©
Түпқараған ауданында бірнеше тіл білетін жастар «Тіл достығы-халық достығы» тілдер мерекесіне ұйымдастырылған дөңгелек үстелде бас қосты. Өзге ұлттың тілін білетін аудан жастарымен қатар, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған дөңгелек үстелге қазақ тілін жетік білетін аудан тұрғыны Ирина Трубникова, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Гүлсім Рамашева, орталықтандырылған кітапхана жүйесі директоры Әсем Молдабаева, аудандық білім үйлестіру орталығының директоры Бақтыгүл Ерменова, «Қолдау» орталығы директоры Милана Елеусінова қатысты. Дөңгелек үстелді «Нұр Отан» партиясының Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Демеген Садықов құттықтау сөзімен ашса, алғаш сөз алған «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Гүлсім Рамашева кеңестік кезең мен Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі тіл тарихы туралы тоқталды. Аудандық білім үйлестіру орталығының директоры Бақтыгүл Ерменова да білім саласындағы тіл мәселесі туралы мағлұмат берді.
-Менің өскен ортам, тәрбиеленген жерім осы қазақ жері. Сондықтан мен қазақ тілін арнайы үйренбестен, тұрмыстық деңгейде еркін меңгердім. Еркін сөйлеп, қазақша жаза аламын,- дейді аудан тұрғыны, М.Горький мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ирина Трубникова. Ол өзінің жүзі орыс болғасын, қазақша білмейді екен деп затының бәсін көтере сатқан саудагерлермен бір қызық жәйға тап болғанын да баяндап берді.
Дөңгелек үстелге қатысушы жас Жасұлан Жидебай:-Бүгінгі таңда төрт тіл білемін. Қазір ағылшын тілін білемін деп ешкімді таңқалдыра алмайсың. Енді қосымша екі тілге ден қойып үйреніп жүрмін. Алдымен тіл үйрену үшін адамға алдына айқын мақсат қоя білу қажет. Міндетті түрде біріншіден –жаттығу, екіншіден-мотивация керек,-дейді.
Қытайда оқыған Нұржан Қаналиев:-Тілді үйрену – даму, өзге елдің мәдениетін түсіну. Сондықтан тілді қайталап, оқып, үнемі үйренуіміз керек. Бүгінде ғаламтор арқылы ағылшын тілін де үйреніп жүрмін. Негізінен Қытайда оқып келдім, аспан асты елінің. тілін ел қиын деп айтады. Алайда, үйренем деп ниет қойған адамға еш қиындығы жоқ,-дейді.
Салтанат Қарымсақова:-Ағылшын тілін оқушы кезімнен оқып келемін. Тілді үйренуде ең бастысы жаттандылықпен күресу керек. Жаттап оқығаннан, түсініп оқуды әдетке айналдырса, тілді үйрену жеңіл болады. Бүгінде түрік тілін ерекше қызығушылықпен үйреніп жүрмін. Оны үйренуіме түрткі болған түріктің әдемі әуені. Қазір ғаламтор арқылы тілді түрлі курстармен үйренуге мүмкіндік көп.
Ақшұқыр ауылы әкімі аппаратында іс жүргізуші болып қызмет ететін Назгүл Қорғанбекова "адам қанша тіл білсе, сонша тұлға" деп ой қорытты.
Дөңгелек үстел соңында қатысушыларға аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі естелік сыйлықтар табыс етті.
Милана ЕЛЕУСІНОВА