Маңғыстау облысына реаниматолог, инфекционист, пульмонолог мамандары тапшы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы бүгін қоғамдық коммуникация орталығында МО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева мәлімдеді. Ал қазіргі кезде Жаңаөзен қаласында Алматы мен Нұр-Сұлтаннан келген 5 дәрігер жұмыс істеп жатыр.
Пандемияның бірінші толқынында Ресейден дәрігерлерді шақыртқан едік. Ал екінші толқын бола қалса, 70-тен астам дәрігерді алдырта алмауымыз мүмкін. Өйткені Ресейде қазіргі уақытта ауру өршіп тұр. Тек 15 шақты маман келсе де қанағат. Әзірге нақтысы белгісіз, келіссөздер жүргізіп жатырмыз, - деді Жамал Жаманбаева.
МО денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, коронавируспен күрес кезінде ауру жұқтырған 160 медицина қызметкеріне 320 миллион теңге қаражат төлемақы берілген. Ал көз жұмған 8 қызметкердің отбасына жалпы сомасы 10 миллион теңге өтемақы төленген.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ