©
Мәртебесі биік мерекемен ұштастырылған аудан орталығының мерейтойы мәдениет үйінде өткен «Шырайлы Шетпе» салтанатты жиынымен жалғасын тапты. Жарты ғасырлық той толассыз құттықтау лебіздер мен игі шараларға, құрмет- қошеметке толы болды. Ауылдың топырағында өскен, елімізге қызмет етіп жүрген түлектер, өлкенің өсіп- өнуіне әр жылдары сүбелі үлес қосқан сала ардагерлері, алыс-жақыннан келген қонақтар, аудан жұртшылығы салтанатты кештің сыйлы қонағы болды.
Мерекелік жиын басталмас бұрын жиылған жұртшылық мәдениет үйінің залында Шетпенің 50 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Тарихы сырлы, мақсаты айқын, әз мекен» және «Шежірелі Шетпе» кітаптарының тұсаукесеріне қатысты. Сонан соң ауылдағы кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, өндіріс салаларынан хабар беретін отандық тауар өндірушілердің өнімдері қойылған «Шетпе өнімдері» көрмесін тамашалады. Көрмеде «Дархан» наубайханасы мен жеке кәсіпкер Түймеш Абдуллаева нан және кондитер өнімдерін ұсынса, аудандық тарихи- өлкетану мұражайы мен С.Қондыбай атындағы мұражай зергерлік бұйымдар мен Шетпе тарихы туралы арнайы бұрыш жасақтады. Он саусағынан өнер тамған шебер Жадыра Еменова мен Жаңылхан Ермашова қолөнер бұйымдары, өндірістік мекемелер әкелген шебін, цемент өнімдері көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерекеге лайықталған сахна төрінде облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов аймақ басшысы Алик Серікұлының құттықтауын жеткізді:
-Құрметті, Маңғыстау ауданының тұрғындары! 1960 жылдардың басында өлкеміздің жаңадан түлеуіне, мұнай-газ кеніштерінің ашылуына байланысты «Мақат- Маңғышлақ» теміржолы тартылды. 1966 жылы Маңғыстау ауданының орталық белдеуі болып табылатын Шетпе поселкесі үстімен тартылған теміржолдың пайдалануға берілуіне байланысты аудан орталығы осында көшірілді. Биыл Маңғыстау ауданында муниципалдық үйлер, Тұщықұдық, Шайырда мешіттер, Шайыр мен Ақшымырауда спорт кешендері, су зауыты, Шетпеде жеке балабақшалар мен медициналық орталықтардың іске қосылуына өздеріңізбен бірге куә болдық. Бүгінде Шетпе- Жетібай- Ақтау республикалық маңыздағы жолына қайта құрылымдау жұмыстары аяқталуға жақын. Шетпе- Қызан автокөлік жолдарына қайта құрылымдау жұмыстары жасалуда. Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымы жақсы дамып, шағын және орта кәсіпкерлік қанат жайды. Осындай жетістіктер мен береке-бірлігі үшін аудан тұрғындарына алғыс айтамын. Село тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй, алдағы күндеріне сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын!» деген облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Маршалұлы аудан орталығының өсіп- өркендеуі жолында тер төккен еңбек адамдарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыстады.
–Мен Маңғыстау ауданында білім саласында 46 жыл бойы үздіксіз еңбек еттім. Соның 30 жылында мектеп директоры қызметін абыройлы атқарып, зейнеткерлікке шықтым. Өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегімізді бағалап, құрметке бөлеген кейінгі ұрпаққа алғыс айтамын. Ауылымыздың мерейтойы құтты болсын, өсіп- өркендей берсін!, – деді облыс әкімінің Алғыс хатын иеленген Айша Нұрлыбаева.
Мерекелік шарада дәстүрлі өнер өрісінде өзіндік өрнегімен танылған «Отпан» фольклорлық ансамблі көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Әсерлі жыр шумақтары оқылып, ән әуелеп, күй күмбірлеген мерейлі той көпшілікке шат-шадыман көңіл- күй сыйлады.
–Қадірлі жерлестер, қымбатты қонақтар! Маңғыстау ауданының орталығы жарты ғасырлық уақыт өлшемін мазмұнды еңсеріп, алдағы болашаққа сеніммен қадам басқан Шетпеге 50 жыл толып отыр. Селоның құрылуының бастауында еңбек еткен ардагерлерді, еңбек адамдарын айтулы мерекемен құттықтаймын! Сонау 1966 жылы аудан орталығы Таушықтан Шетпеге көшкен тұста Қ.Балтабаев, Т.Смағұлов, Б.Сарбалаев, Қ. Үйсінбаев, Б. Тоқмурзин, С. Нұрғожаев және тағы басқа аға буын өкілдері жоғары ұйымдастырушылық еңбектің жемісін көрсетті. 1967 жылы құрылыс мекемесі арқылы көптеген тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, Шетпе поселкелік кеңесі құрылды. Тәуелсіздік жылдарында Шетпеде Досан Тәжіұлы, Жалау Мыңбаевтың ескерткіші орнатылып, Шетпе лицейі, балалар өнер мектебі, спорт нысандары, балабақша салынып, асфальт жол төселді. Халық саны өсіп, бүгінде 13 мыңнан асты. Жыл басында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Шетпеде 50 шара жоспары жасақталып, абаттандыру, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Шетпе-1 шағынауданының көлік жолдары асфальтталып, Жаңа Орпа, Қарашоқы, Базарлы шағынаудандарында жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, Жаңаорпа, Ащыбұлақ шағынаудандарының көшелері жарықтандырылып, үйлерге су тартылды. Сауда орталықтары, қонақүй, жекеменшік емхана, балабақша, оқу орталығы, такси паркі, іске қосылып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі 38 көшеге беріліп, ескерткіш тақта орнатылды, – деді аудан әкімі өз баяндамасында.
Аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы ердің жасын еңсерген Шетпеде соңғы жылдар ішінде жасалған жұмыстар мен жетістіктерді тізбектеді. Елбасының Жарлығымен көп балалы алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісін табыстап, ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосып жүрген шетпеліктерді Алғыс хатпен марапаттады. Ауылдың топырағында өскен, елімізге қызмет етіп жүрген азаматтар естеліктерді еске түсірді.
–Осыдан 50 жыл бұрын Маңғыстау ауданының орталығы мәртебесін алған Шетпенің мерейтойы құтты болсын! Шетпеде еңбек жолымды бастадым. Осында отбасын құрдым, өмірге ұрпақтарым келді. Көптеген елге беделді, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған азаматтармен қызметтес болдым, тәжірибе жинақтадым. Сіздерге Атырау облысы, Құрманғазы ауданының халқының ыстық лебізін, сәлемін ала келдім. Мен көшіп кеткелі бері Шетпе өзгерген, жаңарған, дамыған. Алдағы уақытта да бізден кейінгі ұрпақ ауылдың гүлденуіне, дамуына қызмет етеді деп сенемін. Бәрімізге ортақ той құтты болсын!, – деді әскери саланың ардагері Ғарифолла Оралбеков.
Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар мен әнші, сазгер Елена Әбдіхалықова дархан дауысымен сарайды сазға бөлеп, көпшіліктің көңілін көкке өрлетті. Салтанатты жиын мейрамханада мерекелік асқа ұласып, жиылған көпшілік естіліктер мен лебіздер айтып, Тәуелсіз еліміздің тұғырлы болуына тілектестік ниетпен тарқасты.