22 қыркүйек - Қазақстан халықтарының Тілдер күніне арналған «Мәңгілік ел - мәртебелі тіл» атты патриоттар форумы болып өтті. Облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шараға облыс әкімі Алик Айдарбаев, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, студенттер, оқушылар мен еліміздің бас қалаларынан құрметті қонақтар қатысты. Тіл жанашырлары марапатталып, мемлекеттік тілді мәртебесін өсіріп, үштілділікті дамытудың маңыздылығы сөз болды.
Патриоттық шараның басты көздегені – тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы жетістіктерді паш ету. Осыдан 5 ай бұрын қабылданған «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде «Біз мемлекеттік тілді - қоғамды біріктірудің негізі, үштілділікті – елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде дамыту қағидатын ұстанатын боламыз» делінген болатын. Қазақстандық рухани бірлік пен біртектілікті нығайтуда облыс жастарының үлесін арттыру, жастардың бәсекеге қабілетті қоғам мүшесі ретінде патриоттық сезімін күшейту және үш тілді меңгерген жастардың үлгі тұтарлық имиджін насихаттау - шараның мақсатын құрады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиясында тіл туралы жауапкершілікті саясат елді ұйыстыратын құрал болуы тиіс деген болатын. Біз осы саясатты алда да жүргізе беретін боламыз. Қазақ тілі –рухани негізіміз. Конституцияда елімізде тұратын ешбір ұлттың тіліне деген сын жоқ. қазір жас ұрпақтың үш тілді білулері үшін барлық жағдай жасалуда. Мәңгілік елдің мәңгілік тілі жасай берсін!-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
1991 жылы Тәуелсіз ел болғасын, бірден Ата Заңымыз, Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз бекітілді. Егемендіктің арқасында халқымыз туған ана тілімен қайта қауышқандай болды. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Туған тілімізді сақтаудың және дамытудың өзегі -Тіл туралы Заң болса, оны орындау – баршаның міндеті. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуі тиіс.
Қазақ тілі – біз үшін қастерлі құндылық. Осыдан 27 жыл бұрын қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Әрине, мемлекеттік тіліміздің рөлі жоғары. 2000 жыл бұрын тасқа қашалып жазылған алғашқы жазу жастарға арналған екен. Олай болса, ел болашағы жастарға жүктелер міндет көп. Ең алдымен, жастардың белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет деп санаймын,-дейді ҚР Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы Ғ.Әнес.
Жастайынан қазақтың қара домбырасымен сахнаға шыққан «Үш Татьянаның» бірі алматылық Татьяна Бурмистрова да форумға арнайы шақырылған. Әсем әнімен, жұмсақ тілімен халықтың жүрегін жаулаған ол «мемлекеттік тілді дамыту ісі ақсап тұр» дейді.
- Тіл мерекесі құтты болсын! Мен алғаш сахнаға шығып, қазақша ән салғанда қалың жұрт маған сүйсініп, мені «Біздің Татьяна» деп атап кеткен болатын. Содан бері көп жыл өтті, мен әлі де ел сүйіспеншілігіне бөленіп келемін. Өкінішке орай, елімізде мемлекеттік тілдің дамуы керемет дей алмаймын. Кей жерлерде тіл ақсап тұр. Тұрмыстық тіл болғанымен, астарлап, әдемілеп сөйлейтін көркем тіл көп қолданылмайды. Жастар кітап оқымайды. Оларға ғаламтордың алдында уақыт өткізгенше, алдыңғы буын ағалардан асыл сөздер үйрен дер едім. Өмір мәңгілік емес, бәріміздің баратын жеріміз бір. Рухани байлығымыз – тілімізді бағалайық! - деді ҚР еңбегі сіңген қайраткер Т.Бурмистрова.
Ана тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Ондай елдің болашағы мәңгілік емес. Ал, 130 ұлт өкілдері бір отбасындай күн кешкен Қазақстанның әрбір тұрғыны мемлекеттік тілді білуге ұмтылады.
- Мен кәрістің ұлы болсам да, Ақтауда туып өстім. Мектепте орысша оқыдым. 2005 жылы қазақ тілінен республикалық олимпиадаға қатысып, жүлдегер атандым. Жоғары оқу орнын бітіргесін «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания білімімді толықтырдым. Қазір «Каспий Меруерті Оперейтинг» компаниясында қызмет етемін. Менің өмірлік серігім, жан жарым – Меруерт қазақтың қызы. Отбасында бірнеше тілде сөйлейміз. Менің балаларымның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Біз - ҚР-ның перзентіміз! Менің түсінгенім- тілді мәжбүрлеп үйрете алмайсың. Тіл білу- бұл артықшылық. Тіл үйрену – жүрек қалауы, - дейді Р.Огай.
22 қыркүйек 2008 жылдан бері Қазақстан халықтарының Тілдер күні болып бекітілді. Содан бері бұл күні еліміз бойынша мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Тіл - әрбір ұлттың байлығы әрі мақтанышы. Атадан балаға мирас болып қалатын баға жетпес мұрасы. Қазақтың Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақов Дулатов сынды біртуар ұлдары туған тілдері үшін күресіп, тіпті, жандарын пида еткен. Осы орайда, Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзі ойға оралады. Олай болса, туған тілімізді қадірлейік, оған құрметпен қарайық! Қазақтың болашағы қазақ тілімен ғана мәңгілік болмақ!
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Tалант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="10714,10717,10718,10719,10716,10721"]