Қазақ елінің мерейін асқақтатып, айбынын асырған тұғырлы Тәуелсіздік жасампаздық пен жарқын істерге жолбасшы болды. Тарих толқынында ширек ғасырлық белестердің бедерін бүтіндеген Мәңгілік еліміз өркениеттің өрелі биіктеріне қадамын нықтай түсті. Өркенді істер өріс алған өлкемізде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында шырайлы Шетпенің 50 жылдығы тойланып, мерекелік шаралар легінің салтанатты сәттері ұлан-асыр той, дүбірлі думанмен айшықталды.
Жарты ғасырдың биігінен жаңа көкжиекке көз салған Шетпенің мерейлі тойында орталықта орналасқан ардагерлер үйіне салынған қосымша құрылыстың ашылу салтанаты өтті. Ауылдағы ағайынды қуаныштарымен құттықтай барған облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов шетпеліктердің шаттығымен бөлісті.
–Құрметті ақсақалдар, ауыл тұрғындары! Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа- тұс келген Шетпе селосының 50 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Үлкендерге құрмет көрсету, оларға қамқорлық жасау –халқымыздың санасына сіңген жақсы қасиет. Шетпеде 2007 жылы демеушілік көмекпен ардагерлеріміздің бірігіп кеңесуіне, елдік мәселелерді шешуіне мүмкіндік беретін ардагерлер үйі пайдалануға берілген болатын. Аудандық, селолық ардагерлер кеңесі қоғамдық өмірге араласып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Ардагерлер үйінде аға ұрпақ өкілдері арасында мәдени-спорттық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, қоғамдық мәселелер бойынша кеңес өткізіледі. Алдағы уақытта да елдік істердің ортасынан табылып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында жақсы істерге бастамашы болатындықтарыңызға сенемін. Жаңадан салынған қосымша 2 бөлмені игіліктеріңізге пайдаланыңыздар! Құтты болсын!, – деді облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Маршалұлы.
Қуаныш үстінде тұрған ардагерлерді облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов құттықтап, игі лебізін білдірді. Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент басшысы Нұрлан Илмұханбетов аталмыш компанияның бас директоры Бақыт Иманбаевтың құттықтау хатын оқып, ардагерлер үйіне теледидар тарту етті.
Құттықтау лебіздерінен кейін қосымша ғимараттың лентасы қиылып, ардагерлердің қуанышымен қаумалай бөліскен қонақтар жаңа бөлмелерді аралап көрді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің демеушілік көмегімен салынған ғимаратқа ауыл кәсіпкері Сегізбай Әнес БҰҰ-нан ұтқан тендер арқылы 2 млн. теңгеге жуық қаржыға жаттығатын спорттық құрылғылар алып берген.
– Аудандық ардагерлер үйін заман талабына сай кеңейтудің қажеттілігі туындап, тілегімізді аудан әкіміне жеткіздік. Бүгін көптен күткен тілегіміз орындалып, Шетпенің 50 жылдық мерейтойында қуанышқа кенеліп отырмыз. Ауыл үлкендері бос уақытында тоғызқұмалақ, шахмат, бильярд ойнаумен айналысатын. Енді олардың денсаулығын нығайтуға, өмір жасын ұзартуға септігін тигізетін спорттық құрал- жабдықтар әкелінді. Осы істің басы- қасында жүріп, сәтті аяқталуына жұмыстанған басшыларға алғыс айтамыз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманқос Ертілеуов.
Шетпе селосының орталығында көп жылдардан бері жөндеу көрмей, әбден ескірген пошта ғимараты 50 жылдық мерейтойда көшенің көркін келтіріп, ауылдың ажарын аша түскен нысандардың қатарына қосылды. Күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгіге сай жабдықталған әлеуметтік маңыздағы нысанның ашылуы мерекенің мазмұнын айшықтай түсті.
– Құрметті, ауыл тұрғындары! Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, шежірелі Шетпенің 50 жылдығы мерейтойымен құттықтаймын! Осы жылдар ішінде төрткүл дүниеге танылып, іргелі ел дәрежесіне жеттік. Ынтымақты ұран етіп, татулықты ту еткен еліміз осы уақыт аралығында толағай табыстар мен биік белестерді бағындырды. Еліміздің дамуына әр ауылдың үлесі зор десек, бұл жолда Маңғыстау ауданының да еңбегі ұшан-теңіз. Ғасырға бергісіз осы жылдар ішінде ауданда игі істер атқарылды. Атап айтар болсақ, ауданда спорт мектептері, емханалар, мешіттер, балабақшалар бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бір- бірімен жарыса бой түзеген нысандар, қаз-қатар тізілген әсем көшелер, жаңадан ашылған орталықтар сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Демек, ұлан асыр той – сіздердің тойларыңыз, құрметті тұрғындар! Тұрғындар сұранысын өтеу жолында талмай қызмет етіп келе жатқан «Қазпоштаның» қадамы қарышты, еңбегі елеулі болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов.
Аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы «Қазпошта» ғимаратының талапқа сай еместігі туралы тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің оң шешімін тапқанын, бұл істі атқарған акционерлік қоғам басшылығына ризашылығын білдірді.
–Құрметті, алыс-жақыннан келген қонақтар! Пошта – ауылда 1987 жылы пайдалануға берілген үлкен ғимараттардың бірі еді. Сол кезде еңбек еткен Т.Қағазов, С.Керелбаев, Х. Шаров, С.Байжанов сынды азаматтардың көмегімен, халықтың мұқтаждығымен салынған нысан болатын. Бүгін осы ғимарат жаңарып, заман талабына сай жаңғырып отыр. Келбеті мен сәулеті сай ғимарат халықтың игілігіне қызмет етсін!, – деді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жалғас Жапақов.
Маңғыстау аудандық пошта байланыс торабының басшысы Жанар Көшкінбаеваның айтуынша, жаңарған пошта барлық қаржылық, коммуналдық қызметтерді және төлемдерді жүзеге асыруға дайын. Тұрғындар бұдан былай касса алдында ұзын-сонар кезекте тұрмай, электронды талон арқылы өз кезегін күтеді. «Астана көкше» ЖШС 42 млн.теңгеге жөндеу жүргізген ғимаратта халыққа сапалы қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған.
–Біз жасаған жылдарда ғимараттың іші-сырты әбден ескіріп, тозығы жеткен еді. Құрал-жабдықтар да көне болатын. Тұрғындарға бұрын 4 терезеде 4 оператор қызмет көрсетсе, тағы бір терезе ашылыпты. Сондай-ақ корпоративтік қызмет көрсету бөлімшесі ашылыпты. Төлем төлеуде зейнеткерлерге жеңілдік те қарастырылған. Несие алғысы келетін тұрғындар алысқа ұзамай-ақ «Хоумкредит» банкі арқылы осы жерден несие алуына болады екен. Пошта ұжымын, ауыл тұрғындарын еселі қуаныштарымен құттықтаймын!, – деді пошта саласының ардагері Қарашаш Жұбаева.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН