Бүгін Ақтау қаласындағы бірқатар орта мектептің қысқы маусымға дайындығы тексерілді. Мониторинг «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүргізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мониторинг барысында комиссия мүшелері оқу кабинеттеріндегі жылу жүйесін қарап, мектеп басшылығына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жылу жүйесіндегі бірнеше ақауларды анықтап, апта ішінде бір қалыпқа келтіруді тапсырды. Бір аптадан соң арнайы инженер мамандардың қатысуымен қайта мониторинг жүргізіледі.
Аталмыш мониторинг жұмыстарына арнайы комиссия мүшелері «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары З.Т.Есбергенова, Маңғыстау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары А.Тұржанова және қоғам белсенділері А.К.Дутбаева, К.Ж.Ешманов, А.И.Сүгірбай қатысты.
Сонымен қатар Ақтау қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Аққу» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысына да мониторинг жүргізілді.
«670 пәтерден тұратын «Аққу-3» тұрғын үйі құрылысының аяқталуын тұрғындар көптен бері күтіп жүр. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Тұрғын үй кешін жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған», - дейді қала әкімінің орынбасары Е.Ізбергенов.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен қаладағы нысандарға мониторинг жүргізу жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА