©
Өткен жексенбіде Құрық ауылының әкімі А. Сарқұлдың ұйымдастырумен теңіз жағалауында жаппай сенбілік өткізілді. Ауыл аумағын, теңіз жағалауын күл-қоқыстардан тазарту мақсатында ұйымдастырылған сенбілікке бөлім, мекемелерден жүзге тарта қызметкер қатысты. Теңіз жағалауын күл-қоқыстан тазартып, жиналған үйіндіні артып төкті. Сенбіліктің арқасында айнала қоқыстан тазарып, бір серпіліп қалды. Жаз айларында адамдар теңіз жағалауында көптеп келіп, демалатыны белгілі. Ауылдың іргесіне теңіз тиіп тұрса, әрине күнде демалыс, күнде той. Демалған жақсы ғой, бірақ сол демалуға келгендер тазалықты сақтаса деңіз. Демалушылар кеткенде, орны күл-қоқысқа батып қалады. Ал жағажайдың тазалығы сақталмаса, жақын маңайдағы ауыл аймаққа кері әсерін тигізеді. Сондықтан осы ауылдың тазалығы өзіміз үшін керек. Мұндай сенбілік жұмыстары бұдан әрі жалғасын табуы керек. Әр үйдің ауласы мен әр мекеменің айналасы таза болса, ауыл таза болар еді. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, таза ұстайық. Әр адам тазалықты сақтаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Майра ТӨЛЕУОВА