Бүгін Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе селосында ұлан асыр той. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа тұс келіп отырған Шетпе селосының аудан орталығы болғанына жарты ғасыр уақыт болыпты. Елім деген азаматтарының ерен еңбектерінің арқасында көркейген Шетпе селосының көркі көз қарықтырар.
Дүбірлі мерекенің басы ардагерлер үйі жанынан ашылған қосымша құрылыс - жаттығу орталығының ашылуымен басталды. Облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат депуттаттары, аудан активі, облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары бастаған бір топ азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, қосымша құрылыстың лентасын қиды. Бұдан соң күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша жабдықталған «Қазпочта» АҚ аудандық филиалы ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ, игі істердің легі ауданымыздағы екі білім ошағы мен аудандық ауруханаға су жаңа төрт көліктің кілті табысталып, Шетпе селосының 50 жылдығына орай шығарылған екі бірдей кітаптың тұсаукесері жалғасын тапты. Өндірістік, қолөнер, кәсіпкерлік ауылшаруашылық өнімдерінен құралған «Шетпе өнімдері» көрмесін тамашалаған көпшілік, «Шырайлы Шетпе» мерекелік салтанатты жиынында бас қосты. Шежірелі өлкенің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау мерекелік асқа ұласты. Алғаш аудан орталығы болған ауылдың еңбеккерлері, аудан активі, әр түрлі сала ардагерлері бас қосқан жиында естеліктердің ағыны ағытылды. Ұлан асыр той аламан бәйге, түрлі спорттық жарыстармен жалғасуда. Толығырақ «Жаңа өмір» газетінің келесі санынан оқи аласыздар.
Айгүл РАХМЕТОВА