Жаңаөзендегі ең ірі жұмыс беруші және қаладағы негізгі кәсіпорын «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының нәтижесін сегіз айдағы есебінде баяндады. Осы орайда «ӨМГ» акт залында есептік кездесу өткізіліп, компанияның бас директоры Дәулетжан Хасанов көпшілікпен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өндірістік – техникалық, қаржы-экономикалық көрсеткіштерін, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және экология, сонымен қатар әлеуметтік және кадр мәселелері бойынша ақпарат беріп, болашақтағы даму стратегиясымен таныстырып өтті.
Жалпы, 2016 жылдың басында компания 5 612 000 тонна мұнай өндіруді жоспарға қойған, яғни өткен жылмен салыстырғанда 102 000 тоннаға артық. Соның, ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында нақты 2 279 000 тонна мұнай өндіріп үлгерген. Экспортқа 1 499 000 тонна, ішкі нарыққа 1 280 000 тонна мұнай көлемі жеткізілген. Ал, компанияның қаржы - экономикалық табысы 100 пайызға орындалып, 173 036 млн.теңге пайда әкелген. Экспортқа шыққан мұнайдың бір барреліне шаққандағы нақты табыс 39,8 долларды, ішкі нарыққа 10 долларды, орташа көрсеткіш 24,9 долларды құрайды. Шілде айындағы соңғы көрсеткіш бойынша «ӨМГ» АҚ-да 9145 қызметкер жұмыс жасауда. Жыл басынан бері 290 адаммен зейнетке шығу, жұмыскердің қайтыс болуы, еңбек тәртібін бұзу секілді әртүрлі себептерге байланысты еңбек шарты бұзылған. Компания басшысының айтуынша, жұмысшыларды қысқарту болмайды, ал кадрларды толықтыру мораторий себебінен «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-на қарасты кәсіпорындардан ауыстыру тәсілі арқылы жүзеге асырылмақ. Есептік кездесуде баяндалғандай, компания дағдарысқа қарамастан әлеуметтік саясат қызметін қысқартпаған. Қызметкерлерін әлеуметтік кепілдіктер және жеңілдіктермен қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылға 4 млрд.948 миллион теңге қаржы бөлген. Мұнайшы демалысын ұйымдастыру мақсатында 11 мықты демалыс орны, ал балаларының жазғы демалысын ұйымдастыруға 6 лагерьмен шарт жасалған. Биылғы жаз мезгілінде 1061 бала Алматы, Көкшетау қалаларында және Кендірліде демалуға мүмкіндік алған. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту бойынша «Кендірлі» демалыс орнының қызметкерлеріне 100 орындық асхана мен жатақхана, УПТОиКО 30 орындық асхана салынған. Сондай-ақ, МГӨЦ-2, 4 асханаларын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Атқарылған жұмыстарды баяндап өткен бас директор, есептік кездесудің соңында «Өзенмұнайгаз» АҚ даму стратегияларына тоқталды. Компания алдағы уақытта мұнай өндіру скважиналардың жөндеу аралық кезеңін ұлғайту, энергогенераторлық станциялар салу, теңіз суын тұшыту зауытын салу, іліспе суларды тазарту және Өзен кенорнының №3 Блогында игеру тиімділігін арттыру жобасы негізінде жұмыстанбақ. Сондай-ақ, 2016 жылға кен орынның өндірістік әлеуетін, жұмыс орындарын, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді, компанияның қаржылық орнықтылығын сақтау бойынша да міндеттерді жүктемек. Жұмыстың нәтижелілігін арттыру, қызметкерлермен тығыз байланысты орнату мақсатында мекеме басшысына SMS және WhatsApp жүйесі арқылы ұсыныстар жолдау мүмкіндігі жасалған.
Ж.Бақсыйыққызы