Маңғыстау әдебиеті мен журналистикасының өркендеуіне мол үлес қосқан, дарынды журналист, қарымды қаламгер, сыршыл ақын Айтуар Өтегенов өмірі өлеңмен егіз өрілген тұлғалардың қатарында еді.
Өткенге бүгінгі күн биігінен көз жүгіртсек, Айтуар Өтегеновтың ғұмыры ізгі мұратқа жетуде мігірсіз еңбек пен үздіксіз ізденіске иек артқан, кеудемсоқтық пен менмендіктен ада, теңбіл тірлікте кезіккен келеңсіздіктерді көрегенділікпен еңсере білген нағыз күрескер жолы екендігіне көз жеткіземіз.
Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген, өңін күнге тосып, өріске төрт түлік өргізген, екпінді еңбекке ерте кіріскен өндірдей бозбала оқу-білімге зор құлшынысы мен биік арман жетегінде Алматы шаһарындағы атағы дардай алып оқу ордасына түсіп, балаң жасынан жанына жалау тұтқан жазу өнеріне ден қоюы Айтуар ағаның әдебиет әлеміне басқан алғашқы адымы еді. ҚазМУ-ды тәмамдап, әскер сапында Отан алдындағы борышын өтеп келе, туған өлкеде журналистика көрігін қыздыруға бет бұрады. Жаңа қызметтегі жас журналист туған ауылының тыныс-тірлігі мен көкейтесті тұстары, рухани-мәдени жаңғыруы жайлы тұщымды материалдар жариялаумен қоса өрелі ойын өлең өрнегімен өрбітуді машық етеді. Жалпы Айтуар ағаның жастайынан өлең жазуға ықыласы ауып тұратын. Оның оқырманға алғаш жол тартқан тырнақалды жинағында мың сан сезім бояуы астасқан, үміт оты алаулаған, балауса жастық жұпары аңқыған өлеңдер легі топтастырылған. Жас жүректе бүр жарған жыр жолдары жалын атқан жігер мен асқақ әрі асау рухтан қуат алып тұрғандай. Ақын әу бастан-ақ өз өлеңдерінде жастыққа тән бұла күш пен балаң сезімге ерік береді, көкірегінде өрекпіген ерек күйге құрық салмай, көмейінен төгілген өлең өрнегіне арқау етеді.
Айтуар Өтегенов шын мәнінде аса сыршыл, лирик ақын. Кіршіксіз, мөлдір махаббат тұнған өлең дестелерінен мейірім нұры есіп тұрғандай.
Ақынның қызмет жолына оралсақ, уақыт өте тәжірибелі маман жолдамамен Бейнеу басына қоныс аударып, сол тұстағы аудандық «Лениншіл жол» газетінің іргесін қалайды. Айтуар Өтегенов халықты оқу-ағарту ісіне серпін берер, қоғамдық ой-санаға селкеу салар ұлы миссиясын жемісті жүзеге асырумен қоса кейін өмір көшінің өрінен орын еншілеген еңселі ұрпақ буынын тәрбиелеп, жетілдірген зерделі азамат еді. Баспасөз сардары бүгінде есімі дүйім елге етене таныс Рахат Қосбармақ, Анар Шамшадинова, Сағындық Рзахметов секілді қаламы қарулы журналист, ақын жазушыларды жарау аттай баптап, замана бәйгесіне қосады.
«1985 жылы Бейнеу аудандық «Ленин жолы» газеті ашылып, бас редакторы болып Айтуар Өтегенов ағамыз тағайындалды. Алматыға оқуға түсе алмай келген кезім. Айтекең менің талабымды, шын ниетімді аңғарса керек 17 жасымда газетке жұмысқа алды. Газетте үш-төрт ай Қабиболла Махмұтов, Айнахан Есетова, Сансызбай Естеков, Серік Ырзаев секілді журналист аға-апалармен қатар істеп, біраз жазуға төселдім. Әскерден оралғаннан кейін де газетке қызметке тұрдым. Айтуар аға өзі мұрындық болып, мені ҚазМУ-ға оқуға жолдады, Жалғыз мені емес, менімен қатарлас жұмыс жасаған Бақытжан Қосбармақов, Махмұт Қосмамбетов секілді жастардың білім алуына бағыт-бағдар берді. Ол Бейнеуде жатып-ақ Маңғыстау журналистикасының негізін қалауға күш салды. 1973 жылы «Маңғыстау» газеті ашылғанда журналистер көршілес өңірлерден келіп қызмет жасағаны мәлім. Ал Айтекең жергілікті халық ішінен жазуға бейімі бар жастарды бірін өндірістен, өзгесін басқа саладан алдырып, кадр жасап шығарды. Қазір нан жеп, отбасы бағып, қолыма қалам алып, бірдеңе жазып жүрсем, ол Айтекеңнің арқасы деп білемін. Ол үшін ұстазыма мың алғыс”, - деп еске алады Сағындық Рзахметов.
Айтуар Өтегенов қоғамда күйіп тұрған мәселелер төңірегінде қалам тербеумен қоса, елдік істердің бел ортасында жүріп, екпінді үн қатып, елеулі өзгерістердің орын алуына тікелей де жанама да ат салысты. Ол әр жылдары баламалық негiздерде халық депутаттары Бейнеу аудандық кеңесiне төраға, аудандық мәслихатқа хатшы болып сайланды. Аудан әкiмiнiң орынбасары, Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық келiсiм басқармасында бас маман, «Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында кеңесшi қызметтерiн атқарды.
Айтуар ақын күнделікті өмірде томаға тұйық, қақ соқта ісі жоқ, сөзге шорқақ көрінгенімен, мәселе ұшы ұлт намысы мен ар ожданға кеп тірелгенде, аузынан жалын шашқан арыстандай, намыс оты лап беріп, өре түрегеледі. Арлы ақынның буырқанған сезім қуаты қаламынан төгілген отты жырларында айқын сезіледі. Айтуар Өтегеновтың Елбасы, оның тарихи тұлғасы мен ел дамуы жолында сіңірген ерен еңбегі, ата баба аңсаған азаттық тұығырын нығайту төңірегінде жазған толғаулары, ауқым аясы кең мақалалары Тәуелсіз Қазақстан тарихының, қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің жылнамасына айналары хақ.
Айтуар Өтегенов маңғаз мекен Маңғыстау түп тарихын терең зерделеп, замана керуенінен үзіліп түскен інжу-маржанын теруде толағай еңбек сіңірген шежіреші ақын. Әу-бастан «Көмiлулi сырың көп, Маңғыстауым-Бесiгiм, Сол сырларды ашуға талаптансам несi мiн. Жетегiмен шабыттың артық кеткен тұстарға, Бекет-Ата, өзiңнен Өтiнемiн кешiрiм!..» деп жырлаған ақын, өз шығармашылығында тарихтың небір тылсым сырын бүккен киелі түбек қойнауын қотарып, дархан дала төсінде дүние дидарын көрген даңқты тұлғалар хақында тың деректерді «Ақсұқсыр», «Құла ат қасіреті», «Тобанияз толғаулары», «Шерқала», «Булыойық» секілді жыр дастандарына өзек етеді.
Айтуар Өтегеновтің шығармашылығында ерекше орын алған бағыт ел дәулетін еселеген «қара алтын» өнеркәсібінің өңін өлең өрнегіне түрлендіруі. «Туған жердің жарып шыққан құрсағын, Мұнай – дәулет, Мұнай – сәулет, Мұнай – жыр…» деп тебірене төкпелеген ақын қазыналы өлке төсін емген, ырғала, тербелген, әні әуелеген «качалкаларды», аптап ыстық, қарлы боранда дамылсыз еңбек еткен қажырлы мұнайшылардың өмір тынысын жырға қосады. Сондай-ақ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс тобының жетекшiсi болып, «Мұнайлы өлке» газетінің негізін қалады.
Айтуар ағаның үзеңгілес серігі, қарулас жолдасы ақын, журналист Ғалым Әріп өз естелігінде ақын тұлғасына былайша баға береді:
«Жайшылықта адамдармен емен жарқын амандасып, жымия жүздесіп, қиядағы қыран бүркіттің қырағы жанарындай өткір көздері күміс сәулелер шашып, мерейлене жүретін Пушкин тұрпатты ақын қызмет бабы немесе қоғамдық өмірдегі сан алуан мәселелерде өзіндік көзқарасынан, принципті де татымды пікір айтудан еш талмайды. Қайсібір салалардағы болмасын елдік, халықтық мәселелерде Айтуар Өтегеновтің шегініп қалған жері, күлбілтелеп, көмескі тартқан кезі жоқ. Өйткені оның таным білім көкжиегі кең, елін, жерін сүйетін, қажет болса Отан сынды қасиетті ұғымдар жолында жанын да шүберекке түйе алатын мәрт қасиетін білетіндер аз бомас».
«Біздер екі ағайынды Оспан, Жұмақшам деген кісілердің балаларымыз. Екеуінің әкесі Өтеген. Өтегеннің зайыбы Жиде әжеміз кіші баласы Жұмақшамның қолында болады да, Оспанның ұлы Айтуар дүниеге келгенде немересін бауырына басады. Сөйтіп, «әжесінің баласы» деп кеткен. Айтекеңнің Өтегенов болуының сыры осыда. Мен тетелес інісімін. Атым Құдайберген, біздер 6 ағайындымыз. Мен Айтуар ағамыздың 1964-ші жылы алғаш жұмысқа кіріп, әкенің таяғын ұстап қойшы болғанын және сол жылы 2 шумақ өлең жазып, газетке мақала жазғанын білем. Айтекеңнің мінезінің тұйықтығы мен сабырлылығы өте жоғары еді. Жеңгемнің еркелігін де көтере білді. Ағамыз бен жеңгеміз өмірлік мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, махаббат айдынында қос аққудай жарасып, жұбын жазбай 53 жыл бір-бірін қадірледі. Енді міне, бақилыққа да бір мезгілде жұбын жазбай бірге кетті. Ол да болса бір кісілік шығар. Ол да болса сезімдерінің шынайылығы, махаббаттарының беріктігі шығар. Әрине, мұның бәрі бізге оңай болған жоқ. Басына жастық, аузына сусын бола алмай арамыздан тез кете қалғаны өте өкінішті. Болары болды, өмірден өтті, не амал бар, жоққа жүйрік жетпейді. Алдынан жарылқасын, балалары мен немере-шөберелері аман болсын дегеннен басқа не айта аламыз. Кейінгі ұрпақтарын желеп-жебеп және ағайын туғандарға рухтары риза болып жатса болад-тағы», - дейді інісі Құдайберген Жұмахшамов.
«Тас түскен жеріне ауыр». Пендеде тағдыр жазуына тосқауыл болар қауқар бар ма?!. Көңілге медет болары - кең тынысты ақын, дарынды журналист Айтуар Өтегеновтың есімі оның әдеби мол мұрасы арқылы өскелең ұрпақ жадында сақтала беретіндігі.
Голрох Жеменей