Экономикалық жағдайдағы қиындықтарға қарамастан өз бизнесін табысты түрде дамытып жатқан кәсіпкерлердің оқиғалары.
Covid-19 пандемиясының салдарынан биыл әлемде қалыптасқан экономикалық ахуал барлық елді шарпып, өмірдің дағдылы қалпын өзгертіп жіберді. Cондай-ақ шикізат экономикасына сүйенген елдерге экономикалық нарыққа бағытталған ашықтыққа көшіп, шағын және орта бизнесті дамыту керектігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Ал бизнестің өкілдері өз ісін ашу үшін жаңа салаларды, дамудың жаңа жолдарын іздеп, қалыптасқан ахуалға тез бейімделуі қажет.
Біз осы мақалада осынау күрделі кезеңде өз ісін бастаудан қорықпай, бүгін де салмақты нәтижеге қол жеткізген Маңғыстау облысының үш кәсіпкерінің оқиғасымен бөліссек дейміз. Олардың бәрі де «Шелл» концерні мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен өткізіліп жатқан «Сәттілік марафоны» жобасының түлектері екенін атап өткіміз келеді.
Біз сөз ететін алғашқы кәсіпкердің аты – Назырынбекова Жанат Қайратқызы, «Қозы тандыр» жобасының негізін қалаушы.
– Жанат, өз ісіңізді неден бастағаныңызды айтып беріңізші.
– Әйтеуір бір іспен айналысу туралы идея баяғыдан бері ойымда жүр еді. Жалпы мен тамақты жақсы пісіремін. Туыстарым мен достарым да осы қабілетімді айтып отыратындықтан, өзім қызыққан істі бизнеспен байланыстырған жөн деп шештім.
Менің идеямның атауы – «Қозы Тандыр». Яғни тандыр пешінде пісірілген қозы еті. Үй шаруасындағы әрбір әйел өз қонақтарын қандай да бір ерекше әрі дәмді тағаммен таңғалдырғысы келеді, алайда әркім өздігімен оны әзірлей алмайды. Сол кезде олар маған жүгіне алады.
2017 жылы жеке кәсібімді ашып, өз жоспарларымды іске асыра бастадым. Автокөлікті сатып, сол ақшаға ауласы бар нысанды жалға алдым. Бұл кезеңде сатылым өте төмен еді, себебі мен өз бизнесімді тек Инстаграм арқылы ілгерілетіп жүрдім. 2018 жылы бизнес қандай да бір табыс әкеле қоймады, ақша шығындарды жабудан артылмайтын (шикізат, жалға алу).
– Сіз «Сәттілік марафонына» қатыстыңыз, оқудан өттіңіз, бұл сіздің бизнесіңізді дамытуға қандай ықпалын тигізді?
– 2019 жылы мен секілді ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге арналған «Шелл» концерні мен ЕҚДБ-ның оқуы өткізілетінін естіп білдім. Аталмыш компаниялар қуатты әрі табысты екенін, дәл біздің батыс аймақтарда қолдау көрсетіп, инновациялық бизнесті дамытуға көмектесетінін білетінмін.
Жобаны дамыту үшін маған білімнің, басқарушылық дағдының, сата білу қабілеті мен басқа да қасиеттердің жетіспейтінін аңғаратынмын. «Сәттілік марафоны» жобасына шағын бизнесті жүргізудің қыр-сырын меңгеруге келдім.
Тренерлермен жүргізілген жоба барысында табыстылықты есептеп, басқа да қажетті калькуляцияларды жүргіздім. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін 2019 жылдың желтоқсан айында банкпен келісімге келіп, заңды тұлғаларға арналған шотты аштым, сондай-ақ онлайн бақылау-кассалық машинаға ие болдым.
Жобадан алған білімім, атап айтқанда нарыққа жүргізілген талдау мен мейрамханалар және басқа да қоғамдық тамақтану орындарына деген бағдар сатылымды арттыруға мүмкіндік берді. Осының есебінен тағы бір пешті салып, жеткізу қызметін ұйымдастыруға, цехқа қосымша құрылғы сатып алып, санитарлық нормаларға сәйкес онда жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды.
Бізде логотип пен брендтелген пакеттер, қораптар пайда болды, бір сөзбен жоба өз сипатын тауып, танымал бола бастады.
– Ендігі кезекте жоспарыңыз қандай және өткен жылмен салыстырғанда биыл қандай ахуал қалыптасты?
– Жоспар мен идея өте көп. Қазір мен үшін ең бастысы – сатылым бойынша жылдамдық ала бастағаным. Мен секілді ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге мүмкіндік берген ЕҚДБ мен «Шелл Қазақстанға» зор алғысымды айтқым келеді.
Табыс туралы айтар болсам, 2018 жылы айына шамамен 250 мың теңгедей табатынмын. Жалдамалы жұмысшыларым болмағандықтан, бұл табыс қалыпты саналатын еді. Жалға алу төлемі 80 мың теңгені құрайтын. 2019 жылы айлық табыс 350-380 мың теңгеге жетті.
«Сәттілік марафонына» қатысқаннан кейін алған білімімді барынша іс жүзінде асыруға барымды салдым. Солайша 2019 жылдың қараша мен желтоқсан айларында айлық табыс 750-780 мың теңгеге дейін жетті.
2020 жыл оңай болған жоқ. Себебі негізгі табысты мейрамханалар мен банкет залдарынан келетін коллаборациялардан алып отыратын едік, ал олар жұмысын уақытша тоқтатты. Алайда карантин уақытында үйге тағам жеткізу бойынша тапсырыс деңгейі арта түсті. Бұл жағдай біздің жаңа мүмкіндігімізге айналды. Осы жылдың наурыз, сәуір және мамыр айларында 1,2 млн теңгелік айлық табысқа қол жеткізуге мүмкіндік туды.
– Рахмет сізге, Жанат, сәттілік тілейміз!
«Сәттілік марафоны» жобасынан пайдалы білімді алып жатқан әрекеттегі кәсіпкерлер ғана емес. Бизнесті жүргізудің әртүрлі дағдыларын қалыптастыруға септесетін оқу курстарының, бизнес бойынша үздік кеңесшілермен және тренерлермен жүргізілген тренингтердің арқасында бағдарламаға қатысушылардың көбі өз стартаптарымен бірге идеядан іске асыруға дейінгі жолды басып өтті.
Біз сөз қозғайтын келесі кәсіпкер – жобаның ең жас қатысушысы – Сейіттөре Жақсығали. Оның жасы бар-жоғы 15-те болса да күш-қуаты мен батылдығы мол. Ол қазір «SeiZam» антикафесін ашуға дайын.
– Сейіттөре, неліктен дәл антикафені таңдап алдыңыз?
– Менің антикафе жобам – жайлы да жылы жерде сағатына бар-жоғы 600 теңгеге ойналатын 80-ге тарта үлкен және кішкентай үстел ойындары. Бұл ретте уақытты денсаулыққа пайдалы етіп өткізу, интеллекті дамыту және жаңадан танысу маңызды. Сонымен бірге бұл – жай ғана корпоратив, тимбилдинг, туған күн және отбасылық кеш өткізудің айтарлықтай арзан түрі.
Мен өзімнің мақсатты аудиториямның бір бөлігімін. Өз отбасыңмен немесе достарыңмен ойнап, демалатын қалада жайлы орынның болмауы бұрыннан ойлап жүрген проблема еді.
– Мақсатыңызға жету жолында алғашқы қадамыңыз қандай болды?
– Шамамен осы жылдың мамырында өз идеямды жүзеге асыра бастадым. Әуелі қажетті ойындарды сатып алып, бизнес-жоспарды іске асыруға тырыстым. Алайда білімімінің жетпейтінін түсінетінмін. Сол себепті «Сәттілік марафоны» секілді жоба өтетінін біліп, ойланбастан оған қатысуға бел шештім. Ол үшін титтей де өкінбеймін. Себебі өзімнің бизнес-жоспарымды қалыптастырарлық білім мен дағдыларды меңгеру мүмкіндігіне ие болдым. Сонымен бірге жобада серіктестерімді таптым, олармен 2021 жылдың наурыз-сәуір айларында толыққанды антикафені ашуды жоспарлап отырмыз.
«Сәттілік марафоны» жобасының қатысушылары бизнесті дамыту үшін білім мен дағдыларды ғана алып қоймай, ЕҚДБ және «Шелл Қазақстанның» грантын алу үшін конкурсқа қатыса алады. Сондай-ақ дайын жобаның сапасы сеніммен мемлекеттік гранттардың конкурсына қатысуға мүмкіндік береді.
Әбіл Нұғыманов екінші жыл қатарынан «Сәттілік марафонына» қатысып келеді. Былтыр ол туристік саладағы жобасын таныстырған болатын, ал биыл анасымен бірге балық өңдеу бойынша «BaiBalyq» цехының жобасымен оқудан өтті. Оқудың нәтижесінде аталмыш отбасылық бизнес жобаны дамыту бойынша 4,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды.
– Әбіл, өз жобаңыз туралы және «Сәттілік марафоны» оған қалай ықпал еткенін айтып беріңізші.
– «Сәттілік марафонына» тұңғыш рет мен өткен жылы қатысқанмын. Ол жерден алған білімім өз мақсатымды нақты қалыптастырып, қайда және неге ұмтылуым керектігін түсінуге көмектесті. Ол кезде мен туристік бизнесі бар жобаға қатысқан болатынмын, алайда бәріне белгілі себеппен ол «жүрмей қалды», оны тоқтатуға мәжбүр болдым.
Бәлкім, кез келген іске қызығушылықпен, тіпті, махаббатпен келген жөн шығар. Балықты өңдеу – біздің отбасылық іс екенін айта кету керек. Өзім 7-ші сыныптан бастап әкеме балықпен айналысуға көмектесіп келемін. Осы жылы анам «Сәттілік марафоны» оқуынан кейін балықты өңдеу бойынша цех жобасымен грантқа өтінім берген кезде бұл менің мүмкіндігім екенін бірден ұқтым. Қазылар дәл біздің жобаны таңдайтындай етіп бизнес-жоспарды жасай бастадым.
Әлбетте жобаға өзім қатысқан өткен жылдың тәжірибесі, ол жерден алған теңдессіз білім біздің осы грантты ұтып алуымызда маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Бәлкім, одан бөлек мен таныстырылымға өзіміздің өнімді әкеліп, қазылар мүшесіне дәм таттырғаным да ерекше рөл атқарған секілді. Біздің балықтың дәмі оларға ұнады деген ойдамын. Олар біздің тұрақты клиенттеріміз болуы үшін бизнесіміздің ресми түрде ашылуын күтетін болады (күледі).
– Сізге сәттілік пен өркендей беруіңізді тілейміз, Әбіл!
Ел экономикасын әртараптандыру туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ылғи айтып келеді, ол бизнес осы процестің драйвері болуы керек деп есептейді. Бүгінгі күні мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауға үлкен назарын аударуда, дағдарысқа қарсы шаралар да қабылданып жатыр. Осыған байланысты жергілікті халықтың мұнай-газ секторына тәуелділігін төмендетуге, ШОБ-тың жаңа кәсіпорындарын құруға, кәсіпкерліктің дағдыларын оқытуға бағытталған «Сәттілік марафоны» секілді әлеуметтік жобалар бұдан да жоғары маңызға ие болып келеді.