Ақтаулық көп балалы ана Әлия Өтемәлиева үй жағдайында шұжық дайындайды, - деп хабарлайды Mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлия Өтемәлиева бірнеше жыл қалалық емханалардың бірінде мейірбике болған. Өзін бала күтіміне арнаған келіншек қосымша табыс табу мақсатында үйде отырып тәттілер дайындай бастады. Алғашында ашытқысыз, қара бидай, жеміс ашытқысы қосылған нан өнімдерін пісірген.
«Мен балаларымның тамақтануына ерекше мән беремін. Сөйтіп, олардың дүкен шұжықтарына әуес екенін байқап, неге өзім жасамасқа деген ой келеді. Үй жағдайында шұжық дайындайтын ресейлік аспазшының шеберлік сағатына қатысып, өзім дайындай бастадым. Әйел адам үйде отырып ізденіп, үйреніп, өзін-өзі жетілдіру арқылы да жетістікке жете алатынын түсіндім. Бүгінде басқа қалалардағы қыз-келіншектермен үй жағдайында шұжық дайындау әдістерімен бөлісіп жүрмін», - дейді Әлия Өтемәлиева.
Қазір аспаз жоғары сұранысқа ие шұжық пен нан себеттерін сертификаттап, сауда желілеріне сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.