Облыстық әкімдікте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаевтың қатысуымен семинар-кеңес өтті.
Кеңеске сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері саласына жауапты мемлекеттік қызметшілер, сот және құқық қорғау органдарының , жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың , азаматтық қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары, жастар, саяси партиялар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Сонымен қатар бейне-селекторлық режимде аудан, қала және ауылдық округтердің әкімдері мен аудандық және қалалық деңгейдегі қызметшілер және басқа да саланың өкілдері көрді. Жиынды ашқан облыс әкімі А. Айдарбаев мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі –сыбайлас жемқорлықпен күрес екендігін атап өтті. Елбасы Н.Назарбаев 2021 жылға қарай сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен 50 елдің қатарына кіру мәселесін қойды. «Бұл міндет-баршамызға қойылған жауапты іс. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестер арқылы мемлекеттік органдардың жұмысына ықпал ету мақсаты қойылып, бұдан бөлек ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ететін заң қабылданды. Міне, осы жұмыстар сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге бағытталған нақты қадамдар болып табылады» деді Мемлекет басшысы. Алик Серікұлы жемқорлықпен күрес барша қоғам болып жұмылғанда нәтижелі болатындығына көпшілік назарын аударды.
Облысымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жайында облыс әкімі аппаратының басшысы Асқар Рзаханов баяндама жасады. Баяндамада төмендегідей деректер келтірілді; облыс әкімдігіне қарасты 26 мемлекеттік орган мен 5 аудан және 2 қаланың, облыс әкімдігіне қарасты 26 мемлекеттік орган мен 5 аудан және 2 қаланың ресми сайттарында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны» жүзеге асыру жөніндегі жоспардың орындалуы бойынша есептері орналастырылған. Қазіргі таңда «Тілдерді оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы» ЖШС –інде мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру бағытында арнайы оқыту курстары жұмыс жасайды. 2016 жылдың басынан бері 8 қайта даярлау оқуынан 133 мемлекеттік қызметші , 12 біліктілікті арттыру оқуынан 164 мемлекеттік қызметші дәріс алды.
Тұрғындар тарапынан сыртқы бақылау және қоғам пікірін есепке алу мақсатында облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің ресми интернет русурстарында «мемлекеттік сатып алу» атты айдарлар ашылды. Онда мемлекеттік сатып алу, конкурстық құжаттамалар, бюджет қаражатының игерілімі, конкурс тәсілімен сатып алулар жөніндегі ақпараттар жарияланады. Қазіргі таңда 203 мемлекеттік органда «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі енгізіліп, барлығы да штаттық режимге көшіріліп, жұмыс істеуде. Барлық мемлекеттік мекемелерде көрнекті жерлерде жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен хаттары үшін пошта жәшіктері орналастырылған. Сондай-ақ, баяндамашы өкінішке орай, Маңғыстау облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың мәліметтеріне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бырыңғай тізімінде облыс бойынша 2015 жылы 196 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелсе, биылғы жылдың басынан бері көрсеткіш 122-ге жетіп отырғандығынан хабардар етті.
Кеңеске қатысып, сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, Маңғыстау облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі жөнінде әңгімеледі.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен әлемдегі елдердің күрес тәсілдері әр түрлі. Мәселен Қытайда өлім жазасы қолданылады. Қазынаға қолсұққандарды, ұрлық жасағандарды саусағын кесіп алып жазалайтындар да бар. Қазақстан өзге елдердің тәжірибелерін зерттеп, елеп-екшеп, өзіндік жол таңдады. Сыбайлас жемқорлықпен күресте алдымен сақтандыру, яғни, профилактикалық шараларға, екіншіден оқыту, білім беру, түсіндіру, ең соңынан заң бойынша жауапкершілікке тарту, жаза қолдану сияқты үш бағыт басшылыққа алынған.
- Әлемде сыбайлас жемқорлық дерегі көп тіркелген 168 мемлекет бар. Олар төмен, орташа, жоғары, өте жоғары деген 4 топқа бөлінеді. Әлем сарапшылары Қазақстанды «жоғары» топқа енгізіпті. Бұл еліміз үшін ұят, ыңғайсыз жағдай. Сондықтан 2025 жылға дейін сыбайлас жемқорлықты жою мақсаты тұр, - деді Алик Жатқамбайұлы.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі орынбасары Заңда қамтылған нәрселерге қатысты түсініктеме бере кетті. Айталық, 4 мың теңгеден асқан алу-беру параға жатады. Сыйлық сыбайластыққа итермелейді. Сондықтан басшыларға мерейтой, басқа да кез-келген жағдайда сыйлық алуға тиым салынып отыр.
Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлыққа қатысты 72 дерегі тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Бесеуі тиісті жазасын алса, 8-інің ісі қазіргі таңда сотта қаралуда. Талдау көрсеткендей, 52 іс жер қатынасына, 14 іс –білім, 5 іс құрылысқа қатысты болып отыр. Сингапурда бір қызметкер пара алса, басшысымен бірге түгел ұжымы жұмыстан кетеді. Ал бізде басшылар қарауындағы қызметкері үшін ұялмайды, орнында тапшылмай отыр.
Семинар-кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша еліміз облыстарында орын алған оқиғалар, кәсіпорын, компания, мемлекеттік мекемелер басшыларының сотталуына қатысты бейнебаяндар көрсетілді. Түзету мекемелерінен жазып алынған жазасын өтеушілердің өкініштерінің де тәрбиелік мәні бар екендігі сөзсіз.
Кеңесте мемлекет пен қоғамның тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретіндігі, құқық қорғау және тиісті өкілетті органдармен бірлесіп, құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында нақты шараларды жүзеге асыра беру қажеттігі айтылды. Кез-келген зайырлы мемлекетте халыққа қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсетілуі тиіс. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Барлық мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы анықтама беру процесі мен басқа да қызмет түрлерін біртіндеп, кезең-кезеңімен интернет порталдарға ауыстыру қажет. Шенеуіктермен тікелей байланысты болдырмас үшін қызмет көрсетуді автоматтандыру, түрлі қаржылық рәсімдерді банк есепшоты арқылы жүзеге асырған жөн. Қоғамның барлық саласында көрініс беріп отырған жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қою, оның зардаптарын жою-басты міндеттердің бірі.
Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Серік Майемеров