©
Өткен бейсенбіде «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошта қызметінің төл мерекесі тойланды. Байланыстың бастауында жүрген пошташылардың мейрамы құттықтау лебіздер мен игі шараларға, құрмет- қошеметке толы болды.
«Арман» жастар үйінде өткен салтанатты жиында сала қызметкерлері мен ардагерлерді құттықтаған «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Хамзин поштадағы заман талабына сай жылдамдық, ыңғайлылық, қолжетімділік қызметтер жайында баяндады.
–Ақпарат беру, хабар алмасу сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызметтің тамыры тереңде жатыр. Бірнеше жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Биыл өңірлік поштада халықтың уақытын үнемдейтін ыңғайлы жүйелерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Саладағы жаңашылдықтар мен жарқын істеріміз халық игілігіне қызмет етеді. Пошта қызметі әрбір отбасына хат-хабар ғана емес, қуаныш пен шаттық сыйласын. Баршаңызды бүкіләлемдік пошта күнімен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!, – деді ол.
Пошташыларды ұжымдық тұтынушылар атынан құттықтаған «ХоумКредитБанк» АҚ облыстық филиалының директоры Бибігүл Шахметова ақжарма лебізін білдіріп, алдағы уақытта да акционерлік қоғаммен өзара түсіністікте, келісімде жұмыс жалғасатынына сенімділік білдірді.
Салтанатты жиын барысында облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы ынтымақтастық меморандумға қол қойылып, пошта жанынан Жас мамандар кеңесі құрылды.
Мерекеге жиналған көпшілік «Пошта біздің балаларымыздың көзімен» көрмесін және пошташылар арасында өткен сайысты тамашалады. Екі кезеңнен құралған байқауда Ақтау және Жаңаөзен қаласының орталық операция бөлімінің қызметкерлері мерекені айшықтайтын тамақ өнімдерін пісіруден, қолөнер бұйымдарын жасаудан сынға түсті. Сондай-ақ, пошташылардың балалары ән мен жырдан шашу шашып, көпшіліктің көңілін сергітті. Салтанатты сәтте «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Хамзин пошта саласының дамуына еңбек сіңірген сала ардагерлері мен қызметкерлерді Құрмет грамотасымен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.
–Мен 1972 жылдан бастап 2013 жылға дейін пошта саласында үздіксіз жұмыс жасадым. Біз жасаған жылдарда жұмыстың басым көпшілігі қол еңбегімен атқарылатын. Қазір заманның қажеттілігіне қарай қызмет түрлері оңайлатылған жүйеге көшті. Біздің орнымызды басқан жастар пошта саласының дамуы, жаңғыруы жолында талмай еңбектенеді деп сенеміз. Мереке құтты болсын!, – деді ардагер пошташы Жұмагүл Дәуітбаева.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ