©
Жуырда қалалық «Арман» жастар орталығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен Маңғыстау жастарымен жүздесті.
Маңғыстау жеріне алғаш рет келген халық қалаулысы жастардың шаңырағына айналған «Арман» жастар орталығын аралап, жұмыстарын көрді. Кездесуде Мәжіліс депутаты өз еңбек жолын баяндап, жастарды жарқын болашаққа қадам басуға, ел үшін қалтқысыз еңбек етуге шақырды. Жастардың мұң-мұқтажын тыңдап, көкейіндегі сауалдарына жауап берді.
-Өңірде мемлекеттік қызметті жетілдіру тақырыбында ұйымдастырылған екі күндік семинарға қатыстық. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы қадамдарын өңірлерде жүзеге асыруын, қаңтар айында барлық аймақтарда құрылған қоғамдық кеңестердің жұмысын қадағалап, кезіккен қиындықтарын, өзекті мәселелерін ұсыныс ретінде парламентке алып кетіп, қарастырамыз. Сондай-ақ семинар аясында БАҚ өкілдерінің ақпаратқа қол жеткізуін, орын алған құқықбұзушылықтар жайында талқыладық. Осыған орай, бүгін де жастармен, облыстық ассамблея мүшелерімен кездесіп, әңгімелесіп, ой-пікірлерін тыңдауға келдім,-деді Б.Мәкен.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева да қатысты. Оның сөзінше, жас депутат студенттік кезінен-ақ биік белестерге, толағай табыстарға ұмтылған. Қоғамдық жұмыстарға алтын уақытын, күш-қуатын жұмсап, жастардың жағдайын жақсартуға, толғандырған мәселелерін шешуге үлес қосқан. Жастар қозғалысына көшбасшы болып, көзге түскен. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, енді елдің өркендеуіне қызмет етуде.
-Бұл жарқын жетістіктерге жетуім өзіме деген сенімнің ғана емес, мені қолдаған қоғамның, тәрбие берген ата-анамның, медеу болған отбасымның арқасында деп білемін. Мемлекет маған не береді емес, мен еліме не істей аламын деген оймен жүру керек. Отансүйгіштік өзіңе, отбасыңа деген махаббат, сүйіспеншіліктен басталады. Өзін сүйген адам қоршаған ортасын, халқын, жерін, елін сүйеді. Білімін өсіріп, біліктілігін арттыруға талпынған адам ғана елін дамытады, көркейтеді,-деді ҚР Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкенұлы.
Кездесу барысында жастар туризм, жемқорлық сынды түйткілді мәселелерді қозғап, сұрақтар қойды. Депутат әрбір сауалға толымды жауап қайтарып, түскен ұсыныстардың елеусіз қалмайтынына уәде берді.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Малика Хамракулова