Жыл мезгілдерінде жайылымның ыңғайына қарай жайлаудан күздеуге, одан қыстауға көшкен ата-бабаларымыздың мал бағу тәжірибесінен тағылым алар тұсымыз көп. Атам заманғы мал бағудың әдіс-тәсілін ұмытпай, бүгінгі өнеркәсіп пен өркениеттің көшіне ілесу - заман талабы. Ата кәсіптен қол үзбей Үстіртке шығып, қырда еңбек көркін қыздырған ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары төрт түлік малдың қамын күйттеп, күтімі мен бабын тауып отыр. Күнкөрісін малмен байланыстырған шалғайдағы шаруалардың жай-күйін білуге, ауылшаруашылығындағы ахуалды бағамдауға бағытталған игі шара биыл да ұйымдастырылды. Өткен жылы атап өтілген ауылшаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі қанатын кеңге жайып, агросектордың дамуына жол ашатын келелі кеңес алаңына айналды. Үстірт жазығын дүбірге бөлеген айтулы шарада үйлер тігіліп, қашаннан да той-думанның сәнін келтірген ұлттық ойындар ойналып, мал соңында жүрген шаруаларға сый- құрмет көрсету дәстүрі қайта жаңғырды.
Ақойдың төсінде тойланған мерекеде күн ұясынан оқ бойы көтеріле қала мен аудандардан әкелінген үйлер тігіліп, қазан асылып, мол дастархан жайылды. Мерекеге алыс-жақыннан жиналған жұртшылық үйлерге түсіп, ақ дастарханнан дәм татты. Салтанатпен сән құрған сахнада өнерпаздар кең даланы ән мен жырға бөлеп, мерекелік көңіл- күй құшағында думандатқан халықтың көңілін бір серпілтті. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов аймақ басшысы Алик Айдарбаевтың құттықтауын жеткізді:
– Қадірлі ағайын, құрметті жерлестер! Бүгін міне киелі Маңғыстау түбегінің қарашаңырағы Маңғыстау ауданының Үстірт жерінде бас қосып отырсыңдар. Ата кәсіптен ажырамаған шаруалар мемлекеттің қолдауына ие болып, тиімді бағдарламаларға қатысып, шаруасының шырайын келтіріп отыр. Ауылшаруашылығы саласының дамуына ең маңызды үлес қосатын шопандар, егіншілер, шөп шабушыларды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, ел экономикасының дамуы үшін сіңірген зор еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Биыл шабындыққа шалғы салып, мал азығын дайындау жұмыстарына білек сыбана кіріскен 54 шөп шабу бригадасы қыстық мал азығын дайындауда. Өңірімізде бірнеше жылдан бері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға Үкімет тарапынан субсидия бөлініп келеді. Атап айтсақ, соңғы 2 жылдың ішінде 100 млн.теңгеден астам субсидия қаржысы игерілді. Өңірімізде асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны өсіп келеді. Облыс бойынша ауылшаруашылығымен айналысатын 1243 субъект болса, оның ішінде 117-і егінмен айналысады. Мемлекеттік қолдау аясында өңірдің егін шаруашылығына 2015 жылы 141 млн.теңге игерілсе, ағымдағы жылы 174 млн.теңге бөлінді. Өңірімізде малшы-бақташылар мен шөп шабушыларды Үстірттің ең даласына шығарудағы міндет- малдың күйін жақсарту, ойдағы жерді ұтымды пайдалану. Ендеше, шалғайда мал мөрісін төрт түлікке толтырып, ел ырысын еселеуге үлес қосқан еңбеккерлер мерекесін дәстүрлі Үстіртте өткізуді қалыптастыру керек. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері қыруар жұмыс атқарып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Ел экономикасының маңызды салаларының бірі агросекторды дамыту жолында жасап жатқан қызметтеріңіз табысты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге жетістік, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – делінген құттықтау хатында.
Салтанатты сәтте Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлы ел ырыздығын еселеп, ата кәсіпті берекелі нәсіп еткен шаруаларды мерекесімен құттықтап, агроөнеркәсіптің көсегесін көгерту жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі. Мерекеде қытымыр қыста, өтпелі желде де малдың басын аман сақтап, еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан шаруалар құрмет төрінен, марапат биігінен көрінді. Жыл он екі ай бойы тынымсыз тер төккен шаруалардың еселі еңбегі ескеріліп, Алғыс хаттар мен тұрмыстық техникалар табысталды.
- Мен 18 жылдан бері мал және егін шаруашылығымен айналысамын. Отбасылық шаруашылығымыздағы мал және бау-бақша өнімдерін базарға саттыққа шығарамын және дүкендерге өткіземіз. Облыс әкімінің Алғыс хатын иеленіп, тұрмыстық техника алып, қуаныш үстінде тұрмын. Бүгінгі басқосу шаруалардың еңсесін көтеріп, еңбекке деген құлшынысын арттыратынына сенімдімін. Алдағы уақытта да мемлекеттің көмегіне иек артқан қожалықтар шаруаның шырайын келтіріп, өңір халқын табиғи әрі сапалы азық-түлік қамту бағытында жұмыстана бермек. Еліміздің абыройын асырып, мерейін тасытқан Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп, ақ түйенің қарны жарылған той тағы да құтты болсын! Баршамызға ортақ мереке құтты болсын, еліміздің ырыс-несібесі ортаймасын! – деді «Салауат» шаруа қожалығының иесі Марат Бөбетаев.
Кең көлемде тойланған ауылшаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі ұлттық спорт ойындарымен жалғасын тапты. Аламан бәйгеге облысымыздың әр өңірінен келген 20-дан аса тұлпар қатысып, 31 шақырым қашықтыққа шапты. Сәйгүліктердің ішінен Әбдіғали Таңатаровтың (Бейнеу ауданы) «Ақжолы» жүйріктігін танытып, бірінші келді. Құлназар Әлиевтің (Маңғыстау ауданы) «Танкі» тұлпары мәре сызығын екінші болып кесті. Ал жүлделі 3-орынды Иса Бимырзаевтың (Түпқараған ауданы) «Желдіқара» деген сәйгүлігі еншіледі. Бас жүлдеге автокөлік, 2 және 3-орынға тоңазытқыш пен теледидар тігілді. Дүбірлі дода аяқталғаннан кейін көрермен қауым қазақша күрес пен арқан тартысты тамашалады. Боз кілемде белдескен балуандар бәсекесінде топ жарған Нұрдәулет Жарылғапов (Бейнеу ауданы) 1-орынды қанжығаласа, Манас Иманқұлов (Маңғыстау ауданы) 2-орынды, Ғайса Қалмұханов (Маңғыстау ауданы) 3-орынды еншіледі. Ер азаматтардың ептілігі, күштілігі сынға салынатын арқан тартыста көптен күші басым түскен Ербөлек Құдайберген 1-орынды жеңіп алса, Азамат Қалмұханов пен Данияр Базарбаев 2,3-орындарды бөлісті. Барлық жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Сайын дала төсінде ұлттығымызды ұлықтаған дүбірлі думан халықтың есінде ұзақ уақытқа сақаталары сөзсіз.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="11225,11215,11222,11207,11221,11220,11224,11219,11223,11210,11216,11211,11209,11217"]