинг өтті. Маңғыстау Әйелдер көшбасшылығы мектебі қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараны бірлестік төрайымы, оқытушы-тренер Роза Махамбетова жүргізді.
— Экология мәселесі жеке адамның бойында табиғатқа деген ізгілік қатынастарды қалыптастыра отырып, адам-қоғам-табиғат арасында толықтай үйлесімділік тапқан. «Қоғамдық кеңестер» туралы Заңда «Қоғамдық кеңестердің мақсаты, азаматтардың маңызды қоғамдық мәселелерге қатысты пікірін білдіру» деп, айқындалған. Солардың ішінде, экология және халықтың сау қоршаған ортаға құқығын қорғау мәселелері маңызды болып саналады. Сондықтан бұл қоғамдық мәселені шешудегі қоғамдық кеңестердің халық пен биліктің арасындағы байланыс көпірі ретінде алатын орны маңызды, — деді оқытушы-тренер Роза Қарымсаққызы.
— Семинар-тренинті ұйымдастырғандағы басты мақсаттарымыз — қоршаған орта сапасының аймақтардағы экономикалық және қоғамдық құрамның дамуына тигізетін әсерін көрсету, Қазақстан қоғамының сау қоршаған ортаға құқығын қорғайтын заңнамаға шолу жасау. Сондай-ақ Орхус конвенциясының қоғамға беретін құқықтарын айқындап, қоғам құқықтарын жүзеге асыратын механизмдерді зерттеу.
Семинар-тренингке қатысқан облыстың қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері дәріс бойы белсенділік танытып, қоршаған ортаға байланысты өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, сауалдарына жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА