Қарақия ауданының орталығы Құрық селосындағы кәсіптік колледжінің ғимаратында осындай тақырыппен семинар өтті. «Қолдау-Қазақстан» көпсалалы коммерциялық емес холдингі» жеке-меншік мекемесі мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған осынау басқосуға Қарақия кәсіптік колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Басқосуды «Қолдау-Қазақстан» көпсалалы коммерциялық емес холдингі» жеке-меншік мекемесінің директоры Ләззат Досметова кіріспе сөзбен ашып, шараның мақсатымен, ҚР 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің қызметкері Жанна Шыртанова «Мемлекеттік қызметтің жаңа қазақстандық моделі» туралы баяндама жасады.
Ел Президентінің 2011 жылғы 21-шілдедегі №119 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осы құжатқа сәйкес мемлекеттік қызметтің жаңа моделі ең алдымен «мемлекеттік қызмет» ұғымын жаңғыртуы тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинарды өткізгендегі басты мақсат та—осы.
Басқосу соңында шараға қатысушылар қозғалған мәселеге байланысты өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА