8 қараша күні Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында 9 адам газдан уланды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқиға кешкі сағат 22:25-те уақытша тұрғын үйде болған. Үйдегі газ жылытқыш ақауынан 9 адам уланды. Қазіргі таңда 4 адам облыстық балалар емханасында жатыр. Ал қалған 5 тұрғынға алғашқы көмек көрсетіп, үйіне жіберді. Балалардың жағдайы тұрақты.
«Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер, 3 бірлік техника және 3 полиция қызметі, 1 бірлік техника жұмылдырылды. Уақытша тұрғын үйде 40 литр пропан қосылған газ баллоны болған. Бұған дейін департамент қызметкерлері аталған мекенжайда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сақтық шараларын айтқан болатын», - дейді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұханов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА